22.01.2026, 16:45
Оқылды: 83

«Аудан айнасын айшықтаған азамат»

Қаратөбе ауданында осындай атаумен саналы ғұмырын елге арнаған азамат, қоғам қайраткері, ұстаз, 1973-1976 жылдары газет редакторы болған «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері Самат Батырғалиевтің туғанына 95 жыл толуына орай М.Мералиев атындағы Қаратөбе аудандық тарихи-өлкетану музейінде еске алу кеші ұйымдастырылды.

редактор Батырғалиев (1)

Айтулы іс-шараға аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Мәулен Халиоллаұлы, аудандық маслихат төрағасы Нұрлан Құмарұлы, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұртас Нәбиоллаұлы, Самат аға редактор болып қызмет жасаған жергілікті басылым «Қаратөбе өңірі» газетінің редакторы Бекжан Тұрсынғалиұлы мен газеттің жауапты хатшысы Ерболат Мырзағұлұлы, Алаш және Қ.Хасанов атындағы тарихи-өлкетану музейінің директоры Сәбит Хасанов, мектеп ұстаздары мен аудан жастары және қоғам қайраткері Самат Батырғалиевтің қыздары Сәния, Дина  Саматқызы қатысты.

Самат Батырғалиұлы –1931 жылы 2 қаңтарда БҚО, Қаратөбе ауданы, Қаратөбе ауылында жұмысшы отбасында дүниеге келген.

1947 – 1949 жылдары Орал педагогикалық училищесін, 1949 – 1953 жылдары педагогикалық институтты бітірген.

Самат Батырғалиевтің еңбек жолы 1953 жылдан басталған. 1953 – 1956 жылдар арасында Кеңес Армиясы қатарында, 1957 – 1959 жылдары орта мектептің мұғалімі, 1959 – 1962 жылдары аудандық «Еңбек туы» газетінде жұмыс жасаған. 1966 жылға дейін Жымпиты өндірістік басқармасындағы облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, кейіннен Қаратөбе ауданы Қоскөл совхозы партия комитетінің хатшысы қызметтерін атқарды. 1966 жылдан мектеп директоры, кейін Қазақстан Компартиясы аудандық комитеті, саяси ағарту кабинетінің меңгерушісі болып қызмет атқарды.

1967 – 1970 жылдары насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі, 1970 – 1972 жылдары Алматы жоғарғы партия мектебінің тыңдаушысы, 1972 – 1973 жылдары Қазақстан Компартиясы аудандық комитеті, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып еңбек еткен. Самат Батырғалиұлы 1973 жылдан өмірінің соңғы кезеңіне дейін Батыс Қазақстан облысы тарихында өзіндік орны бар, абыройы асқақ аудан айнасы, ауылдың алтын діңгегіне айналған қазіргі «Қаратөбе өңірі», кезіндегі «Еңбек туы» газетінің редакторы болып қызмет атқарды.

Самат аға – өзінің еңбексүйгіштігімен, қарапайымдылығымен, үлкен беделімен құрметке ие болды.

1965 жылы Жымпиты, Қаратөбе аудандық партия комитетінің мүшесі, 1973 жылдан аудандық Кеңестің депутаты болды. Педагогтық және қоғамдық қызметі үшін « В.И.Лениннің туғанына 100 жыл», «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған.

Еске алу іс-шарасының алғашқы сөз кезегін алған  аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мәулен Халиоллаұлы Самат Батырғалиұлымен аудандық партия комитетінде бірге қызмет жасаған кездерінен естелігін айтып, ағаның асыл қасиеттері мен қызмет бабындағы іскерлігі мен ұйымдастырушылық қасиеттері туралы әңгімелеп, Самат аға қызмет еткен аудандық «Қаратөбе өңірі газетінің»  90 жылдық мерейтойы қарсаңында алғаш ізгілікті іс-шараны ұйымдастырған аудандық М.Мералиев атындағы музей ұжымына ризашылығын білдірді.

Іс-шара барысында ағаның қызы, отбасының үлкені Сәния апай әкесінің  жайлы мінезділігі мен отбасына деген қамқорлығы, қарпайымдылығы, қызметтегі іскерлігі туралы  үлкен тебіреніспен  әңгімелеп, әкелеріне арнап, еске алу іс-шарасын ұйымдастырған  музей ұжымына  және алтын уақыттарын бөліп,  ой бөліскен дөңгелек үстелге қатысушыларға зор алғысын білдірді.

Кездесу барысында сөз алған аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Меңдешов, аудандық «Қаратөбе өңірі» газетінің редакторы Бекжан Қойшекенов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұртас Сафуллин газет тарихынан қысқаша сыр шертіп, Самат ағаның газеттегі қызметі мен ел үшін атқарған еңбектері туралы әңгімеледі.

Ағаның қызы Дина Саматқызы екеуміз  1980 жылы Мұхит орта мектебін бірге бітірдік. Ол кездегі О.Исаев, қазіргі Қ.Жұмалиев көшесінде көрші тұрдық. Самат аға дүниеден өткен жылы біз мектептің 6 сыныбында оқыдық. Дина орыс, мен қазақ класында оқыдым. Самат ағаны көре қалдық. Аға көп сөйлемейтін, мінезге бай, қарапайым адам болды.

Әкем кезінде: «Көрші Самат інім өтте сауатты, іскер, жұмысқа алғыр жігіт» деп мақтан етіп отыратын. Динаның анасы Гүлзағипа апай да ұлағатты ұстаз болды.  Өзінің ұлы Азат пен менің інім Бекболаттың алғашқы ұстазы болды.

Үлкен ұлы Талғат аға мен Азат ініміз  Орал қаласында тұрады. Кенже қызы Венера дәрігер. Ағаның балаларының барлығы  өзі сияқты білімді, еңбекқор жандар.

    Ерболат Райсов,

                                                                               Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале