27.01.2026, 17:00
Оқылды: 17

Жәнібек ауданында агросаланы дамыту бойынша кешенді жұмыстар жүзеге асуда

 

Жәнібек ауданында мал қыстағының өту барысы, азық қорының қалыптасуы, ірі шаруа қожалықтарының жұмысы және жаңа өндірістік жобалардың іске асырылуы тұрақты бақылауда. Осы мақсатта ауданымызға жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин келіп, агроөнеркәсіп кешенінің негізгі бағыттары бойынша бірқатар нысандарды аралап, саланың қазіргі жағдайымен танысты.

617386900_1525211739608495_2758052969754587187_n

Аудан әкімдігінде өткен штаб отырысында 2025–2026 жылдардағы мал қыстағының өту барысы қаралды. Жиынды басқарма басшысы жүргізіп, аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов аудан аумағында мал қыстату жұмыстарының ұйымдастырылуы туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, ауданда агроөнеркәсіптік кешен саласында 422 ауыл шаруашылығы құрылымы жұмыс істейді. 2026 жылғы 22 қаңтардағы жағдай бойынша қолда бар мал азығы 122 786 тоннаны немесе қажеттіліктің 74 пайызын құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы құрылымдарында – 92 232 тонна, жеке тұрғындарда – 30 554 тонна мал азығы бар.

616387386_1525401336256202_696634230632153225_n

Ауылдық округтерде арнайы жұмыс топтары құрылып, барлық елді мекендер мен дала қыстақтары тұрақты бақылауға алынған. Ауыл әкімдерінің мәліметіне сәйкес, қыстақтардағы жем-шөп қоры жеткілікті, ал мал басын сақтау және өнім көлемін төмендетпеу басты міндет ретінде белгіленген. Жасұлан Халиуллин шаруашылықтарды аралап, нақты жағдаймен жеке танысатынын айтып, шөп пен жем тасымалдау жұмыстарын тоқтатпау қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, ауыл әкімдеріне жеке тұрғындардың мал азығы қорына ерекше назар аударып, жеткіліксіз қожалықтарға қажетті көмекті уақтылы ұйымдастыруды тапсырды. Жиын соңында басқарма басшысы бастаған жұмыс тобы аудан аумағындағы бірқатар шаруашылықтарды аралауға шықты.

618486128_1525434259586243_1163832909821938308_n

Сапар аясында облыстық басқарма басшысы аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Бекбауұлы мен бірге өңірде жүзеге асырылып жатқан маңызды инвестициялық жобалардың бірі – «EcoClub» ЖШС-нің өндірістік нысанын аралады. Аталған жоба ауыл шаруашылығы жануарларына арналған жоғары ақуызды, сапалы протеинді жем өндіруге бағытталған. Жалпы аумағы 4,2 гектарды құрайтын өндіріс орны қазіргі уақытта іске қосуға дайындық кезеңінде. Жоба толық іске қосылғаннан кейін кәсіпорын айына 200 тонна дайын өнім өндіруді жоспарлап отыр. Жобаның жалпы инвестициялық құны 630 миллион теңгені құрайды. Іске қосылған соң 3 тұрақты жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылады. Өндіріс заманауи технологиялармен жабдықталып, барлық экологиялық талаптарға толық сәйкес ұйымдастырылады. Бұл жоба өңірлік агроөнеркәсіп кешенін дамытуға тың серпін беріп, мал шаруашылығындағы өнімділікті арттыруға, сондай-ақ импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Басқарма басшысы жобаның іске қосылу барысына оң баға беріп, мұндай тиімді өндірістерге мемлекеттік қолдаудың алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.

617466870_1525401496256186_4158847151613824605_n

Ірі шаруа қожалықтарының жұмысы да назарда. Жасұлан Жолдыбайұлы Ұзынкөл және Күйгенкөл ауылдық округтеріндегі бірқатар ірі шаруашылықтарды аралап, олардың тыныс-тіршілігімен танысты. Атап айтқанда, «Мадияр», «Мөлдір», «Азиза», «Тұрарбек», «Степное», «Өрнек», «Отарғали», «Сақыш», «Саясат» қожалықтары ірі қара, қой және жылқы шаруашылығын қатар дамытып, заманауи технологияларды тиімді қолдану арқылы өндіріс көлемін арттыруда. Бұл қожалықтарда тұрақты жұмыс орындары құрылып, асыл тұқымды мал басын көбейту бағытында жүйелі әрі жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Қысқы кезеңге мал азығы қоры толық қамтамасыз етілгені хабарланды.

Аудан аумағында барлығы 124 дала қыстағы бар. Қазіргі таңда олардың 81-і электр жарығымен қамтамасыз етілген. Барлық қыстақтарда телефон байланысы мен жол қатынасы бар, бұл мал шаруашылығын тиімді бақылауға мүмкіндік береді. Ауылдық округ әкімдіктерінің мәліметіне сәйкес, барлық қыстақтарда жем-шөп қоры жеткілікті, мал басын кеміту немесе өнім көлемін азайту мәселелері тұрақты назарда.

Мал азығының жүйелі түрде қамтамасыз етілуі де маңызды бағыттардың бірі болып отыр. Жасұлан Жолдыбайұлы жұмыс сапары барысында кәсіпкер Арман Исқақовтың мал азығын дайындау және жеткізу ісімен танысты. Кәсіпкер шаруа қожалықтары мен жеке қосалқы шаруашылықтарды мал азығымен тұрақты қамтамасыз етіп келеді. Өткен жылы көршілес Ресей Федерациясынан 450 тонна мал азығы сатып алынып, ол халыққа бір тоннасы 105–115 мың теңге аралығында қолжетімді бағамен ұсынылды. Сондай-ақ шалғай ауылдық округтерге мал азығы жеткізуге ерекше назар аударылған: Жақсыбайға – 52 тонна, Таловқа – 50 тонна, Борсыға – 67 тонна мал азығы жеткізіліп, қажеттілік толық қамтамасыз етілді.

616124688_1525507456245590_1960812758800692579_n

Қазіргі таңда кәсіпкер қосымша мал азығын тасымалдауды жалғастырып, ауданның мал шаруашылығы саласының тұрақты дамуына нақты үлес қосуда. Осылайша, аудандағы мал қыстағының өту барысы, азық қорын қалыптастыру, ірі шаруа қожалықтарының қызметі және жаңа өндірістік жобалардың іске асырылуы кешенді түрде қамтамасыз етіліп отыр, – деді облыстық басқарма басшысы.

Бану Самат,

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале