Бүгін өңірде еңбек адамын ұлықтауға арналған салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес ел дамуына, қоғамның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға және жұмысшы мамандықтарының беделін көтеруге қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар азаматтар мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды.

Салтанатты шара барысында марапаттарды Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев табыстады. Өңір басшысы өз сөзінде марапат иелерін құттықтап, олардың еңбегі – ел дамуының берік негізі екенін атап өтті.

«Баршаңызбен Жаңа 2026 жыл мерекесі қарсаңында жүздесіп отырғаныма қуаныштымын! Өткен жыл өңіріміз үшін табысты әрі мазмұнды болды. Экономиканың негізгі салаларында оң көрсеткіштерге қол жеткізіліп, өндіріс пен кәсіпкерлікті дамыту, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, инвестиция тарту, білім беру мен денсаулық сақтау сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылды. Ауылдық елді мекендерді дамыту, жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту, тұрғын үй құрылысы мен халықты әлеуметтік қолдау мәселелері тұрақты назарда болды», – деді өңір басшысы.

Марапаттау барысында ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі, сондай-ақ «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі табысталды. Бұл марапаттар – адал еңбек пен кәсіби біліктіліктің, қоғам игілігі жолындағы табанды қызметтің жоғары бағалануы.

Шара соңында облыс әкімі марапат иелеріне зор денсаулық, отбасыларына амандық, алдағы жұмыстарына толағай табыс тіледі. Осындай еңбек адамдары – ел дамуының басты тірегі екені атап өтілді.
Бекзат Қанәділ
фотоға түсірген автор
zhaikpress.kz
