14.01.2026, 17:45
Оқылды: 47

Жәнібек ауданында денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелері талқыланды

Бүгін Жәнібек ауданы әкімдігінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Алмас Жүнісбековтің қатысуымен кеңейтілген жиын өтті.

IMG_9295

Жиынға аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов төрағалық етіп, келген қонақтарға қош келдіңіз айтып, сөз кезегін Жәнібек аудандық ауруханасы директорының міндетін атқарушы Ербол Сәрсенғалиевке ұсынды.

Ербол Сағынғалиұлы 2025 жылдың қорытындысы бойынша Жәнібек аудандық ауруханасында көрсетілген медициналық қызметтерге жүргізілген талдау жөнінде баяндама жасады. Баяндамасында аудан халқының өмір сүру ұзақтығы тұрақтанып, бүгінде 68,6 жасқа жеткенін атап өтті.

– Кадр мәселесіне келер болсақ, жыл басында мекемеде 10 маман тапшылығы болған болса, жыл қорытындысы бойынша 4 дәрігермен, атап айтқанда педиатр, жалпы тәжірибе дәрігері және анестезиолог-реаниматологтармен кадрлық құрам толықтырылды. Қазіргі уақытта кардиолог, эпидемиолог, офтальмолог, оториноларинголог және фтизиатр мамандарына қажеттілік бар, - деді.

Өлім-жітім құрылымына жүргізілген талдау нәтижесінде қан айналымы жүйесі аурулары бірінші орында тұрғаны анықталды. Алайда бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда төмендеген. Аталған көрсеткішті одан әрі төмендету мақсатында халық арасында санитариялық-ағарту жұмыстарын күшейту, салауатты өмір салтын қалыптастыру, 65 жастан асқан тұрғындар арасында ауруларды ерте анықтау үшін жалпы тәжірибелік дәрігерлердің патронаждық жұмысын жандандыру, қажетті зерттеулер жүргізу және науқастарды амбулаториялық деңгейде дәрілік терапиямен қамту шаралары күшейтілетіні айтылды.

Сонымен қатар туберкулезден болатын өлім-жітім мен аурушаңдықты төмендетуге бағытталған негізгі шаралар, сондай-ақ онкологиялық патологиялар бойынша диагностика көрсеткіштері жөнінде кеңінен сөз қозғалды.

Өз баяндамасында Ербол Сағынғалиұлы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында атқарылған жұмыстар туралы да мәлімет берді. Атап айтқанда, тұрғындарға МӘМС жүйесінің артықшылықтарын түсіндіру, сақтандыру мәртебесін анықтау және медициналық қызметтерге қолжетімділікті арттыру бағытында жүргізілген жүйелі жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар, D және E санаттарына жататын азаматтардың 1 қаңтардан бастап автоматты түрде МӘМС жүйесінде сақтандырылғаны, сақтандырылмаған азаматтарды анықтау, оларды жүйеге тарту және медициналық көмектің сапасы мен көлемін қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар қабылданғаны айтылды.

Сөз соңында баяндамашы ҚР Денсаулық сақтауды дамытудың 2025–2026 жылдарға арналған «Дені сау ұлт» мемлекеттік бағдарламасының негізгі міндеттерін орындау басты назарда екенін атап өтті.

Жиынға басқарма басшылығынан бөлек облыстық онкологиялық диспансер директоры Зейл Мағзомов, липидология бойынша үйлестіруші Нұрбек Әубекеров, облыстық фтизиопульмонология орталығы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Ардақ Ерғалиева, облыстық көпбейінді балалар ауруханасы директорының сапа жөніндегі орынбасары Гүлмира Байқатова қатысты. Келген қонақтар өз салалары бойынша баяндама жасап, аудандық аурухананың қызметіне қатысты бірқатар сұрақтар қойды.

Жиын соңында Алмас Тоғайбайұлы өзекті мәселелер бойынша нақты тапсырмалар беріп, жауапты мамандарға жекелей міндеттер жүктеді. Сондай-ақ атқарылатын жұмыстардың орындалуы облыстық басқарманың тікелей бақылауында болатынын ескертті.

Арай Сейфолла,

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале