19.12.2025, 19:00
Оқылды: 7

Негізгі капиталға салынған инвестиция – 748,3 млрд теңге

Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен облыстық инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтті. Оның жұмысына басқармалар мен мекеме-ұйымдардың басшылары, Орал қаласы және аудандар әкімдері, сондай-ақ бизнес, БАҚ өкілдері қатысты.

b96813ec-278d-419a-884b-010acfc96b54
Облыс әкімі облыс экономикасын дамытудың негізгі мәселесі – негізгі капиталға инвестиция тарту екеніне екпін түсірді. «Биылғы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша облыс негізгі капиталға салынған инвестиция көлемінің жоспарлы көрсеткішін 6,6%-ға артық орындап, 748,3 млрд теңгеге жеткізді. Дегенмен жылдық жоспарды орындау, яғни 841 млрд теңгеге жету үшін ағымдағы жылдың желтоқсан айында бірігіп жұмыстануымыз қажет», – деді өңір басшысы.
Сондай-ақ, облыс әкімі экономиканың шикізаттық емес секторына инвестиция көлемдерін одан әрі ұлғайту қажеттілігіне назар аударып, оның 7,2 есе өскенін атап өтті.
Инвестштаб отырысында «AS&AR Biotech» ЖШС-ның фармацевтикалық өнім өндірісі зауыты жобасы таныстырылды. Аталған серіктестіктің операциялық директоры Жанболат Иманғалиевтің баяндауынша, Бәйтерек ауданының Новенький аулында зауыт салып, оны іске қосу жоспарланған. Фармзауытта биологиялық белсенді қоспалар, қан препараттары, моноклоналды антиденелер, инсулиндер, вирусқа қарсы препараттар, иммуномодуляторлар, психотроптық және жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеуге арналған дәрі-дәрмектер өндіріледі. «Бұл дәрі-дәрмектер жаман аурумен, қан ауруларымен науқастанған тұрғындарды емдеу үшін шығарылады. Мақсатымыз қажетті дәрі-дәрмек өндірісін дамытумен қатар ұлттық қауіпсіздік мәселесін шешуге үлес қосу. Біздің зауытқа арналған өндірістік базамыз барлық талапқа сай. Қазір дайындық жұмыстары жүруде. Заманауи өндірістік құрал-жабдықтар сатып алынды, алдағы жылдың қаңтарында еуропалық жабдықтарды орнатуға шетел мамандары келеді деп күтілуде», – деді Жанболат Ғайнешұлы.

WhatsApp Image 2025-12-19 at 13.12.29
Фармзауыты жобасының құны – 30,9 млрд теңге. Өңірдің экспорттық әлеуетін арттыратын өндіріс қуаты жылына 15 млн бірлік препаратты құрайды. Жоба жеке және заем қаржысы есебінен жүзеге асырылады. Жоғары технологиялы жобаны “жандандыру” үш кезеңнен (2026-2034 жылдар) тұрады. Жалпы 300 адам жұмыспен қамтылады. 2026 жылы 50 адам жұмысқа алынады. Жоба бастмашылары Еуропа елдерінде, Ресейде фармацевтика, технология саласында тәжірибе жинақтаған біліктілігі жоғары мамандар командасын құрған. Өңір басшысы жобада қарастырылған жұмыс орындарының іс жүзінде болуын қадағалауды тиісті мемлекеттік құрылымдарға тапсырды.
Сонымен қатар, отырыс барысында аталған жоба өкілдері құрғақ қоспа шығаруға бөлінген жер телімін дәрі-дәрмек өндірісі кәсіпорнына қайта рәсімдеуді сұрады. Ал құрғақ қоспа өндірісі Желаев кентіне қоныс аудармақ. Облыс әкімі инвесторлардың түйткілді мәселелерін шешу үшін «Aqjaiyq" ӘКК " АҚ басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Штаб отырысында облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасыбасшысының міндетін уақытша атқарушы Бибігүл Ниетқалиева инвестиция тарту мәселесі туралы баян етті. 2025 жылдың 11 ай қорытындысы бойынша негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 748,3 млрд теңгені құрап, 2024 жылғы сәйкесті кезенімен салыстырғанда 17,2% артты (2024 жылдың 11 ай – 594,5 млрд теңге), оның 38%-ы немесе 284,7 млрд теңге тау кен өнеркәсібіне, соның ішінде 250,5 млрд теңге (33,5%) «КПО б.в.» компаниясына тиесілі.
– 2025 жылдың 11 ай қорытындысы бойынша негізгі капиталға тартылған инвестициялардың жоспарлы көрсеткіші 106,6%-ға орындалып отыр (жоспар - 701,7 млрд.теңге). Өңдеу өнеркәсібі саласында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 53,4 млрд теңгені құрап, 7,2 есеге артты. Негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемінің 39,7%-ы Бөрлі ауданының, 23,2%-ы Орал қаласының, 11,3%-ы Бәйтерек ауданының, 5,9%-ы Ақжайық ауданының, 4,8%-ы Теректі ауданының және 4,5%-ы Казталов ауданының еншісінде. Қалған аудандардың үлесі 3% төмен, – деді Б. Ниетқалиева.

6232380c-894f-4ca9-b5cf-0fee6fe027c0
2025 жылы Орал қаласы және аудан әкімдерімен меморандум жоспары бойынша негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 841 млрд теңге шамасында, соның ішінде:
- Ақжайық ауданы бойынша – 17,4 млрд теңге, орындалуы - 2,5 есе;
- Теректі ауданы – 19,4 млрд теңге, орындалуы - 1,8 есе;
- Бәйтерек ауданы – 53,8 млрд теңге, орындалуы - 1,6 есе;
- Казталов ауданы – 21,4 млрд теңге, орындалуы - 1,6 есе;
- Жаңақала ауданы – 11,6 млрд теңге, орындалуы - 1,5 есе;
- Сырым ауданы – 10,5 млрд теңге, орындалуы – 1,4 есе;
- Тасқала ауданы – 10,9 млрд теңге орындалуы – 96,2%;
- Орал қаласы – 193,1 млрд теңге, орындалуы - 89,7%.
- Бөкейорда ауданы – 13,8 млрд теңге, орындалуы - 84,8%;
- Шыңғырлау ауданы – 14,4 млрд теңге, орындалуы - 78,5%;
- Бөрлі ауданы – 447,8 млрд теңге, орындалуы - 66,3%;
- Жәнібек ауданы – 14,7 млрд теңге, орындалуы - 61,2%;
- Қаратөбе ауданы – 12,2 млрд теңге, орындалуы - 43,4%.
Баяндамашының сөзіне сүйенсек, 2025 жылдың инвестжоспары 841 млрд теңге, соның ішінде желтоқсан айына 92,7 млрд теңге жоспарланған. Аудандар бөлінісінде 843 млрд теңгеге, соның ішінде желтоқсан айында 94,8 млрд теңгеге орындалады деп күтілуде.

WhatsApp Image 2025-12-19 at 13.12.39 (1)
Жиынды қорытындылаған өңір басшысы облыстық инвестициялық штаб жылдық инвестициялық жоспардың орындалуын және аймақтың тұрақты экономикалық өсуін қамтамасыз ету үшін жағдайды бақылауды жалғастыратынын айтты.

Гүлбаршын Дыбысқалиқызы

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале