30.12.2025, 14:30
Оқылды: 537

"Сырым елі": Жылдар мен жолдар

“Сырым елі” қоғамдық - саяси газетінің 95 жылдығына орай Сырым ауданында «Жымпитыдағы еркіндік үні» атауымен өткен мәдени - көпшілік шаралар өткені туралы жаздық. Күн “Сырым елі: жылдар мен жолдар” атты бенефиспен қорытындыланды.

PHOTO-2025-12-29-20-22-47

ҚР Президенті Қасым – Жомарт Тоқаев бұқаралық ақпарат қызметкерлерімен кездесуінде сөйлеген сөзінде:
- Ұлт баспасөзі мен ұлт мүддесі қай кезде де өзектес болған. Қазір де солай. Біздің мақсат-мұратымыз ортақ. Бұл – баршаға тең мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құру. Мен бүгін медиа саласы мамандарының осы жолдағы қажырлы еңбектері үшін шынайы ризашылығымды білдіремін, – деген еді.

«Сырым елі» газетінің ғасырға жуық тарихына зер салсақ, Мемлекет басшысы айтқандай қалам ұстаған қауымның қажырлы еңбегі, заманның үні жатыр. М.Есламғалиев атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің газет тарихына арналған көрмесі қараған адамдарды дәуірлер даңғылымен саяхатқа шақырады.

Бенефистің сахналық студиясында газет табыстырған тағдырлар, жарты ғасырлық жанұяның шырақшылары - Махмет Қажиахметов пен зайыбы , корректор Ботагөз Нұғманова сұхбат берді.
Газет журналистері Шынар Молданиязованың жымпитылық қайсар ару Айша Асылбекқызының өмір үшін күресі баяндалған мақалалар сериясы, Айжан Амангелдинаның армрестлингтен Әлем чемпионы Гауһар Рустамова туралы “Медаль бар, грант жоқ!” атты мақаласы оқырмандар есінде. Сол жарияланымдар қоғамның қолдауына ие болып, өрімдей Айшаның өрлігіне ел сүйсінді. Айша қыз кеше Қадырдың өлеңін оқыды.

Ал мақаладан кейін чемпион Гауһарға атымтай азаматтар жоғары оқу орынына грант ұсынған екен. Ол туралы студия төріне келіп Гауһардың бапкері Төлеген Құраш айтты.
Газеттің әлеуметтік желісі арқылы танылып, “Qazaqstan” ұлттық арнасының эфирінен бір шыққан боранда жоғалған ауылдасын трактор күрегіне шығып алып іздеген әкім Батырғали Иманқұловты да халық қошеметке көмді.

PHOTO-2025-12-29-20-22-40
Салтанатты сәтте Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкеева газет тойына өңір басшысы Нариман Төреғалиевтің құттықтауын жеткізді. Биыл жетпістің биігіне жеткен ақын Махметке де әкім құрмет хаты мен шапанын беріп жіберіпті.

PHOTO-2025-12-29-20-22-29
Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов басылымның ауданның қоғамдық - саяси өмірдегі орынын айтып, бұқаралық ақпарат саласына тұрақты қолдау болатынын жеткізді. Кейін “Жайық Пресс” медиахолдингінің бірқатар қызметкерлеріне алғыс хат тапсырды. Ал, серіктестік басшысы Дархан Оразов ұжым мүшелерін марапаттады.
“Сырым елі” қоғамдық - саяси газетінің 95 жылдығына орай Қазталов ауданы әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев Асланбек Сарқұловтың құттықтауы мен кәдесыйын тапсырды. Осындай сәлемдеме мен сыйлық Қаратөбе ауданының әкімі Қадыржан Сүйеуғалиевтен де келді. Оны Қаратөбе аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұртас Сафуллин табыс етті.
Редакцияның көлік жүргізушісі Темірболат Құспановтың өңіріне бұқаралық ақпарат саласындағы қалтқысыз қызметі үшін “Сырым ауданының Құрметті ардагері” төсбелгісі тағылды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М. Әлібекұлы “Жұмысшы мамандықтар жылының” айшығын осылай көрсетті.
Кездесу кешінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші - сазгер Донеділ Қажымов, әнші - термеші Мерген Мұқанов ән шырқады.
“Сырым елі” газетінің тойын Алмас Елшібеков “Жасай бер елі Сырымның!” әнімен жапты.

- Жымпиты жерінде аудандық қоғамдық-саяси газеттің 95 жылдығына орай өткен тағылымды іс-шаралар кейіпкерлермен кездесу кешімен қорытындыланды. "Газет тойы - оқырман тойы" десек, бұл басылым мен бұқараның берік байланысын көрсеткен басқосу болды.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын аудандық газет ардагерлері мен саптағы сарбаздардың қалтқысыз қызметіне құрмет деп қабылдадық.

PHOTO-2025-12-29-20-22-33

Бай шежірелі басылымның оқырманы ортаймасын. Газет қызметкерлерінің қаламы мұқалмасын, қалтасы жұқармасын! - дейді шараны жүргізген тележурналист Біржан Кухаев.

Б. Шерім,
Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале