Сырым ауданында отбасы құндылықтарын дәріптеп, ұрпақ тәрбиесіне ерекше үлес қосып жүрген аяулы аналарды қолдау дәстүрі жалғасын табуда. Аудан әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов алты баланы дүниеге әкеліп, оларды ұлттық тәрбие мен білімге баулып отырған қос бірдей ардақты ана — Ганмирайым Тұрғаналиева мен Марпуға Ақжарқынованы «Күміс алқа» мемлекеттік наградасымен марапаттады.

Ганмирайым Тұрғаналиева — алты баланың анасы. Жолдасымен бірге ұл-қыздарын тәрбиелеп, олардың білім алуына, адами қасиеттерінің қалыптасуына айрықша көңіл бөліп келеді. Балалары жалпы білім беретін Бұлдырты орта мектебінде оқиды. Отбасы ауыл тұрғындары арасында еңбекқорлығымен, ұйымшылдығымен, өнегелі өмір салтымен сыйлы.
Марпуға Ақжарқынова да алты баланы тәрбиелеп отырған ардақты ана. Жолдасы Айбол Бақытов — жеке кәсіппен айналысады. Бұл шаңырақта балалардың білімге деген ынтасы жоғары. Балалары мектепішілік олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болса, қызы республикалық «Алтын сақа» байқауының жеңімпазы, аудандық Қадыр оқулары байқауында топ жарып жүр. Кіші балалары да ата-ананың қамқорлығында, тәрбиелі болып өсіп келеді.
Екі отбасы да ауыл өміріне белсене араласып, балаларын отансүйгіштікке, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге тәрбиелеп отырған өнегелі шаңырақтар ретінде танылған. Балаларының сабақ үлгерімі жақсы, тәртібі үлгілі.
Шынар Молданиязова
Сырым ауданы