18.12.2025, 11:00
Оқылды: 107

Ғаббасов мұрасы – үзілмейтін соқпақ

Орал қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығына арналған маңызды шаралар аясында жазушы, қоғам қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Энгельс Ғаббасовтың шығармашылығы мен қоғамдық қызметіне арналған «Соқпақ үзілмейді» атты республикалық оқырмандар конференциясы өтті.

энгельс габбасов4

2027 жылы туғанына 90 жыл толатын Энгельс Ғаббасов – еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласқан азамат. Ол – Қазақстан Жазушылар одағы мен халықаралық ПЕН-клубтың мүшесі, екі шақырылымда ҚР Парламенті депутаты болған тұлға әрі  Э. Ғаббасов Батыс Қазақстан өңіріндегі әскери сынақ полигондарын жабу жолында белсенді қоғамдық қозғалыстар ұйымдастырып, экологиялық қауіпсіздік мәселесін алғашқылардың бірі болып көтерген азаматтардың қатарында.

Іс-шара жазушы шығармаларындағы туған жерге деген сүйіспеншілік, еңбек адамының тағдыры, ұлт болашағына жауапкершілік, патриоттық рух пен экологиялық мәдениет тақырыптарын жан-жақты насихаттауға бағытталды. Әдеби-мәдени жиын барысында Э. Ғаббасовтың кейіпкерлер әлеміндегі психологиялық тереңдік, қоғам мен адам тағдырына деген ерекше көзқарас бүгінгі жастар үшін де құндылығын жоғалтпағаны атап өтілді. Конференцияға Астана қаласының белгілі ғалымдары, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессор-оқытушылары, өңірдегі колледждердің оқытушылары мен студенттері, сондай-ақ Ж. Молдағалиев атындағы облыстық кітапхананың өлкетану бөлімінің мамандары қатысты.

Облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Нұрғали Жолдасқалиев өз сөзінде жазушының өңірдің рухани дамуына қосқан айтулы үлесін және Энгельс Ғаббасұлының жастарға арналған шығармалары патриоттық тәрбие тұрғысынан ерекше маңызға ие екенін, ұлт бірлігі мен елдік мүддені ұстануға шақыратын рухани бағдар ретіндегі құндылығын атап  көрсетті.

Филология ғылымдарының кандидаты, профессор Ұ. Ержанова (Астана) конференцияда жазушының «Абай – бейбітшілік пен жасампаздықтың құпиясы» атты жарияланымына арнайы талдау жасады. Ғалымның айтуынша, Энгельс Ғаббасов бұл еңбегінде ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының дүниетанымын жіті зерттеп, оның идеяларын М. Гандидің философиясымен салыстыра отырып, өзіндік пайым ұсынады. Жазушы еңбектерінде отбасы тәрбиесінің адам өмірі мен шығармашылығындағы орны айрықша көрсетілетінін де атап өтті. Профессор Ержанова студенттерге Э. Ғаббасов шығармашылығын ғылыми тұрғыда зерттеуге кеңес беріп, оның туындыларын мектеп және колледж бағдарламасына қазақ және орыс тілдерінде енгізу қажеттігін ұсынды.

Тарих ғылымдарының кандидаты Д. Сүлейменова жазушының өмір жолына тоқталып, оның қоғамдық қызметінің ерекшеліктерін баяндады. Сенатор болған жылдары Энгельс Ғаббасов Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде елдің жер ресурстарын ұтымды пайдалану, табиғатты қорғау және сынақ полигондарын жабу мәселелерін батыл көтергенін айтты. Бұған қоса 1995-1996 жылдары БҚО Қазақстан халқы ассамблеясының хатшысы ретінде өңірдегі қоғамдық тұрақтылық пен ынтымақты нығайтуға айрықша үлес қосқаны атап өтілді.

Конференция модераторы, Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледждің оқытушысы Г. Ғаббасова жазушының қазақстандық әдебиетке қосқан үлесін талдап, оның прозалық шығармаларындағы композициялық ерекшеліктер мен кейіпкерлердің шынайылығын атап өтті. Ол «Жігітке арналған Еркін ат», «Сол жазда және осы қыста», «Ақ қардағы жасыл жапырақ», «Махаббат хикаясы», «Көңілді қояндар көшесі», «Күтпеген кедергілер жоқ» секілді туындылардың оқырманға жеңіл әрі тартымды жетуінің себебін ауторлық стильдің табиғилығымен байланыстырды.

БҚИТУ қауымдастырылған профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Н. Выдрина жазушы көтерген мәселелердің әлі күнге дейін өзекті екеніне тоқталды. Оның айтуынша, «Малолетки» әңгімесінде нақты мекен аталмаса да, оқырман оқиға өрбитін ортаны Орал өңірімен еріксіз байланыстырады. Ғалым Э. Ғаббасовтың тұлғалық болмысын айқындайтын көпқырлы шығармашылықты жастардың терең зерделеуі қажеттігін алға тартты.

Аружан Аманжол,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале