8.01.2026, 15:15
Оқылды: 30

БҚО-да жолды күтіп ұстамаған мердігер мекемеге айыппұл салынды

Батыс Қазақстан облысында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 6 183 шақырым болса, соның 1 349-ы – республикалық, 4 834-і – жергілікті маңызы бар жолдар, - деп жазады kaz.inform.kz.

b7711
Фото: kaz.inform.kz

БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасынан мәлім еткеніндей, жергілікті маңызы бар жолдарды күтіп ұстауға барынша мән беріледі.
Сонымен қатар өз міндеттемелерін орындамаған мердігер мекемелерге тиісті шара қолданылады.

2025 жылы Алгай-Жалпақтал-Жұлдыз-Қарасу (6-170 км) автожолын күтіп ұстау және ағымдағы жөндеуді міндетіне алған «SSS STORY GROUP» ЖШС-ға 405 мың 692,64 теңге көлемінде айыппұл салынды. Тұрақсыздық айыбы толықтай төленді.

Басқарма мәліметіне қарағанда, қазіргі уақытта жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстауға 265 арнайы техника жұмылдырылған. Қысқы кезеңге дайындық аясында 38 жылыту пункті әзірленді. Көлік қозғалысының қауіпсіз әрі үздіксіз болуын қамтамасыз ету үшін жергілікті маңызы бар жолдарға 2025–2026 жылдарға арналған маусымға 13 мың тонна құм-қиыршық тас қоспасы, 1 300 тонна тұз және 6 мың тонна құм-тұз қоспасы дайындалған.

- Ауа райының күрт нашарлауына байланысты полиция департаментімен бірлесіп, барлық көлік түрлеріне қатысты жол қозғалысын уақытша шектеу немесе ауыр жүк көліктеріне тыйым салу туралы шешім қабылданады. Бұл шаралар жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған. Қабылданған шешімдер төтенше жағдайлар департаментіне жедел түрде жолданып, 112 бірыңғай диспетчерлік қызметі арқылы тұрғындарға хабарланады. 2025 жылғы 14 қараша мен 2026 жылғы 7 қаңтар аралығында облыстық маңызы бар автомобиль жолдары ауа райының қолайсыздығына байланысты 19 рет уақытша жабылды. Жолдарды жабу және шектеу жұмыстары полиция және төтенше жағдайлар департаменттерімен бірлесіп жүргізілді. Осы уақыт аралығында мердігер ұйымдар қар тазалау және тайғаққа қарсы материал себу жұмыстарын үздіксіз атқарды, - делінген ресми мәліметте.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале