28.01.2026, 22:00
Оқылды: 6

Қаратөбеде Серік Абдрахмановтың шығармашылық кеші өтті

Кеше «Бабалар сазын сақтаған» деген атаумен аудандық мәдениет үйінде жерлесіміз, ҚР Мәдениет саласының үздігі, дәстүрлі әнші, Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті, Қаратөбе ауданының құрметті азаматы Серік Абдрахмановтың 60 жасқа толуына орай мерейтойлық шығармашылық кеші өтті.

Серік Абдрахманов (4)

Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық академиялық филармониясы ұйымдастырған аталмыш мерейтойлық шығармашылық кеште ең әуелі мерейтой иегері Серік Сәбитұлы құрметпен сахнаға шақырылды.
Серік Сәбитұлы қолына домбырасын алып, сахнада туған жері туралы жырлап, өзін танысытырып, шығармашылық кешіне қатысушылар алдында Сал Мұхиттың «Кіші айдайын», ұстазы Ғ.Құрманғалиевтің «Сүйген жар», «Досыма» және халық әндері «Бозбала», «Ойланшы өзің» әндерін орындап, залдағы жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді.
Іс-шараны жүргізуші Кеңесары Болғанбаев мерейтой иесі Серік Сәбитұлына туған жер, өнер жолы, өнерге қанат қаққан алғашқы сәттерде домбыраны қолға алып алғаш ән салған кездері туралы, өнер жолында ерекше орын алған ұстазы Ғарифолла Құрманғалиевтің ықпалы туралы әңгімелеп беруін сұрап, сөз кезегін меретой иесі Серік Сәбитұлына ұсынды.

Серік Абдрахманов (2)
Серіктің әкесі Сәбит аға өз заманында әнші болды. Серік әкесіне еліктеп өнер жолына түскенін, домбыра тартып, ән салуды бала кезінен қолға алғанын, ұстазы Ғарекеңнің өнер жолына бағыттап, баулыған сәттері туралы әңгімелеп берді.
Серік ініміз бізге жақсы таныс. Бір көшеде тұрдық. Серік мектепте оқып жүрген кезінен домбыра тартып, ән салумен айналысты. Жастайынан өнерге деген құштарлығы Серікті осындай өнер биігіне жеткізді.

Серік Абдрахманов (1)
Шығармашылық кеште Серіктің өнер жолындағы ағалары дәстүрлі ән өнерінің белді өкілі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Сағадат Рахметжанов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Дөнеділ Қажымов, ҚР мәдениет саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері Қайрат Кәкімов, ҚР Мәдениет саласының үздігі Фархат Оразов, Серік Сәбитұлының шәкірті Бейбіт Қажығалиевтер мерейтой иесін 60 жасымен құттықтап, оның өнер жолындағы жетістіктері, еңбекқорлығы тағы да басқа ерекше қасиеттері туралы әңгімелеп, мерейтой иесінің құрметіне жерлес ағасы Сағадат Рахметжанов Таңжарбайдың әні «Бағиланы», Донеділ Қажымов «Мұхит ата тойында», Қайрат Кәкімов «Үлкен айдай», Фархат Оразов «Сартайдың термесін», шәкірті Бейбіт Қажығалиев «Аманғалидың әнін» орындады.

Серік Абдрахманов (7)

Сөз кезегін алған аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы Серік Сәбитұлының иығына шапан жауып, қаратөбеліктер атынан ат мінгізді.
– Қадырменді ағайын, ардақты қаратөбеліктер және бүгінгі шығармашылық кештің қонақтары «Бабалар сазын сақтаған» - атты кеш Серік ағаның 60 жылдық белесін атап өту ғана емес, ұлттық өнерге адалдықтың, дәстүрлі ән тарихына үңілу кеші болды.
Қасиетті Қаратөбеден көптеген өнер иелері шықты. Біз солардың бірі, өнер биігінен көрінген Серік ағамен мақтанамыз. Аға туған күніңіз, мерейлі 60 жасыңыз құтты болсын!.
«Алпыс тал түс» демекші алдағы уақытта да алар асуларыңыз көп болсын, - деген тілегін жеткізді аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы.
– Құрметті жерлестер, бүгінгі облыстық академиялық филармония ұйымдастырған мерейтойлық шығармашылық кешімнің өз деңгейінде өтуіне үлкен қолдау көрсеткен аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлына, барша жерлестеріме, әріптестеріме ризашылығымды білдіремін, - деді мерейтой иесі Серік Сәбитұлы.

Серік Абдрахманов 1
Сонымен қатар Қадыржан Орынбасарұлы көршілес Сырым ауданының тумасы, Сал Мұхит пен жезтаңдай әнші Ғарифолланың әндерін насихаттаушы Қайрат Кәкімовты марапаттады.
Шығармашылық кеш барысында мектепті бірге бітірген кластары мен құрдастары атынан Аққу Оңғарқызы құттықтау сөз сөйлеп, Серіктің алдағы өміріне, өнер жолындағы шығармашылық жұмыстарына сәттілік тіледі.

Ерболат Райсов
Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале