Мемлекет кәсіп бастауға ниетті азаматтардың ойындағысын жүзеге асыруға қолдау білдіріп келеді. Биыл өңірімізде 402 азаматқа мемлекеттік қайтарымсыз грант берілсе, оның 220-сын қыз-келіншектер алған. Мемлекет түрлі бағдарламалар арқылы кәсіптің кеңеюіне септігін тигізуде. «Ауыл аманаты» бағдарламасының игілігін көріп отырған теректілік Альбина Беккужиева осы сөзімізге дәлел.

Альбина Серікқызы Теректі ауданындағы Магистральный ауылында отбасылық бизнесті гүлдендіріп отыр.
– Ауылда анаммен бірге тұрамын. Үйіміздің ауласы кең. Бау-бақша өсіру үшін таптырмас орын. 2020 жылдың жаз айының басында сіңлім Малина екеуміз таңқурай өсіруді бастап кеттік. Жидек өсіру жұмысы сырт көзге тым оңай болып көрінгенімен, оның бейнеті де зор. Күннің аптап ыстығында арам шөбін жұлып, зиянкестерге қарсы дәрі сеуіп, жапырағының бүлінген жерін қиып, уақтылы суын құйып отырса, берер өнімі мол болмақ. Теректіде таңқурай өсірумен айналысатын бағбан аз. Сондықтан болар, сатылымға шығарған өнімді ел-жұрт көптеп сатып алады. Халық сұранысына ие жұмысқа сүйіспеншілігің де артады екен, – дейді кәсіпкер.
Жұмысы өрге дөңгелеп, өнімнің пайдасын көрген соң 2022 жылы жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Содан 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2,5 пайыз үстемемен 3,9 млн теңге несие алып, Беларусь елінен таңқурайдың екі сортын әкелген. Осы күндерде үш сотық жерінде таңқурайға қоса, құлпынай дақылын да егіп жүр.
– Бұл – біздің отбасылық кәсібімізге айналды. Сіңлім Малина және үйдің үлкен-кішісі осы көгалды алқаптың басында күні-түні жүреді. Таңқурай адамның ас қорыту жүйесін қалыпқа келтіреді. Жапырағы да адам ағзасына өте пайдалы. Біз жапырағынан шай демдеп, оны кәсіпкерлік атауы жазылған қаптамаға салып, сатудамыз. «Ауыл аманаты» бағдарламасы – кәсіп бастаймын деген азаматтар үшін өте тиімді жоба. Бағдарламаның бір жылдық несие демалысы да кәсіпкерге зор қолдау-көмек. Алдағы уақытта бау-бақша көлемін ұлғайтып, облыс көлемін толық қамтитындай етіп өнім өндіріп, сатқым келеді, – деді Альбина Беккужиева.
Альбина Орал қаласында дүниеге келген. Колледжде білім алған. Бір қызығы, өмір талабына тез икемделіп, ауылға барып, кәсібін дөңгелетіп отыр. 37 жастағы келіншек – екі перзенттің анасы. Кәсіпкер алдағы уақытта жидекке арналған жылыжай да салғысы келеді.
Бау-бақша жұмысы науқандық жұмыс болғанымен, қыста жидектерден компот жасап сатып отыр. Өз бетінше кәсіп бастап, «Ауыл аманатымен» жұмыс қарқынын күшейтіп, еселі еңбегімен ел алғысына бөленген Альбина ханым көпке үлгі.
Нұр-Бақыт Тұрсынбаев,
Орал қаласы