Орал қаласының тергеу соты Батыс Қазақстан облысы бойынша есірткіге қарсы күрес басқармасының бұрынғы басшысы Андрей Хлевинге қатысты екі ай мерзімге қамауға алу жөнінде санкция берді. Оған ҚР Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылып, яғни 297-баптың 1-бөлімі «Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды немесе олардың аналогтарын заңсыз сатып алу, сақтау, өткізу мақсатында тасымалдау, жөнелту не өткізу» және 214-баптың 2-бөлімі, 2-тармағы «Заңсыз кәсіпкерлік» бойынша тергелуде.

Өзге ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтерге сүйенсек, А. Хлевин өз үйінде ұсталған, оның жанынан 0,8 грамм морфин табылған. Бұл есірткі заттардың ірі мөлшері болып саналады. Айып тек Хлевинге ғана тағылған жоқ. Аталмыш іс бойынша бірнеше адам тергелуде. Олардың ішінде есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің бұрынғы басшысы да бар. Осы сұрақты нақтылау мақсатында облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне хабарласқанымызда төмендегідей жауап алдық.
«Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды».
zhaikpress.kz