21.01.2026, 21:00
Оқылды: 8

Болашақ пен Орал арасын жалғаған автобус 

Болашақ ауылдық округіне жасаған іссапарымызда көптен күткен, ауыл тұрғындары үшін аса маңызды жаңалықтың куәсі болдық. Енді Болашақ ауылы мен облыс орталығы — Орал қаласының арасында қоғамдық автобус қатынайды. Бұл игілікті істің жүзеге асуына округ тұрғындарының жолдағы қауіпсіздігі мен тұрмыс қолайлылығын басты назарда ұстаған округ әкімі Артур Берденов тікелей мұрындық болған.

IMG_2561

Ауыл мен қала арасындағы қоғамдық көлікті ұйымдастыру оңай шаруа емес екені белгілі. Дегенмен, округ әкімі бұл мәселені жүйелі түрде қолға алып, жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпкер тауып, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен тиісті келісімдерге қол жеткізген. Нәтижесінде екі ортаға қатынайтын тұрақты автобус жолға қойылды.

IMG_2566

Қазіргі таңда округ тұрғындарының сұранысына сай Болашақ пен Орал арасында «Бегалиев» жеке кәсіпкерлігіне қарасты «Газель» маркалы қоғамдық көлік қатынап тұр. Әзірге жолақысы — 3000 теңге. Алғаш естігенде бұл баға кейбір жолаушыларға қымбат көрінуі мүмкін. Алайда округ әкімі бұл тарифтің уақытша екенін атап өтті.
— Кәсіпкер тиісті мекемелермен келісімшарт жасап болған соң, мемлекет тарапынан субсидия бөлінеді. Сол кезде жолақы құны шамамен 1400 теңгеге дейін төмендейді, — дейді Артур Берденов.

IMG_2555

Бұл бастаманы округ тұрғындары жылы қабылдап отыр. Әсіресе, такси бағасының қымбаттауы мен жолдағы қауіпсіздік мәселесі көпшілікті алаңдататыны жасырын емес. Осы орайда біз округтегі еңбек ардагері, ауыл ақсақалы Жұма Иманғалиевпен тілдескен едік.
— Біздің округ облыс орталығына бір табан жақын орналасқан. Ауылдағы ағайын үшін Оралға барып, түрлі шаруасын тындыру аса маңызды. Соңғы кезде таксидің бағасы шарықтап кетті, ал қауіпсіздік мәселесі тағы бар. Халықтың осы сұранысын ауыл әкімі дер кезінде қолға алып, екі араға қоғамдық көлік ұйымдастырды. Енді ауылдастарымыз алаңсыз жолға шыға алады, — дейді ардагер.

Жұма Иманғалиев

Шынында да, қазіргі зымыраған заманда адам өмірі мен жол қауіпсіздігі — бірінші орында. Осы тұрғыдан алғанда, Болашақ ауылы мен Орал қаласының арасын жалғаған қоғамдық автобустың іске қосылуы — тұрғындар үшін үлкен қуаныш әрі нақты нәтижеге бағытталған жұмыс.
Болашақтық ағайынның бұл қуанышы баянды болып, ел игілігіне қызмет ете бергей!

Қайрат Жақып
Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале