29.01.2026, 11:00
Оқылды: 65

Шырқа, Қайрат! 

Сырым аудандық мәдениет үйінде  «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі, жерлесіміз  Қайрат Кәкімовтың мерейлі 50 жасқа толуына арналған «Дәстүрлі ән мұрагері» атты  шығармашылық ән кеші көрермендердің зор ықыласымен ерекшеленді. 

PHOTO-2026-01-28-09-51-40

Домбыраның думанды көшін Жымпитыға Ғ. Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық академиялық филармониясы алып келгенін айта кетейік.

Сонымен, бүгінгі кештің басты кейіпкері Қайрат Кәкімов кім еді? Шара неге «Дәстүрлі ән мұрагері» деп аталған?!

PHOTO-2026-01-28-09-51-38

Қайрат Сайлауұлын Жымпиты ауылына іргелес қоныстанған Өлеңті ауылының тумасы екендігін бесіктегі сәби мен еңкейген қарияға дейін біледі десек асыра айтқандық болмас.

PHOTO-2026-01-28-09-51-41

Қайрекеңнің өзі айтқандай  өнер жас буынға әкенің қаны, ананың сүтімен дариды деген қанатты сөзін ескерсек, марқұм әкесі Сайлау, анасы Айман да өнер десе жанып тұратын, халық әндерін, қара өлеңдерді ортада жандыра, от бере айтатын өнер иелері болғандығына жерлестері куә, біз де куә.

PHOTO-2026-01-28-09-51-41 (1)

Міне, қырда өсіп, қарапайым ғана ауыл мектебінің қабырғасынан білім алған Қайрат Кәкімов те өсе келе өнерге іңкәр болды.

PHOTO-2026-01-28-09-51-42

Ауылдас інісі, кешті жүргізген ақын Бауыржан айтқандай:

- Қайратқа ән үйреткен - аттың шабысы, Өлеңтідей өзеннің ағысы. Ол сұлулықты түсіндірген анасының көрпесінің құрағы еді, ал әкесі - далаға құмар еді. Әнді таңдардан тыңдап, әңгімені шалдардан тыңдап Қайрат әнші болды!

Иә, әкенің әні мен ананың әлдиі оған музыканың ұлы шыңын көрсетті. Даланың тілі - қазақтың қасиетті қара домбырасын қолына алып, шырқады. Ән бекзадасы Амангелді Ғұбайдуллинді өзіне пір тұтты,  өнер жолына батыл қадаммен ұмтылды.

PHOTO-2026-01-28-09-51-43

Қайрат Кәкімов 2018 жылы  Х. Досмұхамедов  атындағы Атырау мемлекеттік университетінің  «Дәстүрлі  музыка өнері» бөлімін бітіріп, маман иесі атанды.

Шіркін, өнер жолына түбегейлі бет бұрған Сайлаудың Қайратының жоталы биіктерден көрінген бел-белестері де жетіп артылады.

ҚР халық әртісі  Ғарифолла  Құрманғалиевті  еске алуға арналған  әншілер байқауы,  «Жас қанат» жастар шығармашылық облыстық байқауынан басталған жұлдызды жол Құрманғазы Сағырбайұлының 175 жылдық  мерейтойы мен Астанадағы республикалық «Шабыт» фестивалімен үндесті.

PHOTO-2026-01-28-09-51-42 (1)

Тіпті, Түркия елінің Стамбул қаласының бас консулы Арслан Дандыбаевтың шақыртуымен өнер сапарында болуы, Венгрия (Будапешт), Сербия (Белград), Франция (Париж) елдерінде болып, Еуропа сахнасында ән салуы Қайрекеңнің өнерге деген бағасы мен құрметін білдірсе керек.

Міне, осындай өнерге ғұмырын арнаған Қайрат Кәкімов үкімет тарапынан да лайықты бағасын алды.

Оның өңірінде «Құрмет» ордені мен ҚР «Мәдениет саласының үздігі» белгісі жарқырайды, ал басқалай лауреаттық атақ, диплом, сый-сияпаттар  өз алдына бөлек әңгіме.

Дәстүрлі ән өнерін  насихаттаушы Қайрат Кәкімов «Qazaqstan» телеарнасының «Жетісаз», «Ауыл сазы», «Саз толғау» телебағдарламасы мен  Республика сарайында өткен  «Інжу – Маржан», «Алтын домбыра»  атты  әншілер  фестивалінің  арнайы қонағы болды.

Өмір белестерінен өтіп, өнер биігіне шыққан Қайрат Кәкімовтың  туған даласына келіп, «Дәстүрлі ән  мұрагері» атты ән  кешін өткізуінің өзі заңды секілді.

Кеште «Атамекен» фольклорлық  ансамблінің сүйемелдеуімен (жетекшісі ҚР мәдениет саласының үздігі Тимур Меңдіғалиев) өнер иелерінің орындауында бірнеше шығармалар орындалды.

Ал, аты да айтып тұрғандай бұл шығармашылық кеште Мұхиттай бабадан қалған  сырлы мақамды, Ғарифолладай дүлдүлден  қалған өршіл сарынды бүгінгі күннің бедерінде насихаттап жүрген дүлдүл әнші Қайрат Кәкімов қазақтың қасиетті домбырасымен әуезді әндерді төкпелетті ғой, шіркін!

Халық Қайратың сағынудай-ақ сағынып қалыпты, ұзақ ду қол шапалақтау соны аңғартса керек.

Мерейтой иесінің үзеңгілес  шәкірттері Фархат  Оразов, Кенесары Болғанбай да сахнаға көтеріліп, өнер иесіне қолдау білдіре әннен шашу шашты.

Ал, Қайраттың жолын қуған қызы Бақтоты Кәкімова да сандуғаштай үнімен көрермендердің ыстық ықыласына  бөленді.

Кеш барысында «Құрмет» орденінің иегері, ҚР мәдениет саласының үздігі, Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының әртісі Мұсағали Бектенов сахнаға көтеріліп өнердегі әріптесі Қанат Кәкімовке ақжарма тілегін айтып, сөз сөйледі

Ал, аудан әкімінің орынбасары  Қайрат Төлепов  мерейлі жас иесі, жерлесіміз, ән өнерінің жұлдызын аудан жұртшылығы атынан құттықтап,  аудан әкімі Жұмагелді Батырниязовтың  атынан жазылған құттықтау хатты оқып, иығына шапан жапты

Сондай-ақ, әнші Қайратқа ауданы сәйгүлік мінгізді.

Батыс ән мектебінің антологиясын құрастырған, ескі әндерді тауып, тірілткен, “Ән дария” жобасы аясында қазақ даласындағы дербес бес ән мектебін бір сахнада тоғыстырып, репертуарларды байытқан қайраткер Қайраттың өнер зерттеуші ретінде танылар кезі әлі алда деп сендік.

PHOTO-2026-01-28-09-51-42 (2)

Жымпитыдағы кеште  Қаратөбе ауданының Құрметті азаматы, өнер зерттеушісі, әнші - термеші, биыл ғана мерейлі 60 жастың төріне шығып отырған әнші, термеші  ілтипат көрсетіліп, аудан әкімі атынан құттықтау хат табыс етіліп, иығына шапан жабылды

 

Мүсірбек Айташев, 

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале