Қоладан құйылған мүсіндей адамдар болады. Әңгіме физикалық күйлері жайында ғана емес, болмыстары турасында да болып тұр. Олар иілуге жоқ, бірақ шалқаймайды да. Құйылған қалыптары. Тағдыр желі, замана құйыны басқаларды шыр айналдырып жатқанда, шайқалмай тұғырында қалатындар да солар. Міне, Бауыржан Бегайдаров сондай адам.

Бауыржан – Бұлдырты ауылының тумасы. Еркін күрес, грек-рим күресі, самбо, дзюдо және қазақша күрес бойынша спорт шеберіне үміткер. Кезінде жасөспірімдер арасында Қазақстанның чемпионы болғаны – бір дәурен.
Сары құмының өзі сары татамиге ұқсайтын ауылда туған балаға күрес бөтен болсын ба?!
Бауыржан – жеті баланың бірі. Әкесі Болат темір тракторды тоздырған механизатор, жанұясында да темірдей тәрбиені ұстанатын әке еді. Бауыржандар да әкелерінің қабағынан ығатын, шама келсе “Белбеу қайда?!” - дегізбеуге тырысатын.
Керісінше, марқұм әжесі Қанзекеш бала - гүл, оны мейіріммен суару керек деп ойлайтын. Жарықтықтың жүрегінің жылуы барлық немере - жиенді жылытуға жететін.
Өсе келе байқайды, Бауыржанның бойында әке мен әжеден сіңген ыстық пен суықтай қос қасиет қабат өріліпті. Ол мейірі түссе қоянның терісінен жұмсақ, ал - намыс десе қамшыдай шарт етеді.
Ауыл мектебінен әліппе ашқан Бауыржан 11 жасында Орал қаласындағы С.Сейфуллин атындағы №11 мектепке ауысты.
1996 жылы Алматы қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спортқа дарынды балаларға арналған Республикалық мамандандырылған мектеп-интернатына түсті.
Оның ең бірінші еркін күрес залының есігін ашты. Жасөспірімдер арасындағы ҚР біріншілігінің жүлдегерінен халықаралық турнирдің жеңімпазына дейінгі жолды жүріп өтті.
Сладо күресінен жасөспірімдер арасында екі дүркін әлем чемпионы атанды. Алғаш рет алтыннан алқа таққан жері - Қырымның Судак қаласы.
Ал, Кишиневтегі белдесу кеше ғана болғандай. Қос балуан ортаға шақырылды. Бауыржан Бегайдаров және кілем иесі. Бұлшық еті бұлтылдап, бойдағы арыны жүрек тығынын аспанға атып жіберердей арындап тұрған шағы бозбала Бауыржанның. Біздің жігіт молдавон балуанын туған елінің алдында көтеріп алып, жерге қайта соққанда трибуна тынып қалды.
Әрине, әр белдесу мен үшін ұлы оқиға, әр медальдың салмағы бар. Бірақ, мені спорт әлеміне таныстырған осы Кишиневтегі жеңіс!- дейді Баукең.

Бауыржан 2000 жылдары Оралбек Қожагелдиннің жетекшілігімен
«Сырым» күрес мектебінде еркін күрестен бапкер болды. Оралбектің де, Бауыржанның да мақсаты бір еді, ол - күштің емес, ақылдың иелерін тәрбиелеу, залдан чемпион емес, қазаққа пайдасы тиетін адам шығару.
Осы мұрат Бауыржанды әлі күнге алға жетелеп келеді. Ол жас ұрпаққа “тірі” үлгі болуға тырысады. Сондықтан да, спорттық бабына қатты көңіл бөледі, жасы қырықтан асса да өзіне қатаң талаптар қояды.
Бауыржан Бегайдаров 2016-2022 жылдар кезеңінде ардагерлер және спорт шеберлері арасындағы еркін күрес, грек-рим күресі, самбо, дзюдо және қазақша күрестен бірнеше дүркін ел чемпионы атанды.
Самбодан 35–39 жас санатындағы республикалық турнирдің екі мәрте жүлдегері болды. Еркін күрестен ардагер спортшылар арасында өтетін Республикалық жарыстың дивизионында бас жүлдегер болғаны, парадзюдодан ерлер арасында ҚР чемпионатының алтынын алғаны жаңа буынға жігер берді, шабыт сыйлады. Күрестен қолы босаса, марафондарға қатысатын Бауыржан Бегайдаров күні кеше, желтоқсанның 19 - ыншы жұлдызында 45-тің белесіне жүгіріп жетті. Бозкілемдегі дәурені аяқталмаған балуан әлі әлемдік додада қазақтың туын көтергісі келеді. Оған дайындық та жоқ емес.
Бауыржан ағамызбен жақында жолыққанымыз бар. Ағалықтың ауылына аттап кірген ол енді басқа уайым басталды деген әңгімені айтты.
“Інілеріме қандай аға боламын?! Оларға не үйретпекпін?!” - деген сауалдар оның санасын мүжиді екен.
Содан ба екен, ол спортшыдан кейін спорт менеджеріне айналып бара жатқандай көрінеді. Еркін күрес, грек-рим және әйелдер күресі бойынша қоғамдық бірлестіктің жұмысын жолға қойып, қазіргі уақытта Құрметті президенті болған ол БҚО дене шынықтыру және спорт ардагерлері қоғамдық бірлестігінің орынбасары ретінде жемісті жұмыстар атқарды.
Бауыржанның көңілін сүйсіндіретін бір жаратылыс болса - ол, сәйгүлік. 2024 жылы оған Батыс Қазақстан облыстық «Бәйге» федерациясының вице-президенті болу мәртебесі ұсынылды. Сөйтіп, ұлттық спортқа да аз - кем қызмет қылған.
Бауыржан мырза Батыс Қазақстан облысында спорттың дамуына белсенді түрде үлес қосып келеді. Еркін күрес, грек-рим күресі, дзюдо, сондай-ақ ұлттық спорт түрлерінен (бәйге, марафон) өңірлік және республикалық деңгейдегі ауқымды іс-шараларды ұйымдастырды.
Халықаралық және әлемдік жарыстарда ел намысын қорғаған чемпиондар мен жүлдегер спортшыларды марапаттап, олардың жетістіктерін халыққа кеңінен насихаттауға атсалысты.
Бәрі де сол ағалық ақ пейілінен.
Баукең кеше облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының жыл қорытындысы салтанатында “Жалын-2025” сыйлығының “спорт жанашыры” аталымы бойынша марапатталды. Костюмінің өңірінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Дене шынықтыру және спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі жарқырайды.
Батыр ағаның кең кеудесі «Сырым Датұлы» атындағы төсбелгі мен
“Халық батыры Оралбек Қожагелдин” атындағы медальді лайық көтеріп жүр. Оған қоғам “Халық құрметі”, “Қазақстан патриоты” атақтарын да ұсынған.
Бұл күні жас буын үлгіні экранның арғы жағынан іздеп жүр. Оларға Бегайдаровтың тәрбиесі сағаты керек секілді. Бозбалалар түгілі жасы отыздан асқан біздер де Бауыржан ағамыздың өмірлік ұстанымдарынан өнеге табамыз. Аман жүр, қола мүсінді балуан аға!
Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы