Биыл шыға бастағанына 90 жыл толғалы отырған аудандық басылым тарих жылнамасындағы кезеңдерді бүгінгі уақытқа жеткізді. Сол кездегі газеттің сарғайған беттерін парақтап отырсақ, көз алдымызға аға-апаларымыздың жасаған қызметтері, ауылдың тыныс-тіршілігі елестейді.

Қатарлары сиреп бара жатқан көнекөздердің әңгімесіне құлақ түрсек, газетте қызмет істеген әріптес аға-апалардың еңбегіне қайран қаласың! Жұмасына үш рет шығатын газетті баспахана қызметкерлері қолмен теріп, уақтылы үлгірген. Бүгінгі заманауи техника жоқ заманда қаламсаппен жазып, жазу машинкасы арқылы баспаханаға беру көп тер төгуді қажет ететіні сөзсіз. Солардың қатарында бүгінде арамызда жоқ ағалардың қызметтері жайлы аз-кем әңгімелеуді жөн санадық. Сонау 60-80 жылдар аралығында қызмет жасаған Ибат Салыхов, Зайдолла Қабдығалиев, Сүйеш Қаженов, Ерболат Бажуков, Сағын Кереев, Захар Батырғалиев, Қабдығали Жақып, Смағұл Абдрахов, Төлеген Ғиниятов аудандық басылымда қажырлы қызмет жасап, тер төкті.

Қазақ журналистикасында өзіндік қолтаңбасын қалдырған, өңірлік баспасөздің дамуына өлшеусіз үлес қосқан қаламгерлердің бірі – Зайдолла Қабдығалиев. Ол 1936 жылғы 10 ақпанда (туған жылының нақтысы — 1934 жыл) Батыс Қазақстан облысы, Қазталов ауданына қарасты Қазталовка ауылында жұмысшы-шаруа отбасында дүниеге келген.

Жастайынан білімге құштар, сөз өнеріне бейім болып өскен Зайдолла Қабдығалиев 1955–1960 жылдар аралығында Алматы қаласындағы С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде білім алды. Жоғары оқу орнын үздік тәмамдап, журналист мамандығы бойынша диплом иеленді. Студенттік жылдары-ақ қоғамдық өмірге белсене араласып, шығармашылық қабілетімен көзге түсті.
Жоғары білім алғаннан кейін Зайдолла Қабдығалиев Кеңес армиясы қатарында қазіргі Түрікменстан аумағында әскери борышын өтеп, кіші лейтенант шенінде қызмет атқарды. Әскери тәртіп пен жауапкершілік кейінгі еңбек жолында да оның кәсіби қалыптасуына зор ықпал етті.
Еңбек жолын 1960 жылдың қазан айында туған ауылы Қазталовкадағы «Коммунизм жолы» аудандық газетінде бастаған жас журналист аз уақыт ішінде іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленді. 1961 жылдың наурыз айында аталған басылымның жауапты хатшысы болып тағайындалып, бұл қызметті 1982 жылдың қараша айына дейін абыроймен атқарды. Осы жылдар ішінде газет мазмұны байып, тақырып ауқымы кеңейіп, аудан өмірінің айнасына айналды.

Зайдолла Қабдығалиев мақала жазудың нағыз шебері болған. Бүгінгідей байланыс жоқ кезде жұмалап шаруашылықтарды аралап жүрген. Сол жерден көрген-білгендерін қойын дәптерлеріне түртіп алып, жұрт қызыға оқитын материалдар ұйымдастырған. Нәтижесінде кері кеткен шаруашылықтар басқа да ақсап жатқан жұмыстар туралы фельетон жазылған. 70 жылдары аудан орталығындағы Қарасудың үстіндегі жаяу жүргіншілер өтетін көпір туралы Зайдолла Қабдығалиев ағамыздың «Шайтан көпір» атты сын мақаласы жарияланған. Осы сын мақаладан кейін бұл көпірге жөндеу жүргізіліпті.
Көп жылғы жемісті еңбегі еленіп, Зайдолла Қабдығалиев редактордың орынбасары қызметіне көтерілді. Ал 1983 жылдың желтоқсан айында «Коммунизм жолы» газетінің бас редакторы болып бекітілді. Бұл жауапты қызметті ол 1993 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін мінсіз атқарып, аудандық баспасөздің беделін арттыруға бар күш-жігерін жұмсады.
Еңбек жолындағы табыстары үшін Зайдолла Қабдығалиев 1970 жылы В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай. «Ерен еңбегі үшін» мерейтойлық медалімен марапатталды. Бұл марапат оның тынымсыз еңбегінің, кәсіби шеберлігінің айқын көрінісі болды.
Қаламгер журналист қана емес, ел ісіне белсене араласқан қоғам қайраткері де еді. Ол Қазақстан Компартиясының Қазталов аудандық ұйымының мүшесі, аудандық халық депутаттары кеңесінің депутаты болып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосты. Ауданның өзекті мәселелерін көтерген көптеген очерктері мен публицистикалық мақалалары облыстық және республикалық басылымдарда жарық көрді.
Зайдолла Қабдығалиевтің ғұмыр жолы – адал еңбекке, туған жерге қызмет етуге, журналистік парызға беріктіктің жарқын үлгісі. Оның бай мұрасы мен өнегелі өмірі кейінгі буын журналистерге әрдайым үлгі болып қала бермек.
Қайрат Жақып,
Казталов ауданы