20.01.2026, 16:15
Оқылды: 131

«Пешке» күйген қала

(Эдинбург естеліктері)

Шотландияның Эдинбург шаһары нағыз готикалық стильдегі қала. Сәулет-құрылыс өнерінде готикалық мәнер дегеніміз – үшкір мұнаралы һәм үшкір күмбезді биік ғимараттарға басымдық беру. Мұндай нысандар әдетте еңселі болғанымен, енсіздеу келеді. Біздің бірден байқағанымыз, жүздеген жыл бұрын салынған ғимараттар Эдинбургке ерекше бір тылсым сипат беріп тұр. Көне көшелерді аралай жүріп, орта ғасырларға ма, әлде кітаптардағы сиқырлы бір әлемге ме, тап болғандай сезінесің. Қаланың жаны бар, «сөйлеп» тұрады, өткеннен сыр шертеді, тіпті, ойша өткен замандарға жетелейді. Джоан Роулиң әйгілі Хәрри Поттер туралы көптомдық хикаясын осы қалада жаза бастапты. Иә, мұндай тарихи әрі тылсым шаһарда ғажайып кітап жазылатынына күмән келтірудің  өзі  қисынсыз.

Жазушылар музейі

Жалпы, Шотландияның табиғаты әдемі. Жері шағын болғанымен, тау да, теңіз де, орман да, өзен де бар. Біз Эдинбургтегі Патша ботаникалық бағын араладық. 1670 жылы негізі қаланған, бүгіндері өсімдіктің 13 000 түрі өсетін бақ ғажап екен. Судың сылдырлап аққаны, құстардың сайрағаны, желдің гуілі, жапырақтардың сыбдыры, жәндіктердің ызыңдағаны жанға жәйлі рақат сыйлайды. Былай қарасаң, ғаламшардың қай түкпірінде де сол топырақ, сол ауа, сол су. Бірақ бәрібір де өзімнің бұл жерге бөтен екенімді сезініп тұрамын. Табиғаты керемет болса да, кинолардан көретін жат өлке екенін өз басым жан-тәніммен сезіндім. Туған елдің, туған жердің құдіреті  бөлек  қой,  шіркін!

Тарихтың қойнауына үңілсек, 1603 жылдан бастап Шотландия мен Англияны бір патша басқарған. Ал 1707 жылы қос елдің парламенттері бірігіп, Шотландия саяси тә-уелсіздігінен толық айырылған. Алайда осы оқиға бұл мемлекеттегі ағарту дәуіріне бастама болды. Себебі, ағылшындардың қол астында ұлттық ерекшелігінен айырылып, ағылшынданып кетпеу миссиясы шотландық небір ұлы тұлғаларды қалыптастырды. Мәселен, философ Дэвид Хьюм, ойшыл һәм экономист Адам Смит, заманауи геологияның негізін қалаушы Джеймс Хаттон, химик Джозеф Блэк, инженер-механик һәм өнертапқыш Джеймс Уатт сынды тағы да басқа  қайраткерлер XVIII ғасырды Шотландия үшін ағарту дәуіріне айналдырды. Ал біз-дің қазақ халқы үшін мұндай өңшең алыптар шоғыры қалыптасқан заман ХХ ғасыр болған секілді. Жүйелі және жан-жақты даму жөнінен Еуропаның империя болған елдерін айтпағанда, отарланған жұртының өзінен екі ғасырға кешігіппіз. Эдинбург көшелерін аралап жүріп, мен осындай әсер алып, ой түйдім. Енді шаһардың көрнекті жерлері жөнінде дерек-дәйек  берелік.

Эдинбург  қамалы

Шотландияның жаны – Эдинбург, ал Эдинбургтің жүрегі – осы қамал. Бекіністің негізі XII ғасырда қаланған. Ағылшындар шотландтарға ерте заманнан-ақ тыныштық бермеген. Шотландтар, біресе тәуелсіздігінен айырылып, біресе соғыса жүріп жеңіп, қайтадан азаттық алған. Жоғарыда жазғанымыздай, 1603 жылы қос елді бір патша басқара бастап, 1707 жылы екі мемлекеттің парламенттері біріккенге дейін осылай жалғасқан. Тарихта бұл қамал да бірде шотландтардың, бірде ағылшындардың қолына алма-кезек өтіп отырған.

Аталмыш тарихи нысан қазір Эдинбургтің басты туристік орны. Мұнда шотланд патшаларының сарайы бар. Кейбірі (мысалы, VI Джеймс) сонда туған. Бүгінде патша сарайы – музей. Патша сарайына бас сұққан туристерге 800-ші жылы алғашқы шотланд билеушісі таққа отырғаннан бастап, ең соңғы шотланд патшасына дейінгі барлық  корольдің суреті, мүсіні, өмірбаяны таныстырылады. Сондай-ақ кейбір шотланд патшаларының тәжі, асатаяғы, қылышы сақталған.

Шамамен 500 жыл бұрын жасалған осы үшеуі – патшалық биліктің символы екен. Суретке түсіруге рұқсат етілмегендіктен, түсірмедік. Сонымен қатар қамалда Соғыс мемориалы ғимараты бар. Ол есте жоқ ескі замандардан бастап, Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі Отан үшін жанын қиған батырларға тағзым етіп, құрмет көрсетуге арналған. Сарбаздар ұстаған тулар, олардың аты-жөні жазылған кітаптар қойылған. Қабырғаға жазылған мына жалынды сөздер жүрекке жетті:

«Сіз бен біздің қартаятынымыз сияқты, бұл батырлар енді ешқашан қартаймайды. Жас кезінде Отан үшін жанын қиды, және мәңгіге жас күйінде қалды. Біз оларды күн батқанда және күн шыққанда еске аламыз». Бұл нысанның да ішін суретке түсіруге  болмайды  екен.

Қамалдағы басты жәдігерлердің бірі – «Монс Мег» деген зеңбірек. Оның салмағы 6 тонна, бұрын 180 келілік ядроларды 3,2 шақырым қашықтыққа дейін атқан. Яғни, патшаның айбыны һәм айбары болған. Бұл қару 1449 жылы Бельгияның Монс қаласында жасалыпты. 1457 жылы Бургундия герцогы туысқан қарындасын алған күйеу баласына, яғни, Шотландия патшасы ІІ Джеймске «Монс Мегті» сыйға береді. Мұндай жойқын қару үлкен тарту еді. Алайда оны жеткізу оңайға соққан жоқ. Өйткені, бірнеше ат немесе өгізді жеккеннің өзінде – ат-көлік күніне 15 шақырым ғана жол жүре алған. Зеңбірек 1513 жылға дейін соғыстарда пайдаланылды. Содан соң, одан анағұрлым тиімді зеңбіректер жасалып, «Монс Мег» ескіріп, қолданыстан шығып қалған. Есесіне, мемлекет үшін атаулы күндерде, патшалардың туған күнінде, яғни, салтанатты іс-шараларда атылатын «жаңа қызметіне» кірісті. Мұндай мақсатта ол 1681 жылға дейін қолданылып, кейін қараусыз қалды.

1754 жылы ағылшындар зеңбіректі Лондон Тауэр қамалына алып кетеді. 1820 жылдан бастап, «Монс Мегті» қайтару туралы бастама дүркін-дүркін көтеріліп, ақыры 1829 жылы ол өз «үйіне» оралды. Тарихи жәдігерге айналған зеңбіректі жергілікті жұрт қошеметпен, сән-салтанатпен қуана қарсы алған көрінеді. Міне, бір зеңбіректің өзінің осынша тарихы қағазға түсіп, туристерге таныстырылады.

1861 жылдан бастап бекіністе жексенбіден өзге, аптаның алты күнінде күн сайын түскі бірде зеңбірек атылған. Себебі, климаты жаңбырлы, тұманды қалада биік мұнарадағы сағат көбіне көрінбейді екен. Ал зеңбірек атылғанда, айлақтағы кемелер экипажы сағат түскі бір екенін түсінген. Яғни, бұл – теңізшілерге уақытты ұқтыратын белгі болған. Қазір сағат қараймын десе, әркімнің өз ұялы телефоны бар. Бірақ төл тарихына ұқыпты шотландтар осы үрдісті әлі күнге жалғастырып, түскі бірде қамалда қазіргі заманғы зеңбіректен бос оқ-дәрі атады.

Жалпы, бекіністе басқа да нысандар мен жәдігерлер көп (өзге де музейлер, қамал басшысының үйі, соғыс кезіндегі түрме, әскери абақты, сарбаздар тұрғынжайы, қақпалар, зеңбіректер, 1130 жылы салынған шіркеу т. б.). Мен кейбірін қысқаша ғана жаздым. Қамалды үш сағаттай араладық. Шотландтар мемлекет тарихын жақсы таныстырыпты.

1995 жылы Эдинбург қаласы тұтастай ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне енді. Осынау тарихы бай шаһардың басты символы болып Эдинбург қамалы танылды. Жыл сайын нысанға миллионнан астам турист арнайы келіп, көреді. 2014 жылы рекордтық көрсеткіш тіркелген, яғни қамалды 1,4 миллион турист келіп тамашалаған екен. Біз әр адамға 21,5 фунт стерлинг төледік. Бұл біздің теңгенің қазіргі бағамымен есептегенде, шамамен 15 000 теңгеге жуық. Миллион адамның әрқайсысынан 15 000 теңгеден алса, сонда бір қамалдың өзі қазынаға қанша пайда түсіріп отырғанын ойлай беріңіз! Шотландтар әрі төл тарихы мен мәдениетін паш етіп, әрі туризмнен мол табысқа кенеліп  отыр.

Жазушылар  музейі

Жазушылар музейінің ғимараты 1622 жылы салынып, үш ғасыр бойы кәдімгі үй болған. 1907 жылы сол кездегі иесі Эдинбург қаласының мүлкі ретінде сыйға тартып, мәдениет ошағына айналған. Демек, содан бері Жазушылар  музейі  көрінеді.

шФ312

Мұражай шотландтың ең атақты үш қаламгері – Роберт Бөрнс (1759-1796), Сэр Уолтер Скотт (1771-1832) және Роберт Льюис Стивенсонға (1850-1894) арналған. Нысанда әрқайсысының өмірбаяны мен шығармашылығын, болмысы мен еңбегін таныстыратын бөлмелер бар. Онда сөз зергерлерінің қолданған заттары, көзі тірісінде шыққан кітаптары, қолжазбалары, мүсіндері мен суреттері қойылған. Сондай-ақ музейде олардың кітаптары сатылады екен. Маған шет тілдерде поэзиядан гөрі, проза оқыған ұнайды. Сол себепті, ақын Роберт Бөрнстің жыр жинақтарына қызығушылық танытпадым. Есесіне, жазушылар Сэр Уолтер Скоттың «Rob Roy», ал Роберт Льюис Стивенсонның «Treasure Island» деген романдарын сатып алдым. Негізі, осыған дейін ағылшын және ағылшын тілді елдер қаламгерлерінің біраз кітабын жинаған болатынмын. Әлі де алғым келетіні көп. Кітап дүкеніне кірсем, қатты қызығып, өзім-ді тоқтата алмай қалатын әдетім, бәлкім, «ауруым» не «тәуелділігім» бар. Бұл жолы да Скотт пен Стивенсонның туындыларын алмай кете алмадым.

Жалпы, шотландтар Уолтер Скотты (1771-1832) қатты пір тұтады екен. Өйткені, ол шығармалары арқылы шотландтың ұлттық болмысын, ұлт-азаттық күресін, мәдениетін, әсем табиғатын әлемге танытқан. Бұған қоса ол халқының жұтылып, ағылшынданып кетпеуі үшін көп еңбек сіңірген. Скотт – қаламгер ғана емес, ол әрі қайраткер. Баннатайн клубын құрып, шотландтың XV ғасырдан былай қарайғы ақын-жазушыларының қолжазбаларын тауып, жинақтап, жарыққа шығарған. Міне, бұл Әлихан Бөкейхан Абайдың кітабын, Мұхтар Мағауин жыраулар поэзиясын жинақтап, шығарғаны сияқты зор еңбек қой. Яғни, жұртының ұлт ретінде сақталып қалуы үшін, шотландтардың ұлттық рухы жаңғыруы үшін қаламымен де, ісімен де аянбай тер төккен.

Скотт туралы айтатын сөз көп. Әлем әдебиетінде ойып тұрып орын алған бірден-бір себебі, ол тарихи романның негізін қалаған. Яғни, Шотландияның азаттығы үшін ағылшындармен соғысқан батырлардың өмірі мен ерлігін көркем шығармаға айналдырған.

Шотланд жазушысының адамгершілігі де қайран қалдырады. Ол кезде Британияда қарапайым жұмысшы жылына небәрі 25-30 фунт стерлинг ақша тапқан көрінеді. Ал Скоттың кірісі жылына 10 000 фунтқа жеткен. Яғни, кітаптарына сұраныс өте жоғары, бай адам болған. Алайда оның баспасы банкротқа ұшырайды да, 1826 жылы қарызға белшесінен батады. Сол кезде Скоттың 117 000 фунт берешегі болған екен. Бүгінде бұл шамамен 15 миллион фунтқа жуық қыруар ақша. Яғни, қазіргі бағаммен есептесек, шамамен 10 миллиард теңгеден асады! Мұндай қарызын қайтара алмайтынын білдіріп, өзін банкрот деп жарияласа болар еді. Әйтсе де, өйткен жоқ. Дос-таныстары ұсынған көмектен де бас тартты. Өз қарызын өзі қайтаруға бел буып, арлылық танытты. Эдинбургтегі үлкен үйін сатып, отбасын ауылдық жердегі иелігіне көшірді. Сонымен қатар алты жыл бойы тынымсыз жұмыс істеп, бір кітаптан соң бір  кітап жазып, бүкіл берешегінен құтылады. Алайда әбден әлсіреп, оған қоса психологиялық-моральдық тұрғыдан да қатты қалжырап, зорыққан көрінеді. Содан Скотт қайтып оңалмай, денсаулығы біржола күрт нашарлап, 1832 жылы қайтыс болған. Жан тапсырардың алдында басын сүйеп отырған күйеу баласына былай деген көрінеді: «Қарағым, жақсы адам бол. Ізгі ниетті бол, діндар бол, жақсы адам бол. Сонда о дүниеге жаның, жүрегің  тыныш күйде аттанасың». Заңғар жазушының ең соңғы сөзі  осы  болыпты.

Эдинбургтегі Жазушылар үйінен шықсаңыз, Makars' Court, яғни ақындар ауласын көресіз. Жердегі тақтатастарға шотландтың XV ғасырдан бастап бүгінге дейінгі қаламгерлерінің сөздерін жазып қойыпты. Құдды, Лос-Анджелестегі Жұлдыздар аллеясының  әдеби  нұсқасы  іспетті.

Скотт монументіне де бардық. 1832 жылы Уолтер Скотт қайтыс болғанда, шотланд ұлты және күллі әлемдегі әдебиетсүйер қауым күңіреніп, аза тұтқан. Ол өмірден өткен соң, бір айдан кейін Эдинбургте қоғамдық жиын өтіп, жазушыға ескерткіш орнату жөнінде шешім қабылданған. Сөйтіп, бірнеше жыл бойы қаржы-қаражат жиналған. Қала билігі, меценаттар, әдеби бірлестіктер, қарапайым халық – бәрі қосылып, 16 000 фунт стерлинг ақша жинапты деседі. Қазір бұл шамамен 2 миллион 80 мың фунтқа немесе 1 миллиард 400 миллион теңгеге пара-пар ақша. Осылайша, биіктігі 61 метрлік нысан, яғни Скотт Монументі 1840-1844 жылдар аралығында салынған. Ол әлемдегі жазушыға арналған ең үлкен ескерткіштердің бірі көрінеді. Иә, сэр Уолтер Скотт қандай құрметке де лайық. Өйткені, ол – ұлтқа және адамзатқа қызмет еткені, қайраткерлігі, еңбекқорлығы, арлылығы үлгі боларлықтай  ТАУТҰЛҒА!

Эдинбургтегі басты екі көше – Патша милі (Royal Mile) мен Ханшайым көшесі (Princes Street). Осы көшелердің бойында түрлі тарихи-мәдени нысандар мен музейлер, ескерткіштер көп болғандықтан, бұл маңда әрдайым туристердің қарасы қалың. Біз де осы көшелерді аралап келе жатқанымызда, келіншегім көне ғимараттарды нұсқап: «Пешке күйіп қалған сияқты, иә?» деді. Расында да, сан ғасыр бұрын салынған нысандар жаңбыр мен жел мүжіп, күн қақтап, қара-қошқылданып күңгірттеніп кеткен екен. «Уақыт пешіне күйген  ғой»  дедім  мен...

Алпамыс Файзолла,

Ұлыбританиядағы Абердин университеті магистратурасының

ҚР «Болашақ» бағдарламасы  бойынша 

2025 жылғы түлегі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале