15.12.2025, 17:00
Оқылды: 8

Сырым ауданы: География кабинетіне ұстаз есімі берілді

Сырым ауданы, Аралтөбе орта мектебінде халық ағарту ісінің ардагері, "Ленин орденінің" иегері, ұлағатты ұстаз Ақзия Қуатқызының құрметіне география кабинетінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

PHOTO-2025-12-12-12-38-32

Игі шараға Аралтөбе ауылдық округінің әкімі Ержан Жонысов, білім беру бөлімінің әдіскерлері және ардагер ұстаздар мен аудан мектептерінің мұғалімдері қатысты. Ұстаздың шәкірті - Аслима Халитқызы және інісі — Бекей Темірқұлұлы география кабинетін салтанатты түрде ашып, лентасын қиды.

Бағдарлама аясында “Бүгінгі білім берудің талабы – дарынды балалардың шығармашылық тұлғасын қалыптастыру” тақырыбында аудандық семинар ұйымдастырылды. Бұл семинар дарынды оқушылармен жұмысты жандандыру, мұғалімдердің тәжірибе алмасуын қамтамасыз ету мақсатында өткізілді.

Семинар барысында оқушылар өз ғылыми жобаларын таныстырып, білім көкжиегін паш етсе, мектеп ұжымы мен оқушылар дайындаған концерттік бағдарлама кештің шырайын кіргізді. Домбырамен күмбірлеген күй, патриоттық ән мен хор өнері көрермен ықыласына бөленді.

Ақзия Қуатқызының педагог ретіндегі еңбек қадамдары Аралтобе орта мектебінде басталған. Шәкірт жүрегіне жол салу оңай болған жоқ. Бірақ саналы тәрбие мен сапалы білімді оқушының бойына сіңіру үшін талай тер төкті. Алғашқы жылдардың өзінде-ақ Ақзия ұстаз қыры мен сыры мол жеткіншектерді тәрбиелеудің үлкен ісіне біржола берілді. Өзі жүргізген география пәнінің әр сабағына мұқият дайындалды. Аралтобе орта мектебі 1972-73 жылдары оқытудың кабинеттік жүйесіне көшеді. Міне, сол кезде алғашқылардың бірі Ақзия Қуатова өз кабинетін әлемнің кіші көшірмесіне айналдырып, жабдықтады. Сүйіп істеген іс жақсы жемісін берді. Ақзиядай мұғалімнің алдын көрген шәкірттер елдің әр қиырында ел қызметінде жүр.

Айта кетейік, жаңа кабинеттің жабдықталуына Ақзия Қуатқызының ұлы Серікбай , немерелері Нұртай мен Бибінұр  демеушілік білдірді.

Қоңдыкер Жеңісұлы

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале