50 мыңнан астам мемлекеттік қызметші жасанды интеллект элементтерін өз жұмысында қолдануды үйренді. ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мамандарының хабарлауынша, бұл бастамалар мемлекеттік аппараттың жұмысын цифрландыруға бағытталған.

Фото: freepik
Мемлекеттік қызметшілер AI Qyzmet бағдарламасы арқылы жасанды интеллектіні күнделікті қызметінде қолдануды үйренеді.
– Мемлекеттік қызметшілер үшін AI Qyzmet бағдарламасы жұмыс істейді. Бағдарлама аясында мемлекеттік аппарат қызметкерлері жасанды интеллектіні күнделікті жұмыс процесінде қолданудың негізгі сценарийлерін меңгереді, – дейді министрлік мамандары Kazinform тілшісінің ресми сауалына берген жауабында.
Бұл бастамадан квазимемлекеттік сектор да қалыс қалған жоқ.
– Квазимемлекеттік секторда AI Corporate бағдарламасы іске қосылған. Мемлекеттік органдардың қызметінде жасанды интеллект элементтерін енгізу мақсатында Ұлттық ЖИ платформасы аясында e-Gov AI, e-Otinish ақпараттық жүйесіне арналған ЖИ модульдері, 102 қызметіне арналған ЖИ-көмекші және басқа да цифрлық шешімдер кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр, – деп хабарлайды ведомства өкілдері.
Бұл бастамалар мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруға және процестерді автоматтандыруға мүмкіндік береді.
Дереккөз: ҚазАқпарат