2025 жыл – Қазақстанда Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланғаны белгілі. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – еңбек адамын ұлықтау, жұмысшы кәсібінің қадір-қасиетін арттыру және жастарды нарықта сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруге ынталандыру. Еңбек – адам өмірінің өзегі, ал кәсіби шеберлік – жарқын болашақтың кепілі. Осы орайда ел көлемінде түрлі бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Солардың бірі – Бөрлі өңірінде өткен мазмұнды да тәрбиелік мәні зор кәсіптік бағдар беру күні.

Бөрлі ЖОББМ, Бөрлі №1 ЖОББМ және Бумакөл мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінің бірлесуімен өткен «Шынайы еңбек – жарқын болашақ кепілі» атты кәсіптік бағдар беру шарасы мектеп оқушыларына түрлі мамандықтар жөнінде кеңінен мағлұмат беруді, еңбек нарығындағы талап етілетін кәсіп түрлерімен таныстыруды мақсат етті.
Іс-шараны ашқан Бөрлі №1 ЖОББМ директоры Шынар Бергалиева, еңбек адамын құрметтеу мен болашақ мамандықты дұрыс таңдаудың маңызын атап өтті. Шараға арнайы шақырылған қонақтар – Бөрлі ауылының учаскелік полиция инспекторлары Жандос Қарабалиев, Жеңіс Ажғалиев, өрт сөндіру қызметінің аға сержанты Ерболат Оразғалиев, Бөрлі колледжінің арнайы пәндер оқытушылары Орынбек Ғабдікарімов, Нұралы Қапанов, ландшафтық дизайн мамандығының оқытушысы Лаура Гильманова, мектеп медбикесі Гүлсім Байниязова өз сала ерекшеліктері жөнінде жан-жақты ақпарат берді. Олар мамандық таңдау тек болашақ табыс емес, өмірлік жолды айқындайтын жауапты қадам екенін ерекше атап өтті.

Бөрлі колледжінің оқытушылары жас талапкерлерге тәжірибелік жұмыстарын көрсетіп, түрлі кәсіптің қыр-сырын іс жүзінде таныстырды. Бұл балалардың қызығушылығын арттырып, болашақ мамандық туралы түсінігін тереңдете түсті.
Танымдық кездесу барысында мектеп ұжымы да өз өнерлерін көпшілік назарына ұсынды. 4-сынып оқушысы Алихан Асқар «Көкпар» әнін орындаса, 8–9 сынып оқушылары Жангүлім Жакиева, Диляра Жұмағұлова, Альмира Маратова, Алина Амангелді «Мереке» биін билеп, мерекелік көңіл-күйді одан әрі әрледі. Бөрлі №1 ЖОББМ-нің кәсіби бағдар беру маманы Сәндеш Ештекенова атаулы шараға қатысқандарға арнап ән орындады.
Бөрлі ауданы бойынша іргелі мектептердің осы басқосуында мектеп түлектеріне «Жоғары сынып оқушыларының мамандық таңдау жолдары» тақырыбында Бумакөл мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінің кәсіби бағдар берушісі Айзада Мұқташқызы, Бөрлі ЖОББМ-нің кәсіби бағдар маманы Динара Ғұбайдуллақызы көрсетілім ұсынып, пікір алмасуға шақырды.

Бұл мазмұны терең, тәрбиелік мәні зор кәсіби бағдар беру күні оқушылардың еңбекке деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың болашақ мамандыққа деген көзқарасын қалыптастыруға ықпал етті. «Шынайы еңбек – жарқын болашақ кепілі» атты шара – жұмысшы мамандықтар жылында өскелең ұрпаққа нақты бағыт беретін игі бастамалардың бірі болды.
Айжарық Нұр
Бөрлі ауданы