Тәуелсіздік күні қарсаңында Достық ауылдық округіне қарасты Чувашин ауылының тұрғындары жан жадыратар жақсылықтың куәсі болды. Ауылға таза ауыз су келді. Бұл жоба қайтарылған активтер есебінен іске асты.

Орал қаласынан 22 шақырым қашықтықта, Достық ауылының солтүсті-шығыс бөлігінде орналасқан Чувашиндегі қуанышпен бөлісуге аудан басшылығымен бірге аудан прокуроры да келді.

Салтанатты іс-шарада жиналған жұртшылықты Тәуелсіздік күнімен құттықтаған аудан әкімінің орынбасары Ерлан Тоқсамбаев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауыз сумен қамту бағытындағы жұмыстар Бәйтеректе қарқынды жүріп жатқанын атап өтті.
-Бұл - ҚР Бас прокуратурасының қайтарылған активтері есебінен іске асқан әлеуметтік маңызы бар нысан. Биылдың өзінде ауданымызда қайтарылған активтер есебінен 9 нысан салынды. Олардың төртеуі медициналық мекемелер. Яғни Янайкин, Атамекен, Қаражар, Зеленный ауылдарында бойкөтерген нысандар жылішінде пайдалануға берілді. Ал қалған бесеуі - ауыз су нысандары. Солардың біріншісін бүгін іске қосып жатырмыз. Жыл соңына дейін қалғандары да тұрғындар игілігіне тапсырылатын болады,-деді құттықтау сөзінде аудан прокуроры Алмас Меңлібаев.

Мердігер компания басшысының орынбасары Гүлмира Мұқанованың айтуынша, суды ауылдың оңтүстік жағында, 2,5 шақырым қашықтықта орналастқан су көзінен тартқан. Су шыққан жер мен ауыл маңына скважиналар қазылып, сорғы станциясы салынды. «Биыл мамыр айының соңында басталған құбыр тарту жұмыстары Тәуелсіздік күні қарсаңында аяқталды,-деді ол.-Мұнда 30 шақты адам жұмыс істеді, шамамен оның бестен бірі - жергілікті тұрғындар. 10-нан аса әртүрлі техника тартылды. Жалпы құбыр тарту жұмыстары басталып жатқан кезде кейбір ауыл тұрғындары қарсы шығып, аз-маз қиындықтар болды. Себебі мұндағы ауылішілік жолдар асфальтталған. Егер құбыр тартылса, көше жолдарын қазуға тура келеді. Қазылған жер бүлінеді. Мұндай жайттар өзге ауылдар орын алғанын естіген тұрғындар қарсылық танытты. Соған байланысты біз ашық ор қазғанымыз жоқ. Жер астынан тесіп, құбыр жүргіздік. 126 құдықтың арасы осылай жалғанды. Одан бөлек, әр үйдің маңынан құдық қазған кезде шығарылған топырақты бірден ауыл сыртына шығарып отырдық. Құдықты қойғаннан соң топырақты кері тасыдық. Сөздің шыны керек, бұрын ашық ор қазылғанда ауылдың ішінде де, жолда да ретсіздіктер орын алатын еді. Кепілдік мерзіміне сәйкес келер жылдары келіп қайта-қайта жолды жөндеп әуре-сарсаңға түсетінбіз. Осынау әдіс өзінің тиімділігін көрсеттті. Айта кету керек, бұл тек ауданда емес, облыс көлемінде алғаш қолданған тәсіл болды. Бұған дейін тұрғындар суды өздері қазған құдықтан алып келді. Ауылдағы су құрамын тексерген кезде темірдің көптігі анықталды. Ал жаңа қондырғыларда заманауи тазарту құрылғылары бар. Тұрғындарға беріліп отырған су барлық талапқа сай. Құбыр тарту жұмыстары кезінде бізге барынша көмек көрсеткен жергілікті атқарушы құрылымдары өкілдеріне алғысымызды білдіреміз».

Ауылдағы 180 үйдің 70-і қазір таза ауызды қолдана бастады. Солардың бірі – Ақзия Сатанова. Олар ауылға таза су келеді дегенді естігенде қуанған. Сол сенімдері ақталды. Су тап-таза, дәмі ерекше. Су қысыма да жақсы. «Ауылымызға су жүргізген мердігер компанияға да тұрғындар атынан алғысымды білдіремін. Жұмыстары таза әрі өнікті болды», - деді ол.

Достық ауылдық округінің әкімі Әбубәкір Төлеуовтың айтуынша, биылғы жыл олар үшін ерекше болды. Жазда 8,1 шақырымдық ауылішілік жол, 7,1 шақырым жаяу жүргіншілер жолы пайдалануға берілді. Күзде «Келешек мектеп» жобасы аясында жаңа мектеп ашылды. Енді, міне, чувашиндықтар таза ауыздың игілігін көрмекші. Достық ауылында сондай-ақ мәдени-спорттық кешен де салынып жатыр. Сол себепті округ тұрғындары Тәуелсіздік күнін барша елмен бірге ерекше сезіммен қарсы алуда.
Серік Маратұлы
Бәйтерек ауданы