Бұдан бұрын жазылғандай, Оралда Телеорталық маңындағы қардың су қорғау аумағына төгілуіне байланысты тұрғындар дабыл қаққан болатын, - деп жазады Kazinform.

Осыған орай қандай шара қолданылғаны жөнінде Жайық-Каспий бассейндік инспекциясынан жауап келді.
Инспекция басшысы Ғалидолла Азидуллин қол қойған жауаптан белгілі болғанындай, 2025 жылы желтоқсанда «Жайық таза қала» ЖШС Шаған өзеніндегі су қорғау аумағына қар шығарған кезде бассейндік инспекциямен келісім болмаған.
Аталған дерекке сәйкес Орал қалалық ішкі істер басқармасы Абай полиция бөлімінің хаты негізінде Орал қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне шара қолданылды. Атап айтқанда, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 358-бабы 2-бөлігіне (су объектілерін және олардағы су ресурстарын ластанудан, қоқыстанудан және сарқылудан қорғау жөніндегі талаптарды бұзу, сондай-ақ судың зиянды әсерін алдын алу жөніндегі шараларды қабылдамау) сәйкес хаттама толтырылып, 514 675 теңге айыппұл салынды.
- Бұдан бөлек, Орал қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне нысанды су қорғау аумағынан шығару жөнінде хат жіберілді. Оған қоса су нысандарының жай-күйіне әсер ететін құрылымдар мен нысандарды орналастыру, жобалау және құрылысына қатысты келісім туралы түсінік берілді, - делінген ресми жауапта.
Орал қаласы әкімдігі аталған полигонға қардың әлі шығарылып жатқанын, қазіргі таңда жер телімі ресімделіп жатқанын жеткізді.