18.12.2025, 9:00
Оқылды: 30

Жеке мектептерді қаржыландыру неге кешіктірілді?

Жақында облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин өңірдегі жеке мектептерді қаржыландыру жұмысы жөнінде баспасөз мәслихатын өткізді. 

елдос сафуллин

Елдос Сафулиннің айтуынша, 2025 жылы елімізде жеке мектептерге арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын қаржыландыру жүйесі өзгерген.  Енді бұл бағыттағы өкілеттіктер жергілікті атқарушы құрылымдарға беріліп, шешім қабылдау процесі жеделдеп, қаражат бөлу тетігі ашық бола  түсті.

– Батыс Қазақстан облысында 2025-2026 оқу жылынан бастап «Жеке білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастырудың жаңа механизмі» пилоттық жоба ретінде енгізілді. Жоба ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен БҚО әкімдігінің қараша айында қабылданған бірлескен шешімдерімен бекітілген. Бүгінде облыста мемлекеттік білім беру тапсырысын алатын 11 жеке мектеп бар. Қаржыландыру көлемі – 1 млрд 508 млн теңге. Биыл жеке мектептерге арналған мемлекеттік тапсырыс үш кезеңмен қаржыландырылуда. Бірінші транш – 775 млн теңге, 505 млн теңге – республикалық бюджеттен, 270 млн теңге – жергілікті бюджеттен.  Бұл сома қаңтар-мамыр айларындағы шығындарды өтеуге жұмсалды. Екінші транш 230 млн теңге қаражат толықтай жергілікті бюджеттен бөлінді. Ол қыркүйек-қазан айларындағы мемлекеттік тапсырыс шығындарын өтеуге бағытталған. Алайда бұл транштың төленуі пилоттық жобаның тек қараша айында бекітілуіне байланысты кідірді. Цифрландыру және LMS жүйесіне интеграциялау барысында техникалық қиындықтар туғызды. Қазіргі уақытта бұл мәселелер толық шешілді. Яғни «E-QAZYNA» порталында конкурс өткізілді, жеке мектептермен келісімшарттар жасалып, қаржыландыру басталды.  Үшінші транш – 503 млн теңге. Жергілікті бюджеттен бөлінетін бұл қаражат қараша-желтоқсан айларындағы шығындарды өтеуге бағытталмақ. Төлемдер толық көлемде жоспарланды.  Қазіргі күнде облыста жеке мектептерді мемлекеттік тапсырыс аясында қаржыландыруда бүгінде айтарлықтай қиындық жоқ. Қажетті қаражат бөлінді, конкурстық рәсімдер аяқталды, ал пилоттық жобаны енгізу кезіндегі техникалық кідірістер жойылды, – деді облыстық білім басқармасының  басшысы Елдос Сафуллин.

Жаңа механизм облыста штаттық режімде жұмыс істеп тұр. Ол жеке білім беру ұйымдарын қаржыландырудың тиімділігін арттыруға, ашықтықты қамтамасыз етуге және білім беру саласындағы бәсекелестікті қолдауға бағытталған.

Сондай-ақ облыстық білім басқармасының басшысы «Жеке мектептерде оқу ақысы қалай белгіленеді?» деген журналистер сұрағына жауап берді. Елдос Нәбиоллаұлының айтуынша, қаржыландырудың негізгі көзі – ата-аналардың төлейтін оқу ақысынан және мемлекеттік тапсырыс алған жағдайда ғана белгілі бір оқушылар үшін бюджеттен қаржы бөлінеді. Жеке меншік, басқару құрылымы икемді, штаттық кесте, оқу ақысы – мектептің өз шешімі. Мемлекеттік стандарттарды сақтай отырып, қосымша ауторлық бағдарламалар, шетелдік оқу әдістемелері, кеңейтілген пәндер пакетін  енгізе  алады.

Соңғы кездері өңірімізде  жеке мектепке сұраныс артып келеді. Дегенмен жеке мектеп ашудың да өз талаптары бар.  Құрылтайшы және ұйымның құқықтық мәртебесі, лицензия алу, ғимаратқа қойылатын санитарлық, өрт қауіпсіздігі талаптары, оқу кабинеттерінің нормативке сай болуы, материалдық-техникалық база, педагогтер құрамы, оқу бағдарламаларының талапқа сай болуы  маңызды.

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале