1.02.2017, 18:47
Оқылды: 71

Жаңақала ауданының әкімі есеп берді

Janakala akim esep03  Бүгін Жаңақала ауданының әкімі Лавр Хайретдинов аудан тұрғындары алдында есеп берді. Жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов қатысты.


  Аудан басшысының айтуынша, аудан бюджеті 131,7 пайызға өсіп, салық түсімі де 106,3 пайызға көбейген. Ауыл шаруашылығы құрылымдар саны артып, мал басы көбейген. Бүгінде бұл ауданда асыл тұқымды мал өсіріп отырған 25 шаруашылық бар. «Сыбаға» бағдарламасы 147 пайызға, «Алтын асық» бағдарламасы 214 пайызға, «Құлан» бағдарламасы 60 пайызға орындалған. Өткен жылы аудан шаруалары 478,0 млн. теңге субсидия алуға қол жеткізген. Жалпы соңғы бес жылда ауданда жаңадан 295 ауыл шаруашылық техникасы алынған. Бұл облыс бойынша жақсы көрсеткіш.

  Былтыр жаңа 497 жұмыс орны ашылып, 645 адам тұрақты жұмысқа тартылған. 7154 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Аудан тұрғындарының 33,2 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен, 83,8 пайызы табиғи газбен, 98,0 пайызы электр қуатымен қамтылған. Жалпы өткен жылғы есепті кездесуде облыс әкіміне 3 өтініш айтылып, 3-і де орындалған. Аудан әкіміне 14 ұсыныс түсіп, 13-і орындалған.

  Облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысуы себепті облыс әкімінің есептік кездесуге келе алмағанын айтты. «Елбасымыз кешегі Жолдауында Қазақстанды Үшінші жаңғырту жөнінде алдымызға міндет қойды. Жаңа индустриялар құрумен қатар дәстүрлі базалық салаларды дамытуға серпін беруіміз керектігін айтқан Елбасы агроөнеркәсіп саласына ерекше тоқталды. «Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек. Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор. Көптеген позициялар бойынша біз әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола аламыз» деді. Ал біздің облыс – агроөндіріске дайын өңір» деген Арман Кәрімұлы ауданда атқарылған істерге оң бағасын берді.

  Есепті баяндамадан кейін сөз алған аудандық мәслихат хатшысы, қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы З.Сисенғали Құлшық құмынан ауыз су тартуды сұраған тұрғындар тілегін ескерусіз қалдырмағаны үшін облыс басшысына ел алғысын жеткізді. Сондай-ақ ол Мұқыр өзеніне су түсіруді, аудандық өлкетану музейіне қосымша ғимарат салып, жәдігерлермен толықтыру үшін қаражат бөлуді мәселе етіп ұсынды.

  «Наурыз» шаруа қожалығының басшысы Н.Бекмашев өткен жылы кездескенде су келетін арналар мен қақпаларын жөндеу жөнінде айтқан шаруалар өтініштерін аяқсыз қалдырмаған облыс басшысы А.Көлгіновке ризашылығын білдірсе, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Шапихов аудан орталығында сұраныс көптігіне орай балабақша салуды, жаңа құрылыс ауданына инфрақұрылым тартуға және ауыл іші жолдарын асфальттауға қаржы бөлуді сұрады.

  Ал Батыс Қазақстан облыстық сот төрағасы Бек Әметов аудандағы медиаторлар жұмысына орынды сын айтып, «Қаймағы бұзылмаған қазақы ауыл саналатын сіздерде қаншама құқық бұзушылық тіркеліп отыр. Соларды сотқа жеткізбей шешетін медиаторлар, ауыл ақсақалдары, беделді азаматтар қайда?»-деп өткір сұрақ тастады.

  Облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов тұрғындар сұрақтарына жауап беріп жиынды қорытындылады. Жеке мәселесін көпшілік алдында айта алмағандар көбейгесін Арман Кәрімұлы жеке қабылдаулар өткізді.

Өмірзақ Ақбасов

Жаңақала ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале