Батыс Қазақстан облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың құрылғанына биыл бес жыл толды. Соған байланысты өткен конференцияда құқық қорғау және білім саласының өкілдері бас қосты.
Құзырлы орган 2012 жылдан бері 344 қылмыстық, 1197 кәмелеттік, 1864 әкімшілік істі қараған. Бұл жөнінде аталған соттың төрағасы Тельман Ибрашев мәлімдеді. Конференцияда облыс прокурорының аға көмекшісі Алмагүл Исмағұлова кәмелетке толмағандардың ісіне қатысты сот және ішкі істер органдарымен бірлесе атқарылған шаралар жөнінде баяндады.
Жиында жасөспірімдердің тағдырына байланысты шешім қабылдау өте күрделі екені және оған қоғам болып жауапкершілікпен қарау керектігі айтылды. «Жасөспірімдердің қылмысқа баруының әлеуметтік себептері әркелкі. Мысалы, тұрмыстық жағдайы төмен отбасынан шығу, ата-ананың бала тәрбиесіне салғырт қарауы, әлеуметтік теңсіздік немесе басқа да сыртқы әсерлерден болуы мүмкін. Балаларды қорғаншылыққа алу мәселесіне қатысты келеңсіз жайттарға жиі кезігеміз. Заң үстемдігі арқылы ата-ана жауапкершілігін күшейтпей, ешқандай нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес», – деген Орал қалалық білім беру бөлімінің басшысы Жансұлу Төремұратова құқық қорғау органдарының өкілдерін осы мәселелерді талқылау бағытында жиі бас қосуға ұсыныс жасады. Облыстық адвокаттар алқасының мүшесі Асылхан Нұрханованың да ортаға салған пікірі осындай мазмұнда болды. Ол кәмелетке толмағандарды қылмысқа итермелейтін ортаны жүйелі түрде зерттеуді ұсынып, алдын алу шараларын ширатуды, әсіресе, ювеналдық полиция қызметкерлері мектептердегі тәрбие ісіне белсене араласуы маңызды екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ бала тәрбиесіне құлықсыз ата-аналарға қоғамдық мәжүрлеу шарадларын тиімді қолдану қажеттігін алға тартты.
Нуртай Текебаев