19.01.2026, 16:15
Оқылды: 69

«Кейде аяз, кейде бұрқақ, кейде қырбақ»...

Қыстақтар  қалай қамданды?

Үлкендер айтпақшы, қазіргі қыстың  айбары бұрынғы кездердегідей емес, қаһары пәс. Жер үйдің шатырына жетеғабыл басатын қар жоқ, Сақылдаған аязы да ұзақ тұрмайды. «Қыстың көзі – қырауда» жаңбыр жауады. Осының өзі жұмыр Жер-ананың климатының жылынуынан деседі мамандар. Бірақ биылғы «кәрі құданың» жөні бөлектеу. Бастамасынан-ақ адуын мінезін көрсетті. Әп дегеннен қар жауып, боран соқты, жаңбыр жауып, мұздақ болды. Халқымыздың «Қылышын сүйретіп қыс келеді» деп осы мезгілдің тосын қауіп-қатерінен сақтанатыны бекер еместігін байқатты. Жыл бойына тыным таппай, бір науқаннан шығып келесісіне кірісіп, елді азық-түлікпен қамтып отырған  малды ауылдардың тірлігі дағдысынан еш жаңылмады.  Малсақ жандарға әзірге ауа райы қарайласып тұрғандай.  Қазір қыстың күшіне енетін тұсы. Қаңтар мен ақпанда әдетте сәйкесінше сақылдаған сары аяз бен  ат құлағы көрінбес боран болатыны кәміл. Алайда табиғаттың тылсым құбылысын ешкім дөп басып айта алмайды. Сондықтан   мал шаруашылығымен айналысатын шаруалар  қыста бейжай, алаңсыз отырмайды.  Өйткені мал қыстату науқаны барысында малсақ жандар тек төрт түлік малды қыстан аман-есен алып  шығып қана қоймай,  төл мен мол өнім алуға  қам жасайды. Біз сала мамандарымен хабарласып, мал қыстату барысын аңдадық.

ЖП қыс Кама апаның фотолары

Теректі ауданындағы 101 қыстақтың барлығы да байланыс жүйесімен, электр және сумен қамтамасыз етілген. Биыл мал қыстағына шартты 73 мың 279 мал басы (56,5 мың бас ірі қара, 68,36 мың бас қой-ешкі, 17,8 мың бас жылқы) кірді. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Гүлбаршын Раисованың айтуынша, мал қыстату науқаны бірқалыпты өтіп жатыр. Аудан бойынша қыстаққа қажет 158,3 мың тонна шөптің 220,9 мың тоннасы жиналды (жоспар 139,6%-ға орындалды). Соның ішінде 52,9 мың тоннасы өткен қыстан қалған.

- 2025 жылы бір орамашөптің бағасы 6000-8000 теңге аралығында болды. Ауданның оңтүстік аумағында шөп шығымы табиғи, солтүстік бөлігінде екпе шөп есебінен мал азығы жиналды. Соған орай шөптің бағасы Шағатай, Шалқар, Анқаты, Ұзынкөл  секілді оңтүстік ауылдарда  6000 теңге болса, солтүстік ауылдарда 7000-8000 теңге (орамашөптің салмағы - 300 келі) шамасында. Мал қыстағына деп 20,56 мың тонна құрама жем дайындалды, жоспарлы (20,5 мың тонна) толығымен орындалды, 4,9 мың тонна  пішендеме (жоспар 5 мың тонна, орындауы 98,8%), 16 мың тонна  сүрлем (жоспар 9,4 мың тонна, орындауы 170%,) салынды. Қазіргі кезде қолда  167,54 мың тонна (75,8%)  шөп немесе 14,2 мың тонна жем (68%) бар. Мал қолға тұрды, қыс маусымына мал азығы жетеді, — деді Гүлбаршын Серікқызы.

Қаратөбе ауданында сегіз округ, 22 елді мекен бар.  Сондағы 97 орында мал қыстатылуда. Мал  қыстату науқанында 201 адам тер төгіп, еңбек етуде. Қыстақтардың 71-іне электр желісі тартылған, басқалары мотормен, күн панельдерімен жарықтандырылады. Осы қыстақтардың басында 117 техника тұр. Тағы бір айта кететіні, 82 қыстақ  байланыс желісі  бар аумақта қоныстанған.

- Қыс басталғалы жол қатынасы үзілген жоқ. Қысқа шаруашылықтар отын-суын әзірлеп,  дайындықпен келді. Апта сайын округ әкімдіктерінен ақпарат алып отырмыз. Мал қыстату ойдағыдай өтуде. Аудан бойынша 132 мың  тонна  шөп дайындау жоспарланды. Былтыр жазда шөптің шығымы жақсы болып, жоспарды 133,9 мың тонна  етіп орындадық. Төрт шаруашылық 970 гектарға дәнді дақылдар мен малазықтық дақылдар егеді. Соның есебінен 80 тоннадай жемді ішкі қорға дайындадық. Жеке кәсіпкерлердің әр округте сауда орындары бар, соған облыс орталығынан жем тасиды. Осылайша ауылдардағы тұрғындардың құнарлы мал жеміне деген  қажеттілігі өтеледі. Қаратөбе ауылының өзінде үш жерде, іргелес Шөптікөл ауылында жем сатылуда, – деді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашлығы бөлімінің басшысы  Қанат Бадақов.

Қазір Қаратөбе жерінде 85 мың 707 шартты мал басы (ірі қара 60 мың 806, қой 79 мың 899, ешкі 15 мың 649,  жылқы 17 мың 927, түйе 25) қыстаққа кірген.  Елді мекендерде 20 желтоқсаннан бастап, ал шаруашылық құрылымдарында    жаңа жылға таяу мал қолға қараған.

ЖП қыс Кама апаның фотолары

Жылқы қолға қарады

- Казталов ауданы бойынша мал қыстағына 187 мың 712 шартты малы басы кірді. Қыстық мал азығына 328 690 тонна шөп, 3 700 тонна жем дайындалды. 357 орында шаруа қожалықтарының төрт түлігі қыстатылуда. Өткен жылы 422,4 мың гектар шабындықтан   107,69 мың тонна шөп шабылды, оның сыртында мал азығының 162,7 мың тоннасы өткен қыстан қалды. Сондай-ақ басқа аудандардан 58,31 мың тонна шөп тасымалданды. Осылайша жалпы 328 мың 690 тонна мал азығы қыстаққа тасымалданды. Қазіргі кезде қыстақтарда және елді мекендерде мал қолға қарады, содан да қолда 216 мың тонна мал азығы қоры бар. Ауданда  бір орамашөптің орташа бағасы 12 000-13 000 теңге,  – деді аталған аудан әкімінің орынбасары Рашид Нәсіпқалиев.

Рашид Иманғалиұлының айтуына қарағанда, қар жауып, оның арты жаңбырға ұласып, жердің көктайғақтануына қарай тебіндегі жылқының алды ауылдарға қайтып,   қолға қараған. Осыған орай шөп қорында тапшылық болмасын деген ниетпен көршілес Ақжайық, Тасқала, Бәйтерек, Сырым, Қаратөбе аудандарымен байланыс орнатылған. Шөп сататын шаруа қожалықтарының тізімі және байланыс нөмірлері алынып, ауылдық округ әкімдіктеріне хабарланып, ұйымдастыру жұмыстары пысықталуда. Одан басқа аудан бойынша 12 орында жем сату ұйымдастырылған. Қазіргі кезде дүкендерде бір қап кебек, ақ бидай, арпаның орташа құны 2000-3200 теңге аралығында сатылып жатыр.

Ауданға 51,2 мың тонна жем қажет. Күні  бүгінге орташа есеппен 17,3 мың тонна жем жеткізілді. Барлық елді мекенмен, қыстақтармен байланыс бар. Аудан аумағындағы қыстақтың өту барысы туралы ауылдық округтерден күнделікті ақпараттар жинақталып, мониторинг жасалып отыр.

 Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов аудан экономикасының негізі мал шаруашылығы болғандықтан, бұл салаға үлкен көңіл бөлініп отырғанын айтады. Ауданда 422 ауыл шаруашылығы құрылымы агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бағытында қызмет атқаруда. Биылғы мал қыстату науқанына 124 қыстақта 76 906 мүйізді ірі қара малы, 77 487 қой-ешкі, 22 204 жылқы және 121 түйе бағылуда.

– Ауылдық округтерде ірі қара, жылқы малы және ұсақ мал қыстаққа тұрды. Қыстақты өткізуге 181,1  мың тонна шөп қажет болса, іс жүзінде былтырғы мал азығы қоры және басқа аудандардан тасымалданғаны бар,   барлығы 166,3 мың тонна мал азығы дайындалып, 91,8 %-ға қамтамасыз етілді. 7,2 мың тонна жем дайындалды. Мал азығы қыстың ұзақтығына байланысты 150 күнге есептелінді. Мал қыстағына Ресей Федерациясынан 450 тонна жем  тасымалданып, 6750 тонна облыс аумағынан дайындалды. Қазіргі уақытта аудан бойынша жемнің қоры 4 356 тонна шамасында. Жем дайындау жұмыстары жалғасуда. Жеке кәсіпкер А. Искаков жемдік ақбидайдың келісін 100, арпаны 115 теңгеден сатуда. Шөптің құны сұранысқа сәйкес бір орамы (рулон) 12 000 теңгені құрайды. Қаңтардың 15-індегі ақпарат бойынша қолда бар мал азығы 131 582 тонна немесе 79-ды құрайды. Соның ішінде ауыл шаруашылығы құрылымдарында 98 639 тонна немесе 79%, жеке тұрғындарда 32 889 тонна немесе 78% шөп бар,  – деді Жаннұр Бекбауұлы.

Жәнібектегілер мал қыстағын шығынсыз өткізуге мән-маңыз беруде. Мал қыстағын өткізу бойынша ауылдық округтерде жұмыс тобы құрылып, мал азығын қадағалау, барлық елді мекен мен қыстақ бақылауға алынды. Аудандағы ірі шаруа қожалықтары және ЖШС-мен («Алем» ШҚ, «Құбаш», «Номад-Ел» ШҚ, «Жолаушы» ШЖҚ МКК инженерлік қызметі, «Құбаш», «Ерғазы», «Бари», «Бөпеш», «Абусалық» ШҚ-лары) қар тазартуға, жол аршуға алты  ірі техникамен  («К-700» тракторы бір бірлік, «Т-150» екі бірлік,  «ДТ-75» үш бірлік) көмек беруге келісім жасалды.

Аудан аумағында 124 дала қыстағы болса, солардың 81-і электр жарығымен қамтылған. Барлық 124 дала қыстағымен телефон байланысы және жол қатынасы бар.

Ауылдық округтер әкімдерінің берген жазбаша мәліметтеріне сәйкес 124 мал қыстағында жем-шөп қоры жеткілікті, мал қыстату шараларын өткізу және қыс кезеңде мал басын кемітпеу, мал өнімдерін өндіру жұмыстарын қадағалау маңызды мәселе болып табылады.

ЖП мал, қыс  Кама апаның фотолары

Қыс ұзап кетсе де ...

 – Ақжайық ауданы бойынша 197 мың 405 шартты мал басымен (158 мың ірі қара, 204 мың ұсақ жандық, 56 мың жылқы, 191  түйе) қыстаққа кірдік. Осыншама малға 364,2 мың тонна қыстық шөп дайындалды. Бұл жоспардың 101,4%-ын құрайды.  Мал қыстату науқаны 45 елді мекен мен 374 қыстақта қалыпты өтуде. Қыстақтарда 463 адам еңбек етуде. 374 қыстақтың 279-ы электр желісімен, 90-ы балама қуат көздерімен, 5-і   электр генераторымен қамтылған. 327 қыстақпен тұрақты байланыс бар. Желтоқсан айының ортасына қарай мал қораға тұрды. Түтеген боран соғып, одан кейін жаңбыр да жауды. Бірақ аз-мұз көктайғақ жылқыны тебіннен айыра қоймады. Қыс қаһарын байқатқанымен зәрін төге қоймады. Қыстақтарға жол сайрап жатыр. Біздің жақта қыс үзақ болады ғой әдетте. Қыс ұзап кеткен күннің өзінде мал азығы толықтай жетеді деп отырмыз. Жақында Жамбыл, Ақжол, Бударин ауылдық округі аумақтарына шығып, қыстақтардағылардың жай-күйін білдік. Сарытоғай, Тайпақ, Базаршолан жақтарына қар аз түсті. Жаңбыр көбірек жауып, қарды ерітіп жіберген. Ол жақтағылардың да  жағдайы шүкір. Биыл жазда шөптің шығымы былтырғыдан сәл төмендеу болғанымен, қыстық мал азығын еркін қамдап алдық. Мал қыстату науқаны бірқалыпта өтуде,  – деді Ақжайық аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Әлібек Бәкіров.

Шыңғырлау ауданында малдың алды қыстаққа желтоқсан айының басынан, қалғандары сол айдың ортасы ауғанда шөпке тұрды. Желтоқсанның бірінші онкүндігінен аса бере ақтүтек боран соғып, жаңбыр жауып, жер беті көктайғақ болса да, жылқы қолға қарамады.

– Қазір сегіз ауылдық округте 46 орында мал қыстатылуда. Онда  58 мың ірі қара, 46 мың 570 қой-ешкі, 12 мың 246  жылқы, 63 түйе (60 мың шартты мал басы) бағылуда. Барлық қыстақпен байланыс жүйесі бар. Түрлі техникамен қамтылған. Өткен жылы мал қыстағына 139 мың 855 тонна шөп, 10 мың тонна жем дайындалды. Осы жем-шөп қоры алты ай қысқа есептелген. Сондықтан қыс мінезін көрсетіп, аяғы ұзап кетсе де, мал азықтан тарықпайды деп сеніммен отырмыз. Аудан әкімінің бастауымен мал қыстақтарын  аралап, малшылардың тұрмыс-тірлігін көріп жүрміз. Әсіресе, шалғайдағы Ардақ, Ақтау ауылдық округтерін араладық. Шыңғырлау округінің бірқатар қыстақтарында болып, малшылардың көңіл күйлерінің жақсы екенін байқадық. Қыстақтарды аралау аудан әкімінің бастауымен әлі жалғасуда. Мал қыстату науқаны бірқалыпты өтуде,  – деді Шыңғырлау аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Елдос Оразғалиев.

Бәйтерек ауданы бойынша биылғы мал қыстағына 118  мың тонна шөп дайындау жоспарланды. Жалпы 196,8 мың гектар алқаптан 147,9 мың тонна шөп жиналып жоспар 125,3%-ға орындалды.  Сонымен қатар 3,5 мың тонна сүрлем,  2,5 мың тонна сабан, қосымша 15,8 мың тонна  жем дайындалды.

- 2026 жылғы бірінші қаңтардағы мәліметке сүйенсек, ауданда 55 мың 602  ірі қара, 61 мың 485  ұсақ ірі қара,  7 мың 957 жылқы, 11 түйе, 9 мың 129 шошқа, барлығы – 61 мың 338 шартты бас мал қыстатылуда. Ауданымызда 56 мал қыстағы бар. Олар 113 бірлік түрлі қажетті техникамен және электр желілерімен қамтылған,  – деді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Есбол Абдулов.

Бәйтеректік мамандар ауданның қысқы мал азығымен  өзін-өзі толықтай қамтитынын, қыс маусымы ұзаған жағдайда да жем-шөптің жететінін айтады.  Бұл ауданда қыстақтар орталық елді мекендерден ең алыс дегенде 25 шақырым қашықтықта орналасқан. Сондықтан малды ауылдардағы науқан аудан басшылығының  назарынан тыс қалған емес. Қазіргі қыстың ысқырынған аязды күндері қыстақтардың тыныс-тірлігі ырғақты қалпынан танған емес.

Бөкей ордасы ауданы бойынша мал қыстату науқаны 20 елді мекені мен 573 шаруа қожалықтарының 553 қыстағында өтуде. 2025 жылдың қорытындысы есебімен 123 мың 329  ірі қара, 122 мың 185  қой мен ешкі, 42 мың 624   жылқы, 1 мың 185   түйе  қыстаққа кірді. Мал қыстағына 209 мың тонна шөп, екі мың тоннаға жуық жем дайындалды.

–  Аудандағы 20 елді мекенде мал ұстайтын 1447 аула шөппен қамтылды. Желтосақның 13-інде боран тұрып, содан бастап қыстақтардағы  және елді мекендердегі жеке тұрғындардың малдары толықтай қораға тұрды. Жылқы тебінде. Барлық ауылдық округ орталықтарында кәсіпкерлер жем әкеліп сатуда, 25 келілік бір қапшықтың бағасы 3100-3600 теңге аралығында. Оның сыртында шаруа қожалықтары өз қыстақтарына жем әкелуде. Бұл жұмыс жалғасын таба береді, –  деді  аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сүйінбек Хайруллин.  Бөлім басшысының сөзіне сүйенсек, қыстақты ұйымшылдықпен өткізу үшін аудандық штаб құрылып, жұмысқа кіріскен. Жақында аудан басшылығы ауылдар мен қыстақтарды аралап, мал қыстағының бірқалыпты өтіп жатқанына көз жеткізген. «Бізде ауа райы жақсы, күн ашық, қар  тегістей жауды. Мал қыстағын өткізуге қыстақтарда 532 дана  трактор, 456 дана аутокөлік дайын тұр. Барлық елді мекен мен қыстақтардың арасында байланыс, жол қатынастары бар. Мал азығы толығымен жетеді деп отырмыз», – деді С. Хайруллин.

Қорыта айтар болсақ, өңірде «Кейде аяз, кейде бұрқақ, кейде қырбақ, Кейде еркек, кейде күрпік, кейде сырғақ» (І. Жансүгіров) қыс мезгілінде мал қыстату науқаны ойдағыдай жүруде.  Қыстақ басында тірлік қызды. «Қыс қысыларсың, жаз жазыларсың» демекші, малшылар қауымы   ала жаздай еңбек етіп, жинаған жем-шөбінің және қажырлы еңбектерінің  арқасында қыстан аман-есен шығады деген сенім нық.    

Гүлбаршын  Дыбысқалиқызы,

«Орал  өңірі»

 Суреттер сайт архивінен 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале