1.01.2026, 10:00
Оқылды: 180

Жылқы жылынан не күтеміз?

Дәл  осы  сауал  көпшілікті  толғандыратыны  анық.  Осыған  орай  біз  психолог,  сандық  кеңесші  және  кәсіби  бағдар  беруші  маманның осы жылға қатысты  болжамдары  мен  пайдалы  кеңестерін  топтастырдық.  Мамандар  жылқы  жылын  белсенділікпен,  өзгерістерге  дайындықпен  және  жеке  дамуға  бет  бұратын  кезең  ретінде  сипаттайды.  Ендеше,  сала  мамандарының  пікірлерін  бірге  оқиық.

Golden 2026 Typography with Horse Figure on Red Background. 3D Render

Сурет: istockphoto.com

WhatsApp Image 2026-01-01 at 10.04.21

Ботакөз Тасеменова, психоанализ бағытындағы психолог:

– Психологиялық тұрғыдан алғанда, биылғы жыл біз үшін ішкі шындықпен бетпе-бет келетін кезең болады. Психоанализде сыртқы тұрақсыздық адамның ішкі әлемінде бұрыннан бар қақтығыстарды күшейтеді деп қарастырылады. Соңғы жылдардағы белгісіздік, әлеуметтік және экономикалық қысым адамдардың бейсанасында жиналып қалған қорқыныш, ашу, жоғалту сезімдерін сыртқа шығарып отыр.

Жылқы жылы адамдарда мазасыздық, жалғыздық сезімі, эмоционалдық шаршау күшеюі мүмкін. Бірақ бұл тек дағдарыс емес – бұл өз ішкі әлеміне назар аударуға шақыру. Биылғы жыл өзін-өзі тану мен қайта бағалау кезеңі болуы керек. Адамдар бұрынғы әдеттерін, қарым-қатынастарын, өмірлік мақсаттарын қайта ой елегінен өткізуге тырысады. Сондықтан алдағы жыл психологиялық тұрғыдан «оятушы» жыл болуы мүмкін: кім өз сезімдерін тыңдауға, жауапкершілік алуға дайын болса, ол үшін бұл кезең ішкі өзгерістер  мен  жетілудің  мүмкіндігіне  айналады.

Жылқы жылын адамның ішкі динамикасын, импульстерін және еркіндікке деген ұмтылысын айқындайтын символдық кезең ретінде қарастыруға болады. Маңыздысы, ішкі «жылқыны» жоққа шығармай, оны саналы түрде бағыттай білу. Жылқы жылында басты міндет – жүгіру емес, қайда және не үшін жүгіріп жүргеніңді түсіну.  Жалпы алғанда, алдағы жыл сыртқы жетістіктен гөрі ішкі тұрақтылықты іздеуге, психиканы реттеуге және саналы өмір сүруге шақыратын кезең болады.

Негізінде, әр жылдың қандай болатыны жұлдызға да, жыл атауына ғана емес, ең алдымен әр адамның өзіне қойған мақсаты мен ішкі мүддесіне байланысты. Бір адам үшін Жаңа жыл өсу мен қозғалыс кезеңі болса, екінші адам үшін бұрынғы сценарийді қайталау болуы мүмкін. Биылғы жылдың  айырмашылығы – адамның ішкі  бағыты  мен таңдауларында.

WhatsApp Image 2026-01-01 at 10.04.05

Гүлнар Сапарова, сандық  кеңесші:

– Өмір заңдылығы 9 циклмен дамиды. Адам баласы ана құрсағында да 9 ай жатады. Табиғатта, жаратылыста бұл заңдылық айқын көрінеді: 9 жыл, 9 ай, 9 күн – бәрі де бір ырғаққа бағынады. Бұл – өзгерістің, толысудың және жаңарудың белгісі.   Біз өткен жылды артқа тастап,  2026 жылмен қауышып отырмыз. Жаңа жылымыз жарылқап, ескі жылымыз есіркесін.

2025 жыл – 9 циклдің аяқталу кезеңі. 2025 жыл: 2 + 0 + 2 + 5 = 9.  Өткен жыл  өтпелі кезең ретінде ескіні түгендеп, өміріміздегі пайдасы жоқ дүниелермен қоштасуға мүмкіндік берді. Ескі жобалар, қажетсіз әдеттер, кейбір қарым-қатынастар өз миссиясын аяқтап, артта қалды.  Бұл – табиғи әрі заңды үрдіс.

2026 жыл – жаңа өмірдің бастауы. 2026 жыл: 2 + 0 + 2 + 6 = 10 → 1. Бұл – күн жылы, жаңа циклдің басталуы. 1 саны – жаңалықтың, бастаманың, көшбасшылықтың, даралықтың символы. Яғни 2026 жыл – «Өмір» атты кітаптың жаңа парағы ашылатын уақыт. Бұл жыл жауапкершілікті өз мойнына алып, қорықпай әрекет еткен адамдарға үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Жылдың өзі «жақсы» немесе «жаман» болмайды. Жыл – тек энергия. Ал сол энергияны қалай пайдаланатыны адамның өзіне байланысты.

2026 жыл тек ойланумен шектелмей, батыл қадам жасауға, көптен бері көкейде жүрген жоба мен мақсатты іске асыруға, екіұдай боп жүрген мәселелер бойынша нақты шешім қабылдауға шақырады.  Бұл жыл –  көшбасшылықты, белсенділікті, тәуелсіздікті талап етеді. Ел алдында сөйлеу, ораторлық қабілетті дамыту, стратегиялық ойлау, өз орныңды айқындау – осы жылдың басты тақырыптары. Тіпті «жұлдыз болсам» деген арманды жүзеге асыруға да қолайлы кезең. Сондықтан энергияны дұрыс қолдану маңызды.  Егер адамның ішкі жан дүниесі керемет болса, бұл жыл жаңа іс ашуға, дұрыс стратегия құруға көмектеседі. Ал ішкі күйі минусқа түскен адамдарда өзімшілдік күшейіп, күйзеліс пайда болуы мүмкін. От энергиясы өте күшті. Оны нақты мақсатқа бағыттамаса, адамды іштен «жандырып» жіберуі ықтимал. Бұл шаршау мен күйзеліске әкелуі мүмкін. Сондықтан 2026 жыл адамды өмірге жаңа көзқараспен қарауға үйрету үшін келген.

Әр адам жеке жыл энергиясын білу арқылы сол жылға қандай мақсат қойып, қандай жоспар құру керектігін анықтай алады. Жеке жылыңызды есептеу үшін 2026 + туған күніңіз + туған айыңыз қосылады. Шыққан санды біртаңбалы сан қалғанша қосып отырасыз. Шыққан өз саныңыз арқылы бұл жылға қандай мақсат қою керектігін біле аласыз. Немесе сандық кеңесшіге жүгініп, жеке жылды есептеп, соған сай стратегия құру – нәтижелі қадам. Өйткені жаратылыс заңдарына сүйеніп, зерттеп, талдап басталған әрбір іс берекелі болып, өз  жемісін  берері  анық.

WhatsApp Image 2026-01-01 at 10.03.19

Гүлайна  Аманжолова, №14  орта  мектебінің кәсіби  бағдар  беруші  педагогы:

– Бүгінгі таңда еңбек нарығы өте жылдам өзгеруде. Бұрын сұранысқа ие болған кейбір мамандықтар өзектілігін жоғалтып, олардың орнына жаңа бағыттар пайда болуда. Сондықтан кәсіби бағдар беру кезінде біз оқушыларға тек мамандықты емес, заман талабына сай икемді болуды үйретуіміз керек.

Қазіргі таңда ең трендтегі мамандықтардың қатарында IT саласы алдыңғы орында. Бағдарламашы, веб-дизайнер, мобильді қосымша жасаушы, киберқауіпсіздік маманы, жасанды интеллектпен жұмыс істейтін инженерлерге сұраныс өте жоғары. Бұл мамандықтар тек Қазақстанда емес, әлемдік деңгейде де өзекті. Сонымен қатар инженерлік-техникалық мамандықтар, әсіресе мұнай-газ, энергетика, экология, логистика және құрылыс саласына қатысты мамандар әлі де қажет. Әсіресе Орал өңірі үшін бұл бағыттар айрықша маңызды деп ойлаймын. Өндіріс пен табиғатты қорғау қатар дамуы тиіс, сондықтан эколог, қоршаған ортаны қорғау инженері, жасыл технологиялар маманы болашақта сұранысқа ие болмақ. Бұдан бөлек, педагогика, медицина және әлеуметтік сала мамандықтары – қоғам үшін әрдайым қажет бағыттар. Қазіргі таңда бұл салаларда цифрлық технологияны меңгерген, жаңашыл ойлай  алатын  мамандарға  басымдық  берілуде.

Ал жастар арасында соңғы жылдары креативті мамандықтарға қызығушылық артып келеді. Контент-мейкер, SMM маманы, эко-блогер, туристік бағыттағы гид-нұсқаушы сияқты кәсіптер де трендке айналып отыр. Бұл – жастардың еркін ойлайтын, өз идеясын іске асыра алатын буын болып қалыптасып  келе  жатқанын  көрсетеді.

Кәсіби бағдар беруші ретінде мен үшін ең маңыздысы – оқушының қабілеті мен қызығушылығын ескере отырып, оны болашақта қоғамға пайдалы, өз ісіне сүйіспеншілікпен қарайтын мамандыққа бағыттау. Себебі тренд уақытша, ал мамандық таңдау – өмірлік  шешім.

 

Дайындаған  Гүлжамал  Жолдығали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале