16.12.2025, 15:30
Оқылды: 13

«Тәуелсіздікті баянды ету үшін тынбастан қызмет ету керек» – Әбдіуақап Қара

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында Оралға келген түркиялық ғалым Әбдіуақап Қарамен сұхбаттасудың сәті түсті. Ол – Түркияның Ыстамбұл қаласындағы Мимар Синан (суретте) көркем өнер университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы.

photo-output

– Аға, Қазақстанға, Оралға қош келдіңіз. Алда ұлттық мерекелердің бірі – Тәуелсіздік күні келе жатыр. Осы күннің мән-маңызы жөнінде айтып, лебізіңізді білдірсеңіз.
– 1991 жылғы 16 желтоқсан тарихымызда өте маңызды күн болды. Сол күні қазақ халқы армандаған мақсатына жетіп, тәуелсіздігін паш етті. Биыл 34 жыл толып отыр. Тәуелсіздігіміз құтты болсын, баянды болсын! Мен атамекендегі қазақ бол, шетелдегі қазақ бол, қазақта бір ғана ұлы мақсат болу керек деп ұдайы айтамын. Ол не? Ол – осы Тәуелсіздігімізді баянды ету, мәңгі ету. Өйткені біз ғасырлар бойы осыны күттік. Біз тәуелсіздіктен екі ғасырға жуық көз жазып қалдық. Көптеген қиыншылықты бастан өткіздік. Тілімізден, дінімізден, ұлттық бірегейлігімізден көз жазып қала жаздадық. Құдайға шүкір, 1991 жылы тәуелсіздігімізді қайтадан қолға алдық. Содан бері арада өткен 34 жылда қазағымыз бү-кіл дүниежүзіне танылды. Халықаралық платформада Қазақстанның беделді орны бар. Сонымен қатар түркі дүниесінде беделі зор. Бұның барлығы осы тәуелсіздіктің арқасы. Еліміз өзінің ұлттық құндылықтарын зерттеп, зерделеп ортаға шығарып, әлемге танытып жатыр. Біз, мысалы, шетелде туып-өстік. Кеңестік кезеңде аталарымыз көре алмай кеткен атажұртты біз де көре алмаймыз ба деп ойлап жүрген уақытта құдай жар болып, Қазақстан тәуелсіздігін жариялады. Содан бері, біз, шетел қазақтары елге емін-еркін келіп жүрміз. Сондықтан Тәуелсіз-діктің қадір-қасиетін білу керек. Білумен қатар соны баянды етуге ерінбей, талмай, күндіз-түні жұмыс істеу керек.
– Соңғы жылдардағы екі елдің арасындағы ынтымақтастық туралы айтып өтсеңіз.
– Түркия-Қазақстан арасында ынтымақтастық күшейіп келеді. Білесіздер, Түркия тәуелсіздігімізді жариялағаннан кейін, екі сағаттан соң Қазақстанның тәуелсіздігін таныды. Бұл – әлемде бұрын-соңды болмаған оқиға. Сондықтан Түркияның Қазақстанға деген көзқарасы өте жоғары. Өйткені бұл жер, Қазақстан – бүкіл түркілердің атамекені. Осы жерде Түрік қағанаты, ғұндар мен сақ тайпалары болған.
Сондықтан Қазақстанның түркі әлемінде ерекше орны бар. Сонымен қатар біздің қазақ халқы – еңбекқор халық. Біз Түркияда тұрамыз, көптеген ұлтты көреміз. Соның ішінде қазақтар ерекше көзге түседі. Неге? Себебі келген студенттер, ғалымдар тәрбиесімен, әдептілігімен, жүріс-тұрысымен өзге халықтың ішінде ерекшеленіп тұрады. Негізі түріктер түрік халықтарын көп айырмайды. Олар үшін қазақ та бір, ұйғыр да бір, қырғыз да бір, өзбек те бір. Десе де, ішінде мінез-құлығымен, еңбегімен ұнайтындары болады. Әлемде тәуелсіздігін жоғалтпаған екі халықтың бірі – түріктер. Ешқашан ешбір елге отар болған жоқ. 2021 жылы Түркі мемлекеттері ұйымы құрылды. Бұл да Түркия-Қазақстан арасындағы байланыстарға септігін тигізіп отыр. Биыл Түркі академиясының 15 жылдығы Анкарада тойланды. Академия Астанада орналасқан, яғни орталығы – Қазақстан, ал Түркі мемлекеттері ұйымының орталығы – Ыстамбұл. Менің ойымша, түркі дүниесінің ынтымақтастығында да бұлар өте маңызды рөл ойнайды. Оның сыртында Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған мен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жылына бір-екі рет кездесіп тұрады. Екі ел президенттерінің арқасында Анкара мен Астана арасындағы байланыс күшейіп келеді. Экономика, туризм және ғылым саласында да жақсы байланыс орнады.
– Сіз ұзақ жылдар бойы Мұстафа Шоқайдың өмірін зерттеп жүрсіз. Саналы ғұмырын тәуелсіздікке арнаған Алаш қайраткері Мұстафа Шоқайдың тарих зерттеу әдістемесі несімен ерекшеленеді?
– Қазақтың тәуелсіздік тарихында Шоқайдың орны ерекше. Мен тарихшы ретінде ешбір тұлғаны бір-бірінен айырмаймын. Әрбір тұлға, Алаш қайраткерлерінің бәрі, біз үшін құнды, маңызды. Өйткені ұлтқа кім қызмет істесе, оның бәрін қадірлеп, қастерлеуіміз керек. Елге қызметтің үлкен-кішісі болмайды. Бірақ әрбір қызметтің өзіндік құндылығы бар. Айталық, қазақтың тілі, әліпбиі десек, Ахмет Байтұрсынов еске түседі. Ал Алаштың жетекшісі, оның құрылысы, бағытбағдары десе, Әлихан Бөкейханов еске түседі. Сол секілді Қазақстанның тәуелсіздік тарихы дегенде еске түсетіні – Мұстафа Шоқай. Неге десеңіз, 1917 жылдары аутономия құруға күш салды. Сол кездегі жағдай сондай болды. Бірақ сол аутономияны тәуелсіздікке көтерген – шетелдегі Мұстафа Шоқай. Ол 1921 жылы Парижге барып, 1941 жылы дүниеден озғанша «Тәуелсіздік» деп өтті. Ол кездің жағдайында алдымен аутономия алайық, бірте-бірте тәуелсіздікке қол жеткіземіз деді. Бірақ олар қағаз жүзінде тәуелсіздік деп жариялай алмады. Себебі әлемдік ғылымда, саясатта адамның көңіліндегі арман емес, дәлел мен құжат қажет. Бүгінгі түркі мемлекеттерінің бағыт-бағдарында Мұстафа Шоқайдың да ізі бар. Түркі ынтымақтастығы ұйымының мақсат-мүдделерімен Мұстафа Шоқайдың ойы қабысып жатыр. Өйткені ол – түркі дүниесінде ынтымақтастық жөнінде көп еңбек еткен мемлекет қайраткері. Сондықтан біз Мұстафа Шоқайды алашты аутономиядан тәуелсіздікке көтерген тұлға деп білеміз. Біз бұл тәуелсіздікке оп-оңай жетпедік. Оның артында көп еңбек жатыр. Сондықтан тәуелсіздіктің қадір-қасиетін біліп, соны баянды етуге еңбек етуіміз керек. Мұстафа Шоқайдың «Тәуелсіздікті жариялау оңай, оны сақтап қалу қиын» деген сөзі бар.
Тәуелсіздіктің, Қазақстан мемлекетінің қадір-қасиетін атамекендегіден гөрі шетел қазақтары жақсы біледі. Өйткені қазақта «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген мақал бар ғой. Сіздер елде туып-өскендіктен қадірі білінбеуі мүмкін. Біз шетелде туып-өстік. Аталарымыз «елім-ай, жұртым-ай» деп зарлап өтті. Әрине, біз шетел қазақтары ішінде бақыттымыз. Туысқан түрік еліндеміз. Қиындық көріп отырған жоқпыз. Десе де, «Қарыстан сүйем жақын» деген бар. Өз еліңдей болмайды. Былайша айтқанда, қазақ «Өз үйің – өлең төсегің» дейді ғой.
Сондықтан 16 желтоқсанда Тәуелсіздік жариялағанда өшкеніміз жанғандай, өлгеніміз тірілгендей аса қуанышты күй кештік. Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!
– Сіз жоғарыда «ұлттық бірегейліктен көз жазып қала жаздадық» дедіңіз. Ендеше осы ұғымның мән-мазмұнына тоқталып өтсеңіз.
– Ұлттық бірегейліктің бірінші қайнар көзі – тіл. Ана тілін білмеген өзінің ұлттық бірегейлігін сақтай алмайды. Егер біз ұлтымызды сақтаймыз десек, ата-ана ұрпағына ана тілін дарытуы керек. Қазір балабақша жасындағы баласына ағылшын тілін үйрету сәнге айналды. Бұл – қате. Себебі бала ана тіліне кемтар болып, ағылшын тілінде сөйлесе, ұлттық бірегейлігін сақтай алмайды. Бұл ата-ана ағылшын тілді әдемі баланы өсіріп, Англияға немесе Америкаға еңбекқор азамат тәрбиелеп шығады. Бала жоғары айлық төленетін жұмысқа, шетелге кетіп қалады. Яғни қаншама жақсы мектепте, университетте оқытып, оны біреуге сыйлап жібергендей болады. Бала алдымен ана тілін меңгеріп, содан кейін кез келген тілді үйренуге болады. Көп тіл білген өте жақсы. Ал ана тілін білген бала Отанынан айырылмайды. Себебі қазақ тілін жетік білген бала қайда жүрсе де елін, жұртын ойлайды. Оның бойына тілмен бірге ұлттық менталитет сіңеді. Қазақты, Отанды сүю, халқына жанашыр болу деген қасиеттер тілмен дариды. Екінші, дін. Біз мұсылманбыз. Дамыған елдерде қасиетті діндерін қастерлеп, сақтап отыр. Зайырлылық дінге қарсы болу емес. Дінге еркіндік беріп, ешкімнің дініне араласпау керек деген сөз. Кейбір мәселелер де бар. Алайда дәстүрлі мұсылманшылықты айыра білу қажет. Үшінші, тарих. Тарихын білмеген ұлт ұлттығын жойып алады. Біздің көне сақтардан бастап, бүгінге дейін бай, 4-5 мың жылдық тарихымыз бар.
Бұларды балалардың санасына сіңірген жөн. Демек, ұлттық бірегейлікті сақтауда тіл, дін, діл мен тарихты білу аса маңызды. Санасына барлық құндылықты сіңірген бала қайда жүрсе де еліне бүйрегі бұрып тұрады. Оның мақсаты халқына қызмет ету, тәуелсіздікті баянды ету болады. Ең бастысы, мұны бала тәрбиелеп отырған ата-аналар жақсы түсінуі керек. Себебі адамның ұлттық бірегейлігі, этникалық тегі сүйектен келмейді, тілден келеді. Адам қай тілде сөйлесе, сол халыққа айналады. Қазақ тілі – атадан бізге жеткен мирас, аманат. Әрбір ата-ана аманатты сақтап, келесі ұрпағына бұзбай жеткізуі керек.

Ясипа Рабаева
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале