12.12.2025, 19:00
Оқылды: 10

Зорлық-зомбылықсыз цифрлық кеңістікке  ортақ қадам

Заң үстемдік ететін зайырлы мемлекетте қоғам мүшелерінің «әлсіз» және «әлді» болып бөлінуіне жол берілмеуі тиіс. Әйтсе де, бір-біріне әлімжеттік көрсетіп, кемсіту ортамыздан әлі алыс  қоймағаны рас. Осы зорлық-зомбылықтың неше түрі бар қазір. Бірі жанындағыға физикалық, моралдық, психологиялық қысым көрсетіп жатса, виртуалды кеңістіктегі қорлау сананы улайтын жаңа қауіпке айналып отыр. Осындай қауіптерге қарсы халықтың құқықтық сауатын арттыру, әсіресе жастардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында С.Сейітов атындағы аудандық кітапханада мазмұнды әрі маңызды шара ұйымдастырылды. Аталған кездесу «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді әрекет» халықаралық науқаны аясында «Зорлық-зомбылықсыз цифрлық кеңістік» тақырыбында мазмұнды тренинг форматында өтті.

IMG_1340

Кездесу-тренингтің басты мақсаты – әйелдер мен қыз-келіншектерге қатысты цифрлық зорлық-зомбылыққа қоғамның төзбеушілігін қалыптастыру, интернет кеңістігінде мәдени қарым-қатынас орнату, өзара құрмет пен тең құқық қағидаларын кеңінен насихаттау болды.

Шара барысында қатысушыларға бүгінгі таңда жиі кездесетін қауіп түрлері – онлайн қорқыту, бопсалау, кибербуллинг, жеке деректердің заңсыз таралуы секілді өзекті мәселелер жан-жақты түсіндірілді. Спикерлер тек қауіптен сақтану жолдарын айтып қана қоймай, мұндай жағдайда үнсіз қалмаудың маңызын ерекше атап өтті. Себебі көп жағдайда жәбірленуші қорыққаннан немесе ұялғаннан мәселені жасырып, салдарынан психологиялық және моральдық ауыртпалықты жалғыз өзі көтеріп жүретіні де ашық айтылды.

Маңызды басқосуға қатысқан арнайы спикерлер құрамы шараның салмағын арттыра түсті. Аудан прокуроры Алмас Таспихов цифрлық ортадағы құқықтық жауапкершілікке кеңінен тоқталып, интернет арқылы жасалатын қылмыстардың заң алдында қалай қаралатынын нақты мысалдармен түсіндірді. Ол цифрлық зорлық-зомбылықтың да қылмыс саналатынын және әрбір азамат өз құқығын білуі керектігін ерекше атап өтті. Аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ақылбек Елекешев интернет арқылы жасалатын алаяқтық, бопсалау және жалған аккаунттар арқылы жасалатын қылмыстар туралы баяндап, мұндай әрекеттерге тап болған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына хабарласу қажет екенін жеткізді. Оның айтуынша, дер кезінде жеткен әрбір дерек қылмыстың алдын алу мен зардапты азайтуға сеп болады.

Жиын барысында «Шуақ» әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Мәншүк Мәмбешева әйелдердің құқықтарын қорғау мәселесіне тоқталып, цифрлық ортадағы қысымды бастан өткерген жандарға психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсетудің маңызын атап өтті. Ал «Отбасын қолдау орталығының» әлеуметтік қызметкері Жанна Нұржанова отбасындағы тәрбиенің рөліне ерекше мән беріп, балаларды кішкентайынан интернет мәдениетіне баулу болашақта мұндай қауіптердің алдын алудың ең тиімді жолы екенін айтты. Қоғам белсендісі, медиатор Құрман Бисеғалиев екі тарап арасындағы жанжалды бейбіт жолмен шешудің тәсілдеріне тоқталып, кез келген мәселені диалог арқылы шешудің маңызы жөнінде сөз қозғады. Аудандық аурухананың психологы Айша Мендалиева цифрлық зорлық-зомбылықтың адам психикасына тигізетін әсерін, бұл құбылыстың жасөспірімдердің эмоционалдық жағдайына қалай әсер ететінін нақты мысалдармен түсіндірді.

Шара барысында сөз алған еңбек ардагері, ақын Сағынтай Бисенғалиев отбасы құндылықтары, бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігі хақында тағылымды ойларын бөлісіп, қазіргі буын үшін рухани тәрбие мен адами құндылықтардың ауадай қажет екенін тағы бір мәрте еске салды. Оның айтуынша, зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін ең алдымен әр отбасыда мейірім мен түсіністік орнауы керек. Ақын жастарды саналы болуға, зиянды әдеттерден бойды аулақ ұстауға, әрбір ақпаратқа сын көзбен қарауға шақырды.

Кездесу барысында тақырыпқа байланысты арнайы дайындалған бейнероликтер көрсетіліп, кітапхана қорынан жасақталған мазмұнды кітап көрмесі таныстырылды. Сонымен қатар жиын соңында қатысушылар спикерлерге өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұщымды әрі нақты жауаптар алды.

Басқосудың қорытындысында барлық қатысушылар «Біз цифрлық зорлық-зомбылыққа қарсымыз!» атты халықаралық бастаманы бірауыздан қолдайтындықтарын білдіріп, қауіпсіз цифрлық кеңістік қалыптастыру  әр азаматтың ортақ міндеті деген тұжырымға келді.

Нұрбек Ихсан,

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале