19.12.2025, 21:00
Оқылды: 161

Сауда саласында жаңа кезең басталды

Өңірге жұмыс сапарымен келген ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов кәсіпкерлермен кездесті. Жиында сауда-экономикалық қатынастарды дамыту, инвестициялық тартымдылықты арттыру туралы сөз болды. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов жүргізіп отырды.

7a2bf3ea-83af-404c-a244-3cf6875632db

Вице-министрдің баяндауынша, еліміздегі сауда саласында жаңа кезең басталды. Мақсат – нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз ету, бағаның негізсіз өсуіне тосқауыл қою және отандық өнім өндірушілерді қолдау. Қазақстандағы бизнес құрылымдарының 35%-ы сауда саласында еңбек етеді. Халықты жұмыспен қамтуда да үлесі зор. Сауда саласының жалпы ішкі өнімдегі үлесі 16,7%-ды құрайды. Оған қоса ішкі тауар айналымы да айтарлықтай деңгейде.

d54ea2f8-85a2-4938-a9e3-4aaa874b094a

– Биыл елімізде сауда айналымы 1 триллион 250 миллиард теңгеге жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 12% өсімді көрсетеді. Сауда желілерінің ашықтығы артқан сайын, баға саясатын бақылау жеңілдеді, ал тұтынушылар сапалы әрі қолжетімді өнім ала бастады. Батыс Қазақстан облысының сауда айналымындағы үлесі 1,2 триллион теңге шамасында. Сыртқы тауар айналымына келер болсақ, 103 млрд доллар болды. Шикізаттық емес экспорттың көлемі 11%-ға жетті. Біздің министрлік әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын реттеп отырады, – деді Әсет Нүсіпов. Вице-министрдің айтуынша, елімізде макарон өнімдері, күріш, күнбағыс майы, сиыр еті және басқа да әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің бағасы тұрақты. Сондай-ақ электронды саудада да өсім бар. 2024 жылы оның үлесі 14%-дан асып жығылса, биыл болжам бойынша 18%-ға жетуі тиіс. Сонымен қатар вице-министр отандық тауар өндірушілерді қолдау шараларымен таныстырды. Қазіргі кезде сауда сөрелеріндегі өнімдердің 30%-ы жергілікті өнім болуы керек деген талап үстемдік етуде. Мемлекеттік қолдау көрсетілген сауда желілері отандық өнімдерді 50% көлемінен кемітпеуі тиіс.

«Біздің негізгі мақсатымыз – ішкі нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз ету. Сауда тізбегін ашық ету арқылы біз делдалдарды қысқартамыз және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын бақылауда ұстаймыз. Маңызы бар азық-түлік түрі қазір 19 болса, енді оны 31-ге жеткізу қарастырылуда. Мониторинг нәтижелері жалпы инфляция, баға өсіміне қарамастан 19 тауардың кейбір түрлерінің бағасы төмендегенін көрсетті», – деді Әсет Илиясұлы.

220b917b-dcbf-4651-abab-20ae73d53fe0
Ақ Жайық өңіріндегі бағаны тұрақтандыру және кәсіпкерлікті қолдау бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов баяндады. «Бағаны тұрақтандыру жұмыстарына 5 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Былтыр көкөністі жинақтау 30% болса, биыл оны 50%-ға жеткіздік. Биыл азық түлік тұрақтандыру қорына 5 мың тонна картоп жиналды. Өткен жылы оның шамасы 2,5 мың тонна болатын. Осының нәтижесінде күн сайын 20 тонна картопты сауда орындарына жеткізудеміз. Картоптың келісі – 152-154 теңге, оның өсу бағасы тіркелмеді. Одан басқа пияз, сәбіз, орамжапырақ, күріш және қант бойынша да қор жасақталды. Барлық өнімді жергілікті тауар өндірушілерден алып отырмыз. Былтыр картоп бағасы шарықтап кеткені есімізде. Ет бағасы да. Биыл тұз тапшылығы болды. Сондықтан мемлекет бағаны реттеп отырады. Бағаны ұстап тұруға қосымша 2,7 млрд теңге бөлу көзделуде», – деді ол.

f8eea190-893f-4832-86d9-ac0e962d4855
Кездесу барысында кәсіпкерлер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тиісті жауап алды. Алдағы 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа ұлттық тауарлар каталогы енгізіледі. Кәсіпкерлердің айтуынша, жаңартылған ережелер тауар бағасының қалыптасу тізбегін ашық көрсетуді міндеттейді. Бұл өз кезегінде алыпсатарлықтың алдын алып, тұтынушы құқығын қорғауға мүмкіндік береді.

«Бұл каталогқа кәсіпорындағы толық номенклатураны енгізуіміз керек. Зауытта мыңнан астам тауар түрі өндіріледі. Сол тауарларды шағын топтарға біріктірсек болмай ма?» – деді «Стеклосервис» ЖШС-ның қаржы жөніндегі директоры Оксана Половинкана. «Біз ұлттық тауарлар каталогына тауарлар тізімін енгізуден ешқандай жаманшылық көріп тұрғанымыз жоқ. Бастапқыда бұл қосымша жауапкершілік жүктейтін секілді көрінеді. Түбіртектерді бақылау, кассалық құрылғыларда тауарлардың атын жазу ережесі бес жылдан бері қолданылуда. Енді кез келген тауарға, мысалға, сүтті алайық, он үш саннан тұратын код енгізіп отырмыз. Барлық тауар есептік жүйеде, тізілімдерде аталған код қолданылмақ», – деді вице-министр.

745cea0e-532f-4970-9642-ca059cef3d1c

Сауда саласындағы мамандардың пікірінше, жаңа талаптар нарық қатысушылары арасындағы сенімді арттырып, экономиканың осы секторын жүйелі дамытуға жол ашады.

Гүлбаршын Әжігереева
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале