9.01.2026, 17:15
Оқылды: 49

Аурудың алдын алуға болады

Миға қан құйылу немесе қан бармай қалу туа біткен дерт емес, тиісті дәрі-дәрмектер мен дәрігерлердің кеңестерін орындаған кезде оның алдын алуға болады. Ендеше инсульттің  алдын  алу  жолдарын  біле  жүріңіз.

Тұз бен майлы тағамды аз тұтыныңыз

Тұзды шамадан тыс пайдалану қан қысымын көтереді. Бұл жүрек пен ми тамырларына қосымша жүктеме түсіріп, инсульт қаупін арттырады. Күніне 5 грамнан артық тұз  қолданбау ұсынылады.

Майлы және қуырылған тағамдар, фастфуд өнімдері ағзада «жаман» холестериннің жиналуына себеп болады. Бұл заттар қан тамырларының ішкі қабырғасына жиналып, қан айналымын бұзады. Нәтижесінде қан ұйып, ми тамырын бітеп тастайды. Оның орнына буға пісірілген, майы аз тағамдарды, көкөністер мен жемістерді көбірек тұтыну қажет. Мұндай тағамдар ағзаны қажетті дәрумендермен қамтамасыз етеді және қан  айналым  жүйесін  жақсартады.

isto

Күн сайын кемі 30 минут серуендеңіз

Тұрақты қозғалыс – инсульттің алдын алудың ең қарапайым әрі тиімді тәсілі. Күн сайын кем дегенде 30 минут серуендеу, таңертеңгі жаттығулар жасау, жеңіл спорт түрлерімен айналысу қан қысымын тұрақтандырып, қан айналымын жақсартады. Белсенді өмір салты артық салмақтың жиналуын болдырмайды, қант деңгейін бірқалыпта ұстайды және көңіл күйді жақсартады. Қозғалысы аз өмір салты, керісінше, жүрек-қан тамырлары ауруларының  дамуына  жол  ашады.

istockphoto

Темекі мен алкогольден бас тарту

Темекі шегу мен алкоголь ішу – инсульт қаупін бірнеше есе арттыратын негізгі факторлардың бірі. Темекі түтініндегі никотин мен улы заттар қан тамырларын тарылтып, олардың «қабырғасын» әлсіретеді. Бұл қан айналымын бұзып, ми тамырларының бітелуіне немесе жарылуына душар етеді. Ал алкоголь қысқа мерзімді «босаңсытушы» әсер берсе де, уақыт өте келе қан қысымын тұрақсыздандырады, жүрек соғысын жиілетеді  және  бауыр мен жүйке  жүйесіне  кері  әсер  етеді.

Темекі мен алкогольден бас тарту арқылы адам ағзасы бірнеше апта ішінде қалпына келе бастайды: қан қысымы төмендейді, қан айналым жақсарады, ми мен жүрекке оттегі жақсырақ жеткізіледі. Бұл – инсульттің алдын алудағы ең тиімді және қолжетімді  қадамдардың  бірі.

Скринингтен сырт қалмаңыз

Дерттің алдын алуда скринингтік тексерулер ерекше рөл атқарады. Емханада жыл сайын өткізілетін профилактикалық тексерулер кезінде дәрігерлер қан қысмын, қант пен холестерин деңгейін анықтайды. Тұрғындар гипертонияға немесе қант диабетіне шалдыққанын білмей жүреді. Скрининг осындай жасырын қауіп факторларын ерте анықтап, дер кезінде ем қабылдауға мүмкіндік береді. Дәрігерге уақтылы қаралу – инсульттің ғана емес, жүрек, бүйрек және басқа да қауіпті  аурулардың  алдын  алудың ең сенімді  жолы.

Бұл дерттің ең үлкен салдары – өлім немесе мүгедектік. Инсульт алған адамның өмір сүру сапасы төмедейді. Тамақтану, сөйлеу, жүру қабілеттері азайған соң өзгеге тәуелділік пайда болуы ықтимал. Сондықтан «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген» абзал. Инсульттің алдын алу – дәрігердің ғана емес, әр адамның өз жауапкершілігі.

Самал Насырова,

Орал қалалық №5 емхананың 

салауатты өмір салты кабинетінің дәрігері

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале