Мерекелік іс-шаралар қарсаңында балалардың қауіпсіздігі мен жайлылығына ерекше назар аудару қажет. Карнавалдық костюмді таңдау кезінде оның сыртқы көрінісін ғана емес, сондай-ақ материалдарының сапасын, киюге ыңғайлылығын және қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін де ескеру маңызды, - деп жазады ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті.

Костюмнің өзі, оның ішінде бетперделер мен аксессуарлар, өткір химиялық иіс шығармауы тиіс. Бөгде иістің болуы улы бояғыштардың немесе сапасы төмен шикізаттың қолданылғанын көрсетуі мүмкін. Синтетикалық материалдардың мөлшері аз бұйымдарға немесе терімен жанасатын жерлерінде табиғи астары бар костюмдерге басымдық берген жөн. Толығымен синтетикалық костюм қолданылған жағдайда, оның ішінен мақта матадан тігілген іш киім кигізу ұсынылады.
Карнавалдық костюм әдемі ғана емес, мереке кезінде баланың белсенді қимылын ескеретіндей ыңғайлы болуы керек. Костюм баланың өлшеміне дәл сәйкес келуі тиіс. Тым ұзын етек, жеңдер немесе шамадан тыс кең пішім құлау мен жарақат алу қаупін арттырады. Киім қозғалысты шектемеуі, денені қыспауы және теріні қажамауы қажет. Жылу алмасуын да ескеру маңызды: тығыз әрі көлемді костюмдер, әсіресе жабық ғимараттарда, баланың қатты қызып кетуіне әкелуі мүмкін. Температураны реттеуге мүмкіндік беретін көпқабатты киім жиынтықтары анағұрлым қолайлы. Тігіс сапасына назар аудару қажет: тігістері түзу, ал фурнитурасы берік бекітілген болуы тиіс. Резеңкелер мен ілгектер теріні қажап алмау үшін қорғаныш элементтерімен жабдықталуы керек.
Барлық ұсақ бөлшектер (моншақтар, жылтырақтар, сәндік элементтер, баулар) мықтап бекітілуі тиіс. Олардың үзіліп кетуі, әсіресе жас балалар үшін, жұтып қою қаупін тудыруы мүмкін.
Карнавалдық костюмді сатып алу кезінде таңбалау белгілерінің және ілеспе ақпараттың болуын тексеру қажет. Сенімді өндіруші тауар туралы толық әрі шынайы мәліметті, оның ішінде материалдарының құрамын және пайдалану жөніндегі ұсынымдарды міндетті түрде көрсетеді.