Жаңақазан ауылында отбасылық кәсіптің жарқын үлгісі қалыптасып келеді. Жеке кәсіпкер Гауһар Молдағалиева мен жолдасы Тұрарбек Ажығалиев маңдай тер, табандылық пен адал еңбектің арқасында шағын бизнесті дамытып, ауыл тұрғындарына сапалы қызмет көрсетіп отыр.
Гауһар Қуанышқызы 2022 жылы мемлекеттік қолдаудың арқасында қайтарымсыз грант ұтып алып, ауыл ішінде тегершік жөндеу қызметін іске қосты. Темір тұлпарға қатысты қызметке деген сұранысты дөп басқан бұл кәсіп көп ұзамай халықтың ризашылығына ие болды. Қарапайым шиномонтажбен шектелмей, көлікке байланысты өзге де ұсақ-түйек қызмет түрлерін қатар алып жүріп, кәсібін біртіндеп кеңейте бастады.
Ал бүгінде отбасының тірегі, кәсіптің негізгі тіреуіне айналған Тұрарбек Әсетұлы істі жаңа деңгейге көтеріп, заманауи автосервис орталығын ашты. Бұл — тек кәсіпті кеңейту ғана емес, ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындары мен сапалы қызметтің қолжетімді болуына жасалған нақты қадам.
Автосервис орталығының ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қажиев пен Жаңақазан ауылдық округінің әкімі Сәдуақас Ғұбашев қатысып, кәсіп иелерін құттықтап, отбасылық бизнеске сәттілік тіледі. Олар мемлекеттік бағдарламалардың нақты нәтижесі осындай еңбекқор жандардың ісінен көрінетінін атап өтті.
Тұрарбек Өсетұлы – қарапайым еңбекпен шыңдалған, жауапкершілікті терең сезінетін азамат. Дөңгелек жөндеу ісі сырт көзге оңай көрінгенімен, адам өмірінің қауіпсіздігі тікелей байланысты екенін жақсы түсінетін ол әр қызметке аса мұқият қарайды. Оның басты қағидасы – адал еңбек пен сапалы қызмет. Сол себепті де ауыл тұрғындарының сеніміне ие болып отыр. Ал Гауһар Құбығұлқызы – іскерлігі мен төзімділігін қатар ұстаған, отбасы мен кәсіпті тең алып жүрген іскер ана. Мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланып, оны нақты нәтижеге айналдырған кәсіпкердің бұл еңбегі көпке үлгі.
Отбасылық кәсіп – тек табыс көзі ғана емес, бірлік пен сенімнің, ортақ мақсаттың жемісі. Жаңақазан ауылындағы бұл автосервис – соның айқын дәлелі. Алдағы уақытта кәсіп иелері қызмет аясын кеңейтіп, ауыл халқы үшін жаңа мүмкіндіктер ұсынуды жоспарлап отыр.
Сыйлыхан Талапұлы
Жаңақала ауданы