13.01.2026, 16:30
Оқылды: 288

Өнерге өмірін арнаған

Өткен аптада облыстық жастар шығармашылық орталығында қазақ театр өнерінің көрнекті өкілі, ҚР мәдениет саласының үздігі, актер Теміржан  Матаевтың мерейтойына арналған тағылымды мәдени кеш өтті. Өнер иесінің шығармашылық жолына құрмет ретінде ұйымдастырылған бұл кеш көрерменге рухани әсер сыйлап, театр өнерінің тереңіне бойлатты.

DSC09295

Салтанатты іс-шара барысында Н. Саудабекұлының «Мұқағали-Нұрғиса» қойылымы сахналанды. Қойылымда қазақ поэзиясының алыбы  Мұқағали Мақатаевтың өмірінің соңғы күндері, ақын мен композитор Нұрғиса Тілендиев арасындағы шығармашылық үндестік пен рухани байланыс көркем түрде  бейнеленді. Сондай-ақ ел жадында сақталған «Құстар қайтып барады», «Саржайлау», «Есіңе мені алғайсың…» сынды әндердің дүниеге келу тарихы қойылымның негізгі өзегіне айналды. Қойылымдағы Нұрғиса бейнесін мерейтой иесі Теміржан Матаевтың өзі  сомдап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Теміржан Матаев – қазақ театр өнерінің қалыптасуы мен дамуына өзіндік үлес қосқан сахна шебері. Ол 1971 жылдың 9 қаңтарында Жәнібек ауданына қарасты Қайрат ауылында дүниеге келген. Бала Теміржанның өнер жолын таңдаймын деген нақты мақсаты болмағанымен, тағдыр оны театр әлеміне жетеледі. Орал қаласына гастрольмен келген Шымкент театрының «Бастық көп, мен жалғыз» атты қойылымы оның сахнаға деген қызығушылығын оятты.

1991-1995 жылдары Дәулеткерей атындағы өнер институтында білім алып, баян мамандығын меңгерген ол студенттік шағында-ақ өзінің шығармашылық қабілетімен көзге түседі. Жас таланттың бойындағы актерлік дарынын  байқаған Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының негізін қалаушылардың бірі, сахна шебері Мұсағали Бектенов оны театрға жұмысқа шақырады. Осылайша 1995 жылдан бастап Теміржан Матаев Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрдың белді әртістерінің біріне айналды.

«Менің ойымды да, парасатымды да өсірген – осы театр», – деп өзі айтатындай, бұл қара шаңырақ актер үшін нағыз шығармашылық мектеп болды. Ол сахнада комедиялық жеңіл бейнелерден бастап, трагедиялық тағдыр иелеріне дейінгі сан алуан образдарды сәтті сомдай білді. Тарихи тұлғалардың күрделі болмысын, заманауи кейіпкерлердің ішкі қайшылығын терең жеткізе отырып, актер өзіндік қолтаңбасын қалыптастырды. Теміржан Матаев сомдаған Құнанбай, Жәңгір хан, Бауыржан Момышұлы, Нұрғиса Тілендиев сынды ұлт тарихындағы ірі тұлғалар бейнесінің сәтті шығуы – оның кәсіби шеберлігі мен әр қойылымға зор жауапкершілікпен дайындығының айқын көрінісі. Әр образды жүрекпен сезініп, мінезі мен болмысын дәл беруі оны театр сахнасындағы дара актерлердің қатарына қосты. Актер кино саласында да өзін сынап көрді. «Сезім толқыны» фильміндегі жаттықтырушы, «Күләш» қысқаметражды филміндегі НКВД қызметкері рөлдері оның табиғи актерлік болмысын экранда да сәтті таныта білді.

Мерейтойлық кеш барысында сахна төріне көтерілген облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медхат Қамбетов пен Жәнібек аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрболат Садырбаев өнер иесіне ізгі лебіздері мен құрметін білдірді.

DSC09325

Өнер мен құрмет тоғысқан бұл тағылымды, әсерлі кеш театр сахнасында жоғары деңгейде өтіп, көрерменге әдемі әсер сыйлады.

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале