9.01.2026, 16:00
Оқылды: 146

Қаладан 70 000 текше метр қар шығарылды

Қаңтар басында түскен қалың қар коммуналдық  сала  қызметін  әбігерге  салды.  Соған қарамастан шаһар тазалығына  жауапты  мекемелер  қар  тазалау  және  шығару жұмыстарын  жүйелі  түрде  ұйымдастыруда.  Қазіргі  уақытта  бұл  бағыттағы  жұмыстарды  атқаруға  370-ке  жуық  арнайы  техника  жұмылдырылған.

DSC08169

Орал қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі қар тазалау жұмыстары «Жайық Таза қала» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен жасалған 2025-2026 жылдарға арналған екі жылдық келісімшарт аясында жүзеге асырылып жатқанын айтты. Аталған мекеме қала аумағында, сондай-ақ Зашаған және Деркөл кенттерінде қызмет етеді. Ал Желаев ауылдық округі мен Круглоозерный кентінде қар тазалау жұмыстарын өзге мердігер ұйымдар  атқаруда.

Қала әкімдігі қыс басталғалы 70 мың текше метрге жуық қар арнайы белгіленген полигондарға шығарылғанын айтты. Қазіргі таңда қар қабылдайтын үш арнайы полигон үздіксіз жұмыс істеп тұр. Олар Асан, Балауса және Телеорталық бағыттарында орналасқан.

Қар тазалау жұмыстары екі ауысымда жүргізілуде. Әр ауысымға 300-ден астам жұмысшы мен 230 арнайы техника тартылған. Ең алдымен магистральды көшелерге, қоғамдық көлік бағыттарына, әлеуметтік нысандарға, аялдамалар мен жаяу жүргіншілер жолдарына басымдық берілуде.

Қала аумағында қар тазалау және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары алдағы уақытта да күшейтілген режімде жалғасады.

 

Арал Болпышұлы,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале