2.02.2017, 21:06
Оқылды: 59

Жəнібекте жетістік көп

Screenshot_2017-02-02-22-00-57-1Жәнібек ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшиннің аудан тұрғындары алдындағы есеп беру жиналысына облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов, облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар, облыстық соттың төрағасы Бек Әметов және облыстық басқармалар, қаржы институттары филиалдарының, кәсіпорындардың басшылары мен орынбасарлары қатысты.


 

Есеп беру жиынында аудан әкімі былтыр атқарылған жұмыстар туралы баяндап, алда тұрған міндеттерді жүзеге асыру бойынша қабылданған іс-қимыл жоспарын таныстырды.

Аудан басшысының баяндамасында айтылғанындай, аудан көлемінде жұмыс істейтін 309 ауыл шаруашылық құрылымдарының 176-сы мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, өз шаруашылықтарын дамытуда. Мәселен, өткен жылы «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламаларына қатынасқан 15 шаруашылық 176 млн. теңге мөлшеріндегі несиеге мал сатып алған. Сол сияқты 2016 жылы ауданның шаруа қожалықтары 54 ауылшаруашылық техникасын сатып алса, соның 32-сі лизингке алынған.

Screenshot_2017-02-02-22-02-06-1Үкіметтің арнайы резерві есебінен бөлінген қаржы есебінен Борсы, Талов ауылдарындағы ауыз су жүйелері ағымдағы жөндеуден өткізілсе, «Ақбұлақ» бағдарламасы шеңберінде облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға Жәнібек ауылындағы ауыз су құбырын қайта жөндеу жұмыстары басталған.
Аудан әкімінің есепті кездесуінен соң жарыссөзге қатысқан Ақоба ауылының тұрғыны Мұхтар Бисенғалиев өзі тұратын ауылдың орталықтандырылған ауыз су құбырымен қамтамасыз етілмегендігін, сондай-ақ Жәнібек-Қазталов жолының басым бөлігінде қатты төсеніштің болмауы тұрғындар үшін қолайсыздық тудыратынын айтса, аудандық «Ақбастау» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Руслан Нұралиев аудан орталығына заманауи спорт кешенін салу мен жоғары және арнаулы оқу орындарын бітірген жастардың ауданға көптеп келуіне байланысты оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін қаржы жағынан көмек көрсетуді сұрады.
Жиында сондай-ақ облыстық соттың төрағасы Бек Әметов сот жүйесіндегі болып жатқан жаңалықтарды, алда тұрған міндеттерді айта келіп, ауданда медиация жұмысын жандандыру жөнінде баян етті.
Аудан әкімінің тұрғындар алдындағы есепті кездесуінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысуына байланысты өңір басшысының есептік жиынға қатыса алмағанымен, аудан халқына үлкен сәлем жолдағанын жеткізді. Арман Кәрімұлы өз сөзінде Жәнібек ауданы бойынша екі каналды жаңарту жұмысы қолға алынатынын, ал «Дипломмен ауылға» бағдарламасына сәйкес ауылға келген жас мамандарға тұрғын үй салуда жергілікті кәсіпкерлердің белсенділігін атап көрсетті.

-Жәнібек ауданы жылдан-жылға дамып, өркендеп, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі қала деңгейіне дейін көтеріліп келеді. Мұның өзі таңдануға тұрарлық жағдай. Алдағы уақытта да аудан халқының осылай тату-тәтті тірлік кешіп, ел экономикасы мен мәдениетін дамытуға үлестерін қоса береді деп сенемін,-деді ол сөзінің соңында.
Жиын соңы аудандық Мәдениет үйінің көркемөнерпаздарының концертіне ұласты.

Нұрымбек Жапақов

Жәнібек ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале