Тәуелсіздік күні мерекесіне орай Қоржын ауылдық мәдениет үйінің ашылу салтанаты өтті. Қоржын халқының қуанышын бөлісу үшін айтулы шараға аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медхат Қамбетов, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Меңдешов арнайы қатысты.

Бұл күн Аққозы ауылы үшін тарихи, қуанышты күн. Төл топырағымен талай талантты танытқан, көне дәуірдің сарынын сақтап, ұрпақ бойына ұлттық рух дарытып келе жатқан Аққозы – өнердің ақ бесігі, дарындар мекені.
Міне, енді осы киелі өлкеде жаңа мәдениет үйі есігін айқара ашып, ауыл өміріне тың серпін, жаңа тыныс алып келмек. Бұл елдің игілігіне, мәдениеттің дамуына бағытталған үлкен қадам.
Аталмыш жоба «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасы аясында іске асты.

Қоржын ауылдық мәдениет үйінің ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Қадыржан Орынбасарұлы:
– Аққозылық ағайынды бүгінгі мәдениет үйінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. 2024 жыл Қоржын ауылы үшін оңай болған жоқ. Ауыл тұрғындарының үйлеріне, әлеуметтік нысандарға су кіріп тасқын судан зардап шеккен болатын. Әр қиындықтың қайыры болады демекші бүгін Қоржын ауылында мәдениет нысаны, оның ішінде ауылдық әкімшілік, ауылдық кітапхана қоса пайдалануға беріліп отыр. Бұл мемлекетіміздің ерекше қамқорлығы деп білеміз. Еліміз гүлденіп, ауылымыз өркендей берсін, - деді.
Ауыл халқын қуанышымен құттықтаған облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медхат Мұсаұлы, Қоржын ауылының тұрғыны, мәдениет саласының ардагері Қобыланды Бақытұлы жаңадан бой көтерген мәдениет үйі ауыл халқының өнерін өркендетуге қызмет етуіне тілектестіктерін жеткізді.
Қоржын ауылдық мәдениет үйінің құрылысы бойынша жоба құны – 661 млн 452 мың 126 теңге. Құрылысты жүзеге асырған мердігер «Тәуекел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Аққозы ауылдық мәдениет үйінің кілтін «Тәуекел» ЖШС басшысы Асылбек Амиров салтанатты түрде Аққозы ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Гүлжазира Жақсыбайқызына табыстады.

Мәдениет үйінің лентасын қию рәсімін аудан әкімі Сүйеуғалиев Қадыржан Орынбасарұлы, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Қамбетов Медхат Мұсаұлы және Жұмағалиев Қобыланды Бақытұлы жүргізді.
Салтанатты шара қонақтары мен ауыл тұрғындары сәні мен салтанаты жарасқан су жаңа ғимаратты аралап көрді. Шара соңы мерекелік концертке ұласты.
Серікбай Хасанов
Қаратөбе ауданы