14.01.2026, 17:30
Оқылды: 197

Редактордың жұбайымен жүздесті

Бүгін Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов аудандық төл басылым — «Ауыл айнасы» газетінің 95 жылдығына орай еңбек жолын осы басылымға арнаған, газет редакторы болған марқұм Зайдолла Қабдығалиевтің шаңырағына арнайы барып, қаламгердің жұбайы Марфуға Сыдыққызымен жүздесті.

0N6A5207

Тоқсанның төріне таяған ардақты анамен әңгімелесу барысында аудан басшысы Зайдолла Қабдығалиевтің өмір жолы, журналистика саласындағы елеулі еңбегі жайында сыр шертіп, оның аудан баспасөзінің дамуына қосқан үлесін атап өтті.

КСРО Журналистер одағының мүшесі Зайдолла Қабдығалиев саналы ғұмырын журналистика саласына арнаған білікті қаламгер болды. Ол 1955–1960 жылдары Алматы қаласындағы С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде білім алып, оқу орнын үздік тәмамдап, журналист мамандығы бойынша диплом алған.
Еңбек жолын 1960 жылдың қазан айында туған ауылы Қазталовтағы «Коммунизм жолы» аудандық газетінде бастаған. 1961 жылдың наурыз айында осы газетке жауапты хатшы болып тағайындалып, бұл қызметті 1982 жылдың қараша айына дейін абыроймен атқарды. Кейін редактордың орынбасары қызметіне көтеріліп, 1983 жылдың желтоқсан айында газеттің бас редакторы болып бекітілді. Бұл жауапты қызметті 1993 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін адал еңбекпен атқарды.

Кездесу соңында редактордың жұбайы Марфуға Сыдыққызы арнайы келіп, дидарласқан аудан басшысына ризашылығын білдіріп, аналық алғысын жеткізді.

Нұр Рахман,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале