
«Сәулет» мектеп-лицейінде Дүниежүзілік сайлау күніне орай Жас сайлаушылар клубының ұйымдастыруымен, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының қолдауымен, Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Самат Хасановтың демеушілігімен «Азамат сөзі» атты пікірталас сайысы өтті. Жастардың азаматтық белсенділігін арттыру, құқықтық сауаттылығын көтеру, сыни ойлау мен еркін пікір білдіру мәдениетін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған интеллектуалдық додаға құрамы екі адамнана тұратын төрт команда қатысып, өнер көрсетті.

Дебат сайысы үш кезеңнен тұрды. Қатысушы командалар жеребе тарту арқылы өзара сайысқа түсті. Сонымен қатар, жеребе арқылы қай команданың үкімет, қай команданың оппозиция болатыны анықталды. Қатысушылар алдын ала берілген тақырыптар мен сұрақтар бойынша дайындалып келген.
Сайыс барысында үкімет тарапы өз ұстанымын дәлелдеп, ұсыныстарын нақты фактілермен қорғауға тырысты. Ал оппозиция тарапы қарсы пікір білдіріп, үкімет ұсынған аргументтерге сын айтып, өз көзқарасын дәлелдеді. Командалардың ой ұшқырлығы, дәлелдердің нақтылығы мен шешендік шеберлігі басты назарда болды.
Пікірталас барысында қатысушылар сайлау жүйесінің маңызы, демократиялық құндылықтар, азаматтық жауапкершілік және жастардың қоғамдағы рөлі тақырыптарында өз ойларын ортаға салды. Командалар өз көзқарастарын дәлелдеп, шешендік қабілеттері мен аналитикалық ойлау деңгейін көрсетті. Төрешілер алқасы командалардың қорғау деңгейіне, аргументтерінің жүйелілігіне және қарсы тараптың пікіріне жауап беру шеберлігіне байланысты ұпайлар қойды. Ұпай саны жоғары болған командалар келесі кезеңге жолдама алды.
Нәтижесінде финалға «Мереке» командасы мен «Шежін» командасы жолдама алып өзара мықтыны анықтауға тырысса, үшінші орын үшін «Сәулет МЛ» командасы мен «Атамекен» командасы таласты.
Пікірсайыс қорытындысында төрешілер шешімімен «Шежін» командасы жеңімпаз атанып, жеңіс тұғырынан көрінді. Екінші орынды «Мереке» командасы иеленді. Үшінші орынды «Сәулет МЛ» командасы місе тұтты. Сонымен қатар, пікірсайыс алаңында үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар арнайы аталымдарға ие болды. Атап кетсек, Айназ Артурқызы «Үздік аналитик» , Гүлбақыт Бекболатова «Үздік спикер» аталымына ие болды. Ал пікірсайсытың «Үздік төрешісі» болып Жақсат Бөлекбаев танылды.
Пікірсайыстың жабылу салтанатында барлық қатысушыларға алғыс білдіріліп, үздіктер ұйымдастырушылар тарапынан алғыс хат пен бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Болатбек Сапарғалиев
"Жайық Пресс"