«Нарын құмындағы орман – Бөкей ордасының мақтанышы. Бұл құмға ағаш отырғызу, қолдан орман өсіру Жәңгір ханның тұсынан бастау алған болатын. Жасыратыны жоқ, сол қарағайлар жылдан-жылға қартайып келеді. Жерасты судың тапшылығынан қурап жатырғандары да аз емес. Құм көшкінін тоқтату мақсатындағы Жәңгір ханның сол кездегі игі ісін жалғастырмақ ниетте осыдан екі жыл бұрын Оралдағы, сондай-ақ еліміздің әр түкпірінде жүрген бөкейліктер «Түлектер саябағын» қалыптастыруды қолға алдық. Саябақты Бөкей хандығының 225 жылдығы мен Жәңгір мектебінің 185 жылдығына арнаған едік. Жәңгір мектебін тәмамдаған 300-ге жуық түлек ақша аударып, 100 түп павловния, 180 түп мақтаншақ терек отырғызылды. Одан бөлек, құдық қазылып, саябақ аумағы қоршалды. Ол кезде Хан ордасы ауылының әкімі Әлібек Айтқалиев болатын. Әкім ауылдың шет жағындағы Ахмет Мәметов көшесінен жер бөліп, орын дайындап берген еді. Баламнан қосымша 1 500 000 теңгедей қаржы алып, саябақты салдық. Тал-теректер жерсініп кетті. Енді жуырда, яғни, 12 желтоқсан күні Хан ордасы ауылының әкімі Ғайса Махимов хабарласып, саябақтың заңсыз орналасқандығын, тал-теректердің сүріле бастайтынын айтты. Бұл хабарды естіген кезде есеңгіреп қалдым. Бір қателігіміз – құжат рәсімдемегеніміз. Жасым 70-ке таяса да, бала-шағаммен ала жаздай саябақтағы теректерді суарып жүрдім, қала берді сол саябақты салу үшін 300-ге жуық жерлесімнің ақша аударғаны зая кете ме?!» деген уәжін айтып, редакциямызға Раиса Төленғалиева есімді зейнеткер келді. Өтінішін тыңдап, бұл мәселе бойынша Хан ордасы ауылының әкімімен байланысқа шықтық.

Сурет сайт архивінен
Бөкейліктер ұсынысты бірауыздан қолдады
Бүгінде Орал қаласында тұратын Райса Шайманқызының айтуынша, Бөкей хандығының 225 жылдығы мен Жәңгір мектебінің 185 жылдығына орай туған ауылына «Түлектер саябағын» салу ұсынысын 2024 жылы наурыз айында уатсап желісіндегі «Бө-
кейліктер» чатына салған. Ұсыныс бірауыздан қолдау тапқан соң жұбайы Арсан мен ұлы Саянға арқа сүйеп, істі бастап кетеді. Кешікпей ұсынысты қолдаған жерлестерден ақша түсе бастайды. Алғашқылардың бірі болып Жәңгір мектебінің алыста жүрген түлектері Гүлбану Мырзағалиева, Фарида Оразгелдиева, Асылбек Ахметов, Нұрмұхан Қыстаубаев, Гүлсара Қабдрешова, Асылхан Қазиев, Рақыш Елеуова, Серік Иманғалиев, Ресейден Тамара Адиятуллина, т. б. қолдап, қаржы аударады және сыныптастарын ұйымдастыруға ұйытқы болады. Сол жылдың сәуір айында жиналған қаржыға қажетті материалдарды алып, Астанаға көшіп кеткен бөкейлік Асылбек Ерболатұлы жіберген аутокөлікпен Хан ордасына жеткізіп алады.
– Сол кездегі ауыл әкімі Әлібек Айтқалиев Ахмет Мәметов көшесінен жер бөліп беріп, жұмысты бастап кеттім. Саябақтың құрылыс жұмыстарын, тал-терек егуді от-
басыммен атқардым. Бір аптадай саябақты қоршау жұмыстарын жүргіздік. 20 метр тереңдікте құдық қазып, сә-уір айының соңғы аптасында теректерді отырғыздық. Күн жылып, тал-терекке су құюда ауыл әкімдігі көмекке «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша еңбек етіп жүрген екі студентті берді. Сөйтіп, 2024 жыл да артта қалды. Былтыр саябаққа қосымша теректер отырғызылды. Мен отырғызған 100 түп павловния ауылға өте қажет терек. Лас ауаны тазалап, құрылысқа таптырмайтын ағаш. Алты-жеті жылда биіктігі 15-20 метрге дейін өседі. Жас өскін бұтақтарын отырғызса, олар қайта өсіп шығады.
Саябақ екінші қыстан кейін жаңа түрге енетін. Биыл 13 қаңтар күні «Апа, сіздер салған саябақты бұзып жатыр» деген хабар алғанда жүрегім ауырып кетті. 600 шақырым жерден қалай жетейін?! Егер барсам, яғни, сол мезетте жандарында болсам, трактордың алдында ақ жаулығымды жайып болса да жатар едім.
Мен бұл базынамды біреуді жамандап, өзіме ұпай жинау үшін айтып отырғаным жоқ. Жетпіске келгенде маған ондай абыройдың да керегі жоқ. Жалпы Хан ордасында үш саябақ бар. Үшеуінің де заңды құжаты жоқ. Саябақ салу еріккеннің ісі емес, қаншама ауыл тұрғындарының, мектеп түлектерінің ауылға деген сыйы еді. Сол көшеге жол төселеді деп егілген 130 түп тал-теректі кесіп тастамай, көше жолдарының жоспарын сәл өзгертсе болады ғой. Бұл біздің ауылға сый жасайық деген ниетімізден туған игі ісіміз еді. Ала жаздай күннің аптап ыстығында немерелеріммен теректерді суарып жүргенімізді Хан ордасы ауылының тұрғындары көрді. Тал-теректі балаларымнан артық күттім десем, артық айтпағаным болар. Өйткені, бұл саябақта 300 адамның аманаты жатыр.
«Балаларым, табиғатқа қиянат жасамаңыздаршы!» деп жан айқайымды жеткізгім келеді, – деді кейіпкеріміз.
Саябақтың ені неге қысқартылды?
Осы сауал төңірегінде Бөкей ордасы ауданына қарасты Хан ордасы ауылының әкімі Ғайса Махимовқа хабарласып, мән-жайды анықтадық.
– Хан ордасы ауылының бас жоспары 2021 жылы жасалды. Бұл үшін облыстық қазынадан қаржы бөлінді. Хат иесі Райса Төленғалиева айтып отырған Ахмет Мәметов көшесінде орналасқан саябақ бас жоспарда көрсетілмеген. Жоспар бойынша ол жерде көшенің ортасынан тек қана тасжол салынуы тиіс болатын. Былтыр облыстан Хан ордасы ауылының бес көшесіне асфальт төсеуге қаржы бөлініп, төрт көшеге төселді. Бесінші көше ретінде А. Мәметов көшесі таңдалып, тасжол сонда салынуы қажет еді. Мердігер компания өкілдері А. Мәметов көшесіне асфальт төсеуге заңсыз салынған саябақтың кедергі жасап тұрғанын және оларды құжаттарында жолдан басқа нысан көрсетілмегенін айтты. Сондықтан Бөкей ордасы аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөліміне, жер қатынастар бөліміне жағдайды баяндап, ресми хат жолдадым. Аталмыш бөлімдер А. Мәметов көшесінде бас жоспар бойынша саябақтың көрсетілмегенін қаперімізге салды. Орда орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің өкілдерімен ақылдаса келе, саябақтың оң жақ бетін, яғни, енін қысқартуға шешім алдық. Содан соң Орда орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің қызметкерлері кедергі жасап тұрған тал-теректерді өздері қазып алып, сол саябақтағы қоршау ішіне көшірді. Біз енін жеті метрдей қысқартып, қайтадан қоршауын орнына қойдық. Яғни Райса Шайманқызы айтып тұрған саябақтың ені қысқарғанмен, ішіндегі теректер кері сол саябақтың ішіндегі бос аумақтарға отырғызды. Қысқарту себебіміз – халықтың сұранысы бойынша сол жерлерге жол салынуы тиіс. Бөкейлік бауырларымыздың еңбегі зая кетпесін деген ниетпен жол саябақтың шетінен өтетіндей етіп өзгеріс енгіздік. Ауа райының күрт суытуына байланысты А. Мәметов көшесіндегі жұмыс тоқтатылып, биыл жалғастырылатын болады. Саябақ аумағы енді қысқартылмайды.
Айта кетсек, Хан ордасы ауылына кіреберісте мектеп түлектерінің тағы бір саябағы бар. Бұл саябаққа да тал-теректер отырғызылып, аумағы қоршалған, абаттандыру жұмыстары жүргізілген, – деді ауыл әкімі Ғайса Темірболатұлы.
Орда орман шаруашылығы мекемесінің басшысы Артур Ғазезовпен де байланысқа шығып, саябақ аумағынан көшірілген көшеттердің жағдайын білдік. Артур Оқасұлы қысқартылған аумақтан 50 шақты мақтаншақ терек сол саябақтың ішіне отырғызылғанын айтты. Топырағымен қазылып алынған тал-теректер қыс басталған соң «ұйқыда» болған. Яғни, оларды көшірген кезде зиян келмеген.
Гүлсезім Бияшева,
«Орал өңірі»