23.01.2026, 9:45
Оқылды: 127

«Жақсы жыр жазсам деп едім»

Таяуда Х. Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында Жанболат Сұпышевтің «Жақсы жыр жазсам деп едім» атты жыр кітабының лентасы қиылды. Бұл іс-шара аталмыш кітапхананың «Ақжайық қаламгерлері» жобасы аясында ұйымдастырылды.

IMG_8632

Жанболат Нұққалиұлы Казталов ауданындағы Қошанкөл ауылында дүниеге келген. Қарағанды педагогикалық институтында алғашқы әскери дайындық және дене тәрбиесі мұғалімі мамандығында білім алды. Қалам-парағын жанына серік еткен педагогтің осы күнге дейін өзінің жыр-жинағын басып шығаруға мүмкіндігі болмаған. Оның кітабының жарыққа шығуына жергілікті қаламгерлер ұйытқы болды.

Бұл іс-шараға ақын, «Ақберен» жас ақындар мектебінің жетекшісі Талап Таймасұлы,  сондай-ақ қаламгердің туыстары мен ауылдастары қатысты.  Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық академиялық филармонияның әншісі Айбар Хайырханов әуезді әндерімен шара шымылдығын түрді. Одан кейін LED-экраннан ақын-ұстаз жайында бейнеүзік көрсетіліп, кітапхана оқырмандары өлеңдерін оқыды. 57 жастағы Жанболат Нұққалиұлы оқырманмен сұхбат барысында 6-сыныптан бастап өлең жаза бастағанын айтты. Оның жазған өлеңдері аудан жұртшылығына жақсы таныс. Тіпті сонау екі мыңыншы жылы, яғни Қазақстанның Халық жазушысы, ақын Жұбан Молдағалиевтің туғанына 80 жыл толуына орай өткен облыстық мүшәйрада жүлделі екінші орынды иеленген.

– Кішкентай кезімде үйдегі радиода жыр-термелер жиі қосылып тұратын. Оған қоса, кітап беттерінен «Алпамыс батыр» эпостық жырын, тарихи оқиғаға негізделген «Қыз Жібек» лиро-эпостық жырын да сүйіп оқитын едім. Үйімізде кітап толы төрт сандық болатын. Менің пәлсапалық ойларымның қалыптасуына кітапты көп оқуымның пайдасы тиді, – деді  Ж. Сұпышев.

Іс-шарада Талап Таймасұлы жаңа кітап оқырман жүрегінен орын тапсын деген тілек айтты. Жыр жинақтың алғысөзін ақын, жазушы Мұнайдар Балмолда жазған. Ол осы шараға қатыса алмаса да, арнайы бейнеқұттықтау түсіріп жіберген. «Жанболат ақынның өлеңдерін оқығанда ақ бұлаққа салған баланың қағаз қайығындай жүзіп жүре бердім», – деп ақжарма тілегін білдірген М. Балмолда. Айта кетелік, бұл кітапты құрастырып, баспаға дайындаған – жас ақын-жазушы Нұрлан Едігенов. Кітаптың таралымы – 500 дана, «Қуаныш» баспасында қатталған. Жинақты жарыққа шығаруға Ж. Сұпышевтың туған ауылындағы  кәсіпкерлер қаржылай қолдау көрсеткен.

 

Нұрым  Ғұмар,

«Орал  өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале