18.12.2025, 12:00
Оқылды: 30

Үш жылдық бюджет бекітілді

Орал қаласында облыстық  мәслихатының  кезекті ХХІІ сессиясы  өтті. Сессия жұмысына  облыстық  мәслихат  депутаттары, облыстық  басқарма  басшылары  және  мемлекеттік  құрылым  өкілдері  қатысты.

DSC04855

Жиында алдағы үш жылға арналған облыстық бюджетті бекіту басты назарда болды. Ұсынылған бюджет жобасы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын, сондай-ақ өзге де кіріс көздерін ескере отырып әзірленген. Аталған жобаға сәйкес, облыс қазынасының көлемі 2026 жылы 491,1 млрд теңгені, 2027 жылы 634,7 млрд теңгені және 2028 жылы 673,9 млрд теңгені құрамақ.

Бұрынғыдай бюджеттің басым бағыты әлеуметтік сала болып қала береді.

Сессияның күн тәртібіндегі негізгі мәселе – 2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджет пен облыстық және аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджеттері арасындағы жалпы сипаттағы трансферттердің көлемін айқындау болды. Аталған шешім жобасы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес әзірленген.

Алғашқы мәселе бойынша облыстық қаржы басқармасының басшысы Нұрлан Есенғалиев баяндама жасады. Оның айтуынша, 2026 жылы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды қоса алғанда, әлеуметтік саланың барлық шығыстары 281,6 млрд теңге көлемінде жоспарланған. Бұл жалпы бюджеттің 54,2 пайызын құрайды. Оның ішінде білім беру саласына 235,2 млрд теңге, денсаулық сақтау саласына 12,8 млрд теңге, әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыруға 18,9 млрд теңге, мәдениет, спорт және ақпараттық кеңістік саласына 14,7 млрд теңге қарастырылған.

Сессия барысында үш жылдық бюджет жобасы депутаттар тарапынан бірауыздан мақұлданды. Дегенмен халық қалаулылары келер жылдан бастап республикадан бөлінетін субвенциялар мен трансферттердің қысқаруы кейбір әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруда қиындық туындатуы мүмкін екенін атап өтті. Сонымен қатар Салық кодексіне енгізілген жекелеген өзгерістер де облыс бюджетінің кіріс бөлігінің азаюына әсер етуі ықтимал  екені  айтылды.

Осы ретте депутаттар облыс аумағында жұмыс істеп жатқан, алайда өзге өңірлерде тіркелген ірі компанияларды жергілікті жерде тіркеудің маңыздылығына тоқталды. Бұл қадам өңірдің салық базасын нығайтуға мүмкіндік  береді.

– 2023 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін 66 компанияның ішінен 11-і ғана тіркелмей қалды. Яғни ірі 11 компания бар. Қалғандарының барлығын тіркеттік. Соңғы тіркелген 23 компаниядан бюджетке 16 млрд теңге түсті. Кеше Астанада өткен жиында бұл мәселені тағы да көтердім. ҚПО компаниясының алдында басқа өңірлерден келетін мердігер компанияларға тендер талаптарын қою кезінде осы шартты енгізу жөнінде айттым. Олар заң аясында қарайтынын, бірақ бірден жауап бере алмайтынын жеткізді, – деді өңір басшысы Нариман Төреғалиев.

Сессияда депутаттар өңірдегі бейнебақылау камераларының жеткіліксіздігі мәселесін де көтерді. Облыста орнатылған камералар саны көршілес өңірлермен салыстырғанда бірнеше есе аз. Облыс әкімі бұл мәселенің бақылауда екенін және бейнебақылау жүйесін кеңейту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асатынын атап өтті. Сондай-ақ депутаттар Алғай, Жалпақтал, Жұлдыз және Қарасу бағытындағы күре жолдарды күрделі жөндеуден өткізу жөнінде облыс әкімінің атына  ресми  өтініш  жолдады.

Жиында өңірдегі жол-көлік оқиғаларының артуы да назардан тыс қалмады. Депутаттардың айтуынша, бұл мәселені шешудің бір жолы – қала мен ауыл арасындағы көлік қатынасын күшейту. Алайда аутобустар шығарылғанымен, жолаушылар санының аздығы мәселені күрделендіре түсіп отыр.

Сессияда көтерілген өзекті тақырыптардың бірі – Орал қаласындағы қоқыс полигонының жағдайы. Әбден толған нысанның пайдалану мерзімі де аяқталуға жақын. Бұл мәселе бойынша облыс әкімі  нақты  жауап  берді.

– Оңтүстік Кореямен қоқыс өңдейтін зауыт салу жөнінде келісімге келдік. Әрине, зауыт бірден салынып кетпейді. Қазір Біріккен Араб Әмірліктеріндегі кәсіпкерлермен де келіссөздер жүргізіп жатырмыз, олар жақын арада өңірге келеді. Біз қоқыс өңдейтін зауыт салуға дайынбыз. Қай мемлекет бірінші болып зауыт салса, солармен жұмыс істейміз, – деді өңір  басшысы.

Сессияда қаралған келесі мәселе – Батыс  Қазақстан облысының 2026-2030 жылдарға арналған даму жоспары. Бұл жөнінде облыстың стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Бибігүл Қонысбаева баяндама жасады.

Жиын барысында Батыс Қазақстан облысының Құрмет грамотасымен марапаттау туралы мәселе де қаралды. Сонымен қатар облыстық мәслихаттың 2020 жылғы 30 қыркүйектегі №38-3 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылды. Атап айтқанда, азаматтардың жекелеген санаттарына амбулаториялық емдеу кезінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін, оның ішінде дәрілік заттарды, арнайы емдік өнімдер мен медициналық бұйымдарды қосымша тегін беру тетіктері нақтыланды. Бұл мәселе бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мадияр Өтешев  баяндады.

Сессияның соңғы мәселелерінің бірі – облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Батысирригация» коммуналдық мемлекеттік мекемесі қызметкерлерінің лауазымдық айлықақыларына 100 пайыз мөлшерінде ынталандырушы үстемеақылар белгілеу туралы ұсыныс болды. Бұл жөнінде басқарма басшысы Марат Молдашев баяндама жасап, бастаманың сала мамандарын қолдауға және кадрлық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталғанын  атап  өтті.

DSC04827

Күн тәртібіндегі барлық мәселелер жан-жақты талқыланып, тиісті қаулы-қарар қабылданды.

Сондай-ақ өңірдегі өзекті проблемаларға қатысты бірқатар депутаттық сауал жолданды. Сессия жұмысы облыстың алдағы жылдардағы әлеуметтік-экономикалық дамуына негіз болатын маңызды құжаттарды бекітумен қорытындыланды.

Жанерке Мерекеқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале