25.12.2025, 13:00
Оқылды: 13

Тасқала ауданында «Жомарт жүрек  – 2025» премиясы өтті

Мәдени-демалыс орталығында қайырымдылық пен адамгершілікті ту еткен «Жомарт жүрек – 2025» сыйлығының салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

жомарт жүрекк

Қайырымдылық пен мейірім – қоғамның рухани тірегі. Жомарттық – байлықтың емес, жүректің кеңдігі мен азаматтық жауапкершіліктің айқын көрінісі. Бүгінгі марапат – өзгеге қол ұшын созып, қиын сәтте жанынан табылған азаматтарға көрсетілген шынайы құрметтің белгісі. «Жомарт жүрек» сыйлығы жариялылықты емес, адал ниет пен шынайы істі бағалауға бағытталған.

жомарт жүрек

Бұл марапатқа ие болған жандар – адамгершілік құндылықтарды сөзбен емес, іспен дәлелдеген тұлғалар. Олардың өнегелі жолы қоғамға рухани күш беріп, ізгілікке жетелейді. Дана халқымыз: «Жылуы жоқ жүрек – құр кеуде», «Мейірім барда – мұң жоқ», «Жайылымы болмаса, мал азады, мейірімі болмаса, жан азады» деп, ұрпағын қайырымдылық пен мейірімділікке тәрбиелеген. Биылғы «Жомарт жүрек» жылы ел дамуының берік іргетасын қалап жүрген жұмысшы мамандық иелеріне арналды. Бұл – маңдай терімен нәпақасын тауып, қоғам игілігі үшін аянбай еңбек етіп жүрген азаматтарға көрсетілген зор құрмет. Жұмысшы – тек маман емес, ол – ел экономикасының тірегі, өндірістің жүрегі, дамудың қозғаушы күші.Тасқала – тарихы терең, қасиетті де киелі мекен. Талай азаматты түлеткен бұл өңір ерлік пен өнегеге толы. Тасқалалықтар – рухы биік, өр мінезді, жомарт жандар.

жомарт жүрек 7

Салтанатты шара аудан әкімі Талғат Асқарұлының құттықтау сөзімен ашылды. Аудан әкімі ел игілігі жолында еңбек етіп жүрген азаматтарға алғысын білдіріп, «Жомарт жүрек» сыйлығын табыстаудың маңызын атап өтті.Алғаш болып сахна төріне «Жайық Таза қала» ЖШС директоры, Орал қалалық мәслихатының депутаты Ринат Саматұлы Нұрғалиев шақырылды. Ол қаланың тазалығы мен тәртібін қамтамасыз етіп қана қоймай, қоғамдық іске белсене араласып, ел сенімін арқалап жүрген жанашыр азамат. Оның адал еңбегі мен елге қызмет етудегі жауапкершілігі зор құрметке лайық.Келесі марапат иесі – «Тоби» ЖШС бас директорының орынбасары Асланбек Меңдіғалиұлы Рахметов.

жомарт жүрек 6

Өңіріміздегі ірі құрылыс компанияларының бірі саналатын «Тоби» соңғы жылдары Тасқала ауданында бірнеше маңызды жол жобасын сапалы әрі уақытылы жүзеге асырып, ел ризашылығына бөленді. Ақтау, Мерей ауылішілік жолдары мен Мереке, Достық ауылдарына кіреберіс жолдар – соның айқын дәлелі. Компания ұжымы адал еңбек пен азаматтық ұстанымды басты қағида еткен.Қаржы, құқық және қоғамдық келісім саласында табысты еңбек етіп жүрген Қасымов Нұртай Серікбайұлына да «Жомарт жүрек» сыйлығы табысталды. Ол – кәсіби заңгер, медиатор, қоғам қайраткері, бірнеше қаржы ұйымдарының басшысы. Ел бірлігі мен татулығын нығайту жолындағы қажырлы еңбегі, ізгі ниеті мен жомарт жүрегі үшін марапатталды.Мал шаруашылығын ата кәсіп еткен, адал еңбегімен елге үлгі болған «Нұрбек» шаруа қожалығының басшысы Ерикбаев Еркінғали Қуанұлы да сый иегері атанды. Ол табысының игілігін ауылмен бөлісіп, елдің тұрмыс-тіршілігіне жанашырлық танытып келеді.”Арай”шаруа қожалығының басшысы Жамансариев Жарас Николаевич – ауыл шаруашылығында тұрақты еңбек етіп, қайырымдылықты үнсіз жүзеге асырып жүрген кең жүректі азамат. Тоқырау жылдарында шаруашылық құрып, көпке үлгі бола білген еңбегі зор құрметке лайық.Сондай-ақ «Ағайын А.А» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы Бекбулсинов Алмаз Темірболатұлы, «Балмулдин» шаруа қожалығының басшысы Балмулдин Жанболат Ерболатұлы, «Карен» шаруа қожалығының басшысы Мамбетов Есім Каренұлы, «Ханшайым» шаруа қожалығының жетекшісі Гайсина Айгүл Нұрбергенқызы, «Бектасов» шаруа қожалығының басшысы Бектасов Бауыржан Хайрханұлы, «Алтай» шаруа қожалығының басшысы Исмагұлов Алтай Рашқалиұлы, «Жәңгірхан» шаруа қожалығының басшысы Алтмурзин Жарқын Мағазұлы, «Мұрат» шаруа қожалығының басшысы Қазбеков Мейрбек Мұратұлы – барлығы елге сіңірген еңбегі мен жомарттығы үшін марапатталды.

жомарт жүрек фото 1

Шара барысында мәдениет саласының ардагері, өнер иесі  Сұлтангереев те Хайретден Қожандайұлы да “Жомарт жүрек”сыйлығына ие болды. Оның орындауындағы «Жайнай бер, Тасқала» әні көрермен көңілінен ерекше орын алды.Салтанатты кеш «Nur-Ai Group» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Шелеуов Нұртай Жауынбайұлының марапатталуымен қорытындыланды. Ол кәсіпкерлікті ел игілігімен ұштастырып, қайырымдылықты шынайы ниетпен жүзеге асырып жүрген азамат.

жомарт жүрек фото 2

Шара барысында мәдениет қызметкерлерінің әсем әуендері мен мың бұралған бишілердің өнері кештің көркін аша түсті.

Гүлмира Мақанова,

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале