26.12.2025, 18:00
Оқылды: 15

Өмірді таңда!

Есірткі бизнесі мен жасөспірімдер арасындағы нашақорлық – қоғамның қауіпсіздігіне төнген елеулі қатерлердің бірі. Қазір «закладчик» сияқты жасырын есірткі таратушылардың көбейюі, әлеуметтік желілер арқылы жасөспірімдерді арбау оқиғалары, жастардың санасына әсер ететін қауіпті тенденцияларды күшейтуде. Осындай жағдайда спорттың рөлі бұрынғыдан да маңызды: ол жас буынды салауатты өмірге жетелеп, зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстауға көмектеседі, қауіпті ортадан алшақтатып, бос уақытты дұрыс ұйымдастырудың ттиімді құралына айналады.

репортаж (1)

Салауатты өмір дағдысын әдетке айналдыру бағытындағы профилактикалық жұмыстың бір маңызды үлгісі ретінде Бөрлі ауылдық округіндегі білім беру ұйымдарында өткен волейбол турнирін айтуға болады. Шараны аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері – полиция капитаны Гүлмира Мамаева, криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі Арыстан Каражанов, Жандос Карабалиев, сондай-ақ аудандық «Ашық көмек» қоғамдық қорының қолдауымен директоры Ботагөз Байқадамова ұйымдастырды.

Турнирге Бөрлі колледжінің студенттері мен Бөрлі №1 жалпы орта білім беретін мектептің оқушылары қатысып, тартысты ойын көрсетті. Командаларды ойынға баптап дайындаған жаттықтырушылар Бағдат Мендіханов,  Әлімжан Әкімжанов, Оксана Рудь (Бөрлі колледжі), Оразбек Нұрғалиев (Бөрлі №1 ЖОББМ)  әр командаға жеңіс тіледі. Жастардың эмоциясы, командалық рухы, бір-біріне деген қолдауы — шынайы спорттық атмосфераны қалыптастырды. Бұл тек жарыс емес, өмірлік маңызды таңдау — спорт пен салауаттылықтың пайдасын сезіндіру алаңы болды.

Полиция қызметкерлері ойын алдында жасөспірімдерге нашақорлықтың зияны, есірткінің қылмыстық жауапкершілікке әкелетіні, «закладчик» болудың өмірді бұзатын қауіпті жол екені туралы түсіндірме жүргізді. Олардың айтуынша, есірткі бизнесіндегі ең үлкен қауіп — жастардың оңай ақшаға қызығуы. Ал спорт, керісінше, төзімділікті, тәртіпті, дұрыс орта таңдауды, дене мен сананы шынықтыруды үйретеді.

репортаж (2)

Волейбол додасы барысында жастар тек бәсекелесіп қоймай, бірігіп әрекет етудің қуанышын сезінді. Дәл осындай ортада жасөспірімдерге зиянды әдеттерден гөрі пайдалы әуестік табу әлдеқайда жеңіл. Спорт – адамды дұрыс жолға бағыттайтын, қоғамнан қолдау табуға мүмкіндік беретін күш. Ойын қорытындысында жеңімпаз командалар мен үздік ойыншылар дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды. Бұл марапаттар тек турнирдің нәтижесі емес — жасөспірімдер үшін алға ұмтылуға, денсаулықты нығайтуға қосылған мотивация. Осындай іс-шаралар көбейген сайын, болашаққа деген сенім де арта түседі. Өйткені спорт таңдалған жерде — өмір, денсаулық және үміт бар.

Айжарық Нұр

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале