12.01.2026, 10:00
Оқылды: 151

Жыл қорытындыланып, іс - жоспар түзілді

БҚО аумақтық сайлау комиссиясы аудандардың және Орал қаласы аумақтық сайлау комиссиялары төрағаларының, төраға орынбасарларының және хатшыларының қатысуымен 2025 жылдың қорытындысына арналған арнайы кеңес өткізді. Кеңесте облыстық комиссия мүшелері бекітілген жұмыс бағыттары бойынша талдау жасап, аудандық және Орал қалалық аумақтық комиссия төрағалары өткен сайлау науқандары туралы есеп берді. Сондай-ақ, биылғы жұмыстың негізгі бағыттары айқындалып, іс-шараларды орындау жөнінде хаттамалық тапсырмалар берілді.

WhatsApp Image 2026-01-12 at 10.55.28

БҚО АСК төрағасы Әділ Жоламанов өз баяндамасын сайлау инфрақұрылымының жағдайын саралаудан бастады. Өткен жылы 8 жаңа сайлау учаскесі құрылып, сайлаушылар саны аз 15 сайлау учаскесі жабылды. Азаматтардың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін 48 сайлау учаскесінің шекаралары өзгертілді. Өңірде мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобы құрылды.

Өткен есепті кезең 2021 жылы сайланған ауыл әкімдерінің өкілеттілік мерзімінің аяқталуына орай электоралдық науқанға толы болды. Сайланған 55 ауыл әкімінің 29-ы яғни 52,7% - өзін – өзі ұсынғандар. «27 адам алғаш рет әкім болып сайланды, бұл әкім қорпусының тең жартысына жуығы жаңарғанын көрсетеді» деген Әділ Тауфикұлы шығып қалған депутаттар сайлауына да тоқталды. Облыстық АСК төрағасы науқандар барысын 800-ге жуық байқаушылар, сенім білдірген адамдар және БАҚ өкілдерінің қадағалағанын айтып, сайлаушылардың сенімін ақтау мен сайлау үрдістерінің ашықтығын қамтамасыз ету жұмыстарының үздіксіз жүре беретінін айтты. Бұл бағытта байқаушылармен өткен сайлауларды бірге талқылау форматы УСК жұмыстарын одан әрі жетілдіруге негіз болатыны анық.

WhatsApp Image 2026-01-12 at 10.55.28 (1)

Электоралдық оқытудың мазмұны мен формасы өзгертілді, ақпараттық қамтамасыз ету жұмыстарының ауқымы кеңейді. Сонымен қатар сайлау заңнамасын түсіндіру, тағайындалған сайлаулар жөнінде кеңінен ақпарат беру мақсатында ауыл тұрғындары және қоғам белсенділерімен тұрақты негізде кездесулер ұйымдастырылып келеді. Кеңесте соттарда қаралған талап арыздар мен аппеляциялық шағымдардың сипаты жан-жақты сөз болды. Аудандық және Орал қалалық АСК құрамына азаматтардың өтініштерімен жұмысты жаңа сапалық деңгейге көтеру тапсырылды.

WhatsApp Image 2026-01-12 at 10.55.29

БҚО АСК хатшысы Жасұлан Нұрғожин берілген хатталық шешімдерді орындау арқылы тиімді басқару мәдениетін арттырудың және регламенттерді қатаң сақтаудың маңызын сөз етті.

12 аудандық және Орал қалалық аумақтық сайлау комиссиялары төрағаларының есепті баяндамалары тек практикадағы сауалдармен шектеліп қалмады. Олар сайлау үрдістеріне қатысушы тараптармен қарым – қатынасты жетілдіру, сайлау учаскелерінің интерактивті карталарын жасақтау, цифровизация талаптарына бейімделу мен инновациялық бастамаларды дамыту туралы да ұсыныстарымен бөлісті.

Кеңесте 2025 жылы бекітілген ережеге сай құрылған 12 аудандық, Орал қалалық және облыстық жас сайлаушылар клубтарының жұмыстары арнайы талқыланды. Осы жұмыс бағытына жетекшілік облыстық АСК мүшесі Райымбек Нұрекешовқа тапсырылды.

Кеңесте  2025 жылы ауылдық округ әкімдері сайлауларын өткізген учаскелік сайлау комиссиялары және аумақтық сайлау комиссияларының облыстық байқауының қорытындысын шығарылды. Байқау институционалдық мәдениетті нығайту мен сайлауға сенімді арттыру құралының бірі. Сондықтан комиссия бағалау талаптарына сүйене отырып, түскен байқау материалдардың осы қағидатқа сәйкестігін қарады. Талқылау барысында комиссиялардың кәсіби біліктілігі, сайлау үрдістерін ұйымдастырудағы оң тәжірибелері, сайлауға қатысушы тараптармен құқықтық қарым – қатынастары қатаң ескерілді.

Байқаудың қорытындысы бойынша «Үздік учаскелік сайлау комиссиясы» номинациясын Теректі ауданының №377 учаскелік сайлау комиссиясы жеңіп алды. БҚО АСК төрағасы Әділ Жоламановтың қолынан арнайы аталымды алған учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Илан Тналиева «Бұл марапат - сайлауда белсенділік танытқан ауылдық округ сайлаушыларының және учаскелік комиссиядағы барлық әріптестерімнің ортақ марапаты. Жалпы электоралдық кезеңде ғана емес күнделікті өмірде белсенді жерлестер мен кандидаттар арасында көпір іспеттес қызмет атқардық. Жұмысымызды бағалаған комиссия мүшелеріне алғымызды білдіреміз» деді.

Ал, «Үздік аумақтық сайлау комиссиясы» марапатына Сырым аудандық АСК құрамы лайық деп танылды. Байқау ҚР Орталық сайлау комиссиясының «Саналы түрде таңдаңыз » байқауының талаптарына бейімделіп, биыл жаңа форматта жалғасады.

WhatsApp Image 2026-01-12 at 10.55.29 (1)

Жыл қорытындысы бойынша ҚР Орталық сайлау комиссиясының «Сайлау органдары жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен БҚО АСК хатшысы Жасұлан Нұрғожин, Орал қалалық АСК хатшысы Әсия Жумина болса ҚР Орталық сайлау комиссиясының Алғыс хатымен марапатталды.

БҚО аумақтық сайлау комиссиясы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале