Бүгін Сырым ауданы Жосалы ауылында көптен күткен – Абдолла Жұмағалиев атындағы мектеп-балабақша-бөбекжай кешенінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Игілікті шараға Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин мен аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов, Сырым ауданы мәслихатының төрағасы Шынар Дүйсенғалиева, ардагер ұстаз Асан Жүсіпов және ауыл тұрғындары, ардагер ұстаздар, ата-аналар мен мектеп оқушылары қатысты.

Қатысушылар Ұлы Отан соғысының ардагері, қаһарман қаламгер Абдолла Жұмағалиевтің рухына тағзым етіп, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Мектеп ажары оқушылардың қатысуымен ұйымдастырылған «Абдолла жырларынан шабыт» атты әдеби-сазды композиция мен өнерпаздар шеруімен ашылды. Көрермендер білім ошағы ұжымы дайындаған “Білім” және “Жетістіктер” көрмесіне де оң баға берді.

Салтанатты ашылу шарасында Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин мен аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов, ардагер ұстаз Асан Жүсіпов, Сырым ауданы мәслихатының төрағасы Шынар Дүйсенғалиева және “Наурыз” ЖШС өндірістік директоры Нұрболат Рысқалиев сөз сөйледі.
Халық, әсіресе бала оқытып отырған ата - аналар күрделі жөндеу жұмыстарын уақтылы әрі сапалы аяқтағаны үшін мердігер «Наурыз» ЖШС-іне ризашылықтарын білдірді.
Сонымен қатар, жиналған қауым оқушыларға сапалы білім алып, ел ертеңі болуға, туған ауылдың атын танытуға тілектестігін білдірсе, ұстаздарға – ұрпаққа саналы тәрбие мен сапалы білім беру ісінде табыс тіледі.
Сөз соңында жаңа кейіпке енген білім ордасын ұқыпты пайдалану, күтіп ұстау – бүкіл мектеп ұжымының ортақ міндеті екені айтылып, жұртшылық игі тілектермен тарқасты.
Айта кетейік, Жосалы топырағында білім үйі 1924 жылы тұрған. Абдолла Жұмағалиев атындағы мектептің қазіргі ғимараты 1988 жылы салынған. Бірақ, оқушы аяғы тоздырды, заман аздырды. Ақыры, ақ таң Жосалының да төбесінен атты - ау!
Күрделі жөндец жұмысы 2025-2026 оқу жылында мектептерді жаңғырту жоспарына сәйкес, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде жүргізілді.

Мектепте 26 педагог қызмет атқарады. Ғимаратта 17 оқу кабинеті бар. Сонымен қатар спортзал, кітапхана, 90 орындық акт залы, 80 орындық асхана, ал аулада 1 ойын, футбол, баскетбол, жүгіру және спорт алаңдары бар.

Мектепте 103 оқушы білім алады.
Мектепті күрделі жөндеумен қатар жаңа жиһаздармен толықтырылып, панель тақталар, робототехника, цифрлық, STEM кабинеттерімен жабдықталды.
Қоңдыкер Елеуов
Сырым ауданы