11.12.2025, 13:00
Оқылды: 11

Өнердің ішкі үнін естідіңіз бе?

Аудандық «Шың» драма театрының жылдық есеп беру кешіне орай «Біз кімбіз?» атты жаңа перформанс көрермен назарына ұсынылды. Қойылымның авторы әрі қоюшы режиссері — аталмыш театр директоры Әліби Жанәбілов.

IMG_20251211_110218_782

Мәдениет қызметкерлерінің өнердегі ізденісі мен өмірдегі шынайы болмысын сабақтастыра отырып, сахна тілмен жеткізуді мақсат еткен бұл қойылым зал толы көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Күнделікті шығармашылық еңбектің көрінбейтін қырларын, сахна сыртындағы сан алуан күйді көрерменге әсерлі жеткізу — перформанстың басты арқауы болды.

Қойылымның түпкі идеясы — халық алдында әрдайым жарқын бейнеде көрінетін мәдениет қызметкерлерінің өмір жолында кездесетін қиындықтар мен жауапкершілік жүгін көрсету. Олар қандай сын мен қысымға қарамастан, сахнаға тек жақсыны, тек қуанышты алып шығатынын, өнердің киесін құрметтейтінін айшықтайды. Бұл ойдың театр актерлерінің өз өмір тәжірибелерімен астасуы көрерменге жақын тартып, қойылымның шынайылығын арттыра түсті.

Актерлердің әрқайсысын жақсы білетін режиссер бір сағаттық перформанс ішінде қоғамды толғандыратын сауалдарды астарлап жеткізуге тырысқан. Сахнадағы әр көрініс, әр сөз бен қимыл – олардың өнерге адалдығын, жүрекпен атқарылатын еңбекті паш етті. Өмір мен өнерді шебер үйлестіре отырып, «Біз кімбіз?» деген сауалға әр көрермен өзінше жауап тапқандай болды.

IMG_20251211_105921_808 (1)

– Биылғы маусымашардан бері бұл – үшінші премьера. Ол, негізінен, шығармашылық жылды қорытындылап, театр ұжымының есеп беру қойылымы ретінде жоспарланған. Сондықтан аталған перформанс апталық репертуарға міндетті түрде ене қоймауы мүмкін. Дегенмен, көркемдік кеңеспен кеңесе отырып, қойылымның көрерменге тұрақты түрде ұсынылу жайын тағы да қарастырамыз. Егер кеңес мақұлдаса, апталық немесе айлық репертуардан орын алуы мүмкін. Ал бастапқы жоспар бойынша бұл қойылым тек бір мәрте – есеп беру кешінде ғана сахналануы тиіс болатын. Көптен бері жаңа қойылым жазбай, шығармашылықтан сәл қол үзіп қалғаным рас. Себебі бүгінгі заман талабына сай новаторлық форматта жұмыс істей алатын жас режиссерлер өсіп келеді. Соларға мүмкіндік беру керек. Өнерге алғаш қадам басқан кезде өнердегі ағаларым маған қолдау көрсетті. Енді кезек маған да келді. Таяуда шәкіртім Бекзат келіп ұсынысын айтты. Театрдың жылдық үлкен қойылымын менің жазып, қоюымды өтінді. Ақылдаса келе жұмысты қабылдап, бірнеше күн ішінде сценарийді дайындадым. Актерлар рөлдерді бірден қабылдап, қызығушылықпен кірісіп кетті. Мұнда бір ерекшелікті айта кету керек: егер дайын драматургияны таңдасақ, оған лайық образды ашу үшін арнайы актер іздеу қажет болар еді. Ал бұл қойылымда әр актер өз өмірінің бөлшегін сомдайды. Сондықтан материал әркімге пішіліп тігілген костюмдей дәл келді. Сол себепті бүгінгі сахнадағы шынайылық та, актерлердің сенімді ойыны да — осы тәсілдің жемісі. Мен ешқашан қойған қойылымыма толық көңілім толып көрген емеспін. Ұстазым Жанат Мұратқызы айтпақшы, «Өзіне толық көңілі толатын актер — ешқашан актер болмайды». Бұл сөзбен толық келісемін. Бүгінгі қойылымның да өзіне тән кемшіліктері жоқ емес. Бірақ көрерменнің жылы ықыласы — ең үлкен баға. Бұл тақырып мені көптен бері мазалап жүрген. Театрдан тыс ортада жүргенде «Өнер адамдары ауыр зат көтермейді, тек микрофон ұстайды», «Актер деген – сайқымазақ қой» деген сөздерді естіп қалатынбыз. Осындай үстірт пікірлер намысыма тиіп, осы қойылымды жазуыма себеп болды. Өйткені өнер адамының өмірі – тек жарқ еткен сахна сәттері емес. Сахна сырты — қайғысын да, қуанышын да ішке бұға отырып, халыққа күлкі сыйлау үшін барын салатын ауыр еңбек. А.Байтұрсынов атамыздың «Ұлтты құртқың келсе – ең әуелі оның мәдениетін құрт» деген сөзі тегін айтылмаған. Мәдениеті құрыған ел – тілінен айырылады, тілі құрыған ел – өзінен айырылады. Сондықтан өнер иесін «сайқымазаққа», мәдениетті «ойын-күлкіге» теңеу – кешірілмес қателік. Осы ой ішімде көптен бері пісіп жүрген, бүгінгі қойылым сол ойдың сахнадағы көрінісі болды, – дейді Әліби Амангелдіұлы.

IMG_20251211_105824_114 (1)

Өз кезегінде сөз алған «Аманат» партиясының аудандық филиалының төрағасы Бибігүл Ахметжанова бүгінгі қойылым бір жыл бойғы еңбектің қорытындысы, театр ұжымының шығармашылық биігін айқындайтын ерекше кеш екенін айтты. «Актерлердің жүрек қылын тербейтін, жан дүниелерін ашқан бейнелері арқылы біз өнер адамының сахна сыртындағы болмысын, олардың күнделікті күйбеңі мен күресін сезіне алдық,-деді ол.- Жалпы тарихқа көз жүгіртсек, осыдан бірнеше жылдың алдында ауданымызға келіп, Бәйтеректің мәдени өміріне тың серпін берген қос жұлдыз – Әліби мен Кеңесарының еңбегі зор. Сол күннен бері театр ұжымы қалыптасып, көрермен көзайымына айналды. Оның үстіне жақында Бекзат есімді жалынды жас режиссердің қосылуы шығармашылық топты бұрынғыдан да күшейтіп, жаңа деңгейге көтерді».

Аудандық мәдениет үйінің директоры Дәулеткерей Құсайынов да өнер ұжымына шынайы ризашылығын білдіріп, қойылымнан алған әсерімен бөлісті.

IMG_20251211_105533_557 (1)

–Бүгінгі қойылымнан ұққанымыз – киелі сахнаны мәртебе тұтқан мәдениет қызметкерлерінің қандай жағдайда да күлкі мен қуанышты сыйлай білуі, бар қайғы-қасіретті сыртқа тастап, өнерге адал қызмет етуі. Сахнада айтылған әрбір сөз, әрбір астарлы ой жүрекке жетті. Оның ішінде іліп алар әңгімелер көп болды. Шуақ бар жерде мұң да болады. Мен бүгін сондай «мұңлы шуақтың» құшағына ендім. Шуақтың өзі жарқын болғанымен, оның тереңінде тұнған мұңы бар. Бүгін сахнада сөйлеген ерте есейген жастардың жүректі елжіреткен есті әңгімелері сол шуақтың мұңын ашып көрсетті. Сол жүрекке жеткен сезімді, шынайы өмірдің боямасыз болмысын ашып көрсете білген театр ұжымына алғысым шексіз, – деді Дәулеткерей Атауұлы.

 

 

Салтанат Серікбайқызы,

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале