14.12.2025, 12:30
Оқылды: 13

Желтоқсан жаңғырығы ұмытылмайды

Тәуелсіздік мерекесі қарсанында М.Шолохов мемориалдық музейінде «Елімнің бақытың тербеткен Тәуелсіздік!» атты іс-шара өтті. Оған Желтоқсан оқиғасының куәгері болған Абай атындағы мектеп-гимназия-интернатының мұғалімі Гүлбаршын Әбілбасова арнайы шақырылды.

IMG-20251214-WA0014
Тәуелсіздікке, Желтоқсан оқиғасына қатысты бейнероликпен ашылған кеште сөз алған Гүлбаршын Қалиқызы ел егемендігі оңайлықпен келмегенін, Желтоқсан оқиғасы Тәуелсіздіктің бастауы боланын атап өтті.
- Ол кезде Қазақ дене тәрбиесі және спорт институтының 2-курс студенті едім. Жатаханамыз қазіргі Республика алаңының қасында болды. 16 желтоқсан көп күндердің бірі сияқты қарапайым түрде басталды. Оқу орнына барғанда бір нәрселер сезіле бастағандай. Шиеленісті жағдай туындайын деп келе жатқандай болды. Сабақтар жөнді болған жоқ. Бір кезде біздің институттың алдында баррикада, шеп құрыла бастады. Бізді таратып жіберді. Түқайта жатақханамызда қазақ жастар алаңға шығайын деп жатқаны турасында әңгімелер айтыла бастады. Біз де шығатын болдық. Сөйтіп 16 желтоқсанда кешке алғашқы толқу басталды. Негізгі толқу 17 желтосан күні түсқайта болды. Солардың ортасында біз де жүрдік. Сол күндері Алматының ауа райы өте ызғарлы, жел болды, соған қарамастан, алаңда жастар көп келді. Бәрімізде бір ғана тілек болды: «қазақ елінің өз көсемі сайлансын!» деген. Кешке арнайы техникалар келіп жастар қуа бастады. Сол кездегі алаңдағы жағдайды тілмен айтып жеткізу қиын. Біздер де қашып, курстас жігіттердің көмегімен қоршаудан өтіп, жатақханамызға кіріп кеттік. Бойымызды билеген қорқыныштан, күйзелістен шыға алмай, біраз жүрдік. Содан үш күн бойы сабақ бәрі тоқтады. Телефон жасамай қалды. Қоғамдық көлік, поез жүрмеді, ұшақ ұшпады. Алматыға кіріп-шығу қиындады. Бізді жатақханадан шығарған жоқ. Тек тамақ алу үшін жақын маңдағы дүкенге ғана барып келетінбіз. Содан соң жаппай тергеп-тексеру басталды. Фото, видеоға түсіп қалғандарды ұстап алып, оларды оқудан, жатақханадан шығарып, жазаға тартты. Алайда алаңға шыққан біз танитын жандар да, өзіміз де осынау әрекеттеріміз үшін еш өкінген емеспіз. Қайта еліміздің егемендік алуына аз да болса үлесімізді қосқанымызға мақтанамыз. Осы жерде отырған жас ұрпаққа Желтоқсан оқиғасына қатысқан аға-апаларың сияқты сендер де ержүрек, намысшыл, қайсар, елжанды болыңдар деп тілек айтамын,-деді Гүлбаршын Қалиқызы.
Содан соң аталмыш мектептің оқушылары Отан, туған жер туралы өлең оқып, ән салды. Еліміздің тарихы жөніндегі викториналық сұрақтарға жауап берді.

IMG-20251214-WA0015
Іс-шараны қорытындылаған музей меңгерушісі Мәдина Мусаева жиналғандарды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, кеш қонағына алғысын білдіріп, естелік сыйлық табыстады.

Рысты Садыбекова
М.Шолохов мемориалдық музейінің экскурсоводы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале