9.01.2026, 15:30
Оқылды: 49

Себебіне селқос қарамаған жөн

Бас-ми тамырларының зақымдануы мен инсультке душар ететін себептерді біле жүріңіз.

Doctor radiology looking stroke brain x-ray image for diagnose ischemic stroke or cerebrovascular disease at hospital.

Сурет: istockphoto.com

* Артериялық гипертония – инсультке шалдықтыратын бірден-бір себеп. Қан қысымының үнемі жоғарылауы ми тамырларының қабырғаларын зақымдайды, тамырлардың серпімділігін азайтып, жыртылуға бейім етеді. Нәтижесінде ишемиялық және геморрагиялық инсульттің қаупін арттырады.

* Атеросклероз, яғни ми тамырларында холестериннің тұнып қалуы. Холестерин тамырларды тарылтады және қан ағымының қалыпты айналымын бұзады.

* Жүрек аурулары (аритмия, инфаркт, клапан ақаулары).

* Қант диабеті қан тамырларының зақымдануын тездетеді. Қандағы глюкозаның жоғарылауы тамырлардың эндотелийін зақымдайды, оларды нәзік етеді және тромбозға бейім  етеді.

* Темекі, алкоголь. Никотин тамырлардың тарылуы мен атеросклероздың дамуын тездетеді, ал алкогольді тұрақты тұтыну қан қысымын арттырып, қанның ұюын жеделдетеді.

* Семіздік пен физикалық белсенділіктің жоқтығы. Таңнан кешке дейін  отырып жұмыс істеу метаболизмнің баяулауына, дене салмағының артуына, артериялық гипертония мен қант диабетінің дамуына душар етеді. Сондықтан күнделікті 30-40 минут жаяу жүру инсульт ықтималдығын 20-25% төмендетеді.

* Генетикалық бейімділік. Егер жақын туыстарыңызда жүрек-қан тамырлары аурулары болса, бұл ауруларға сіз де бейім болуыңыз мүмкін.  Алайда  өмір салтыңызға мән беріп, қан қысымыңызды, қан құрамындағы қантты бақылауда ұстасаңыз, көп сырқаттың алдын аласыз. Миға қан құйылып, инсульт аяқ асты дамуы мүмкін, бірақ ол дәрігерге жылдар бойы қаралмай, созылмалы сырқаттардан емделмей жүргеннің салдарынан болады.

          Инсульттің  үш  белгісі

Инсульт алған науқасқа 3-4 сағат ішінде жедел ем-дом жасалуы керек. Оның белгілері FAST тест (face – бет, arm – қол, speech – тіл, time – уақыт) арқылы анықталады. Яғни, кенет бет-аузы қисайып, тілі күрмеліп, аяқ-қол тепе-теңдігін сақтай алмаса, тездетіп «Жедел жәрдем» шақыру керек. Яғни,

Face (бет): Науқастан күлімсіреуді сұраңыз. Бетінің бір жағы күлімсіреуі мүмкін, екінші жағында реакция болмайды.

Arms (қол): екі қолын көтеруді сұраңыз. Олардың бірін көтеріп, екінші қолын көтере алмайды.

Speech (сөйлеу): қарапайым сұрақ қойып, жауабын айтуды сұраңыз. Сөйлемдері жүйесіз, түсініксіз болады.

Time (уақыт): Науқаста осы белгілердің кез келгені пайда болса, дереу «Жедел жәрдем» шақырыңыз.

«Жедел жәрдем» көмекке келгенше науқасты тегіс жерге жатқызып, басын 30 градус көтеру керек. Терезені ашып, галстугін босатып, түймелерін ағытуды да ұмытпаған жөн. Инсульт, инфаркт, жарақат сияқты ауруларға «Жедел жәрдем» ең жақын жердегі, ең білікті мамандар тобын жіберетіндіктен,  инсульт  екенін  айтып  шақырған  абзал.

Ғалия Құлмұханова, 

Орал қалалық №2 емхананың

салауатты өмір  салтын  қалыптастыру 

кабинетінің  дәрігері

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале