Ветеринария саласындағы заңнамаға сәйкес ауыл шаруашылығы жануарларын сою және олардан алынатын өнімдерді қайта өңдеу ветеринариялық-санитариялық қағидалар мен ветеринариялық-санитариялық сараптама талаптарына қатаң сәйкес жүргізілуі тиіс. 2026 жылдан бастап мал өнімдерін өткізуге қатысты талаптар күшейтілді. Облыста «Vet Monitoring» модулінің цифрлық процестері пилоттық жоба аясында сынақтан өтуде.

Жақында аумақтық инспекция мамандары облыстық кәсіпкерлер палатасында өткен жиында ветеринария саласын цифрландыру, ақпараттық жүйелерді енгізу және оларды міндетті түрде пайдалану мәселелеріне түсінік берді. Жануарларды цифрлық платформаларда тіркеу және «ИСЖ», «ВетЛаб», «Төрт-түлік» және басқа да ақпараттық жүйелердің модульдерін қызметке пайдалану жағы да айтылды.
– Ережеде жануарларды сояр алдында міндетті ветеринариялық тексеру жүргізу, ауру немесе ауруға күдікті малды қабылдауға және союға тыйым салу қарастырылған. Сондай-ақ союдан кейін ұшалары мен ішкі ағзаларға ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргізу арқылы олардың тағамдық мақсатқа жарамдылығын растау талабы қойылады. Осылайша, ветеринария жануарлардың эпизоотиялық саулығын қамтамасыз етуде, халық денсаулығын қорғауда және ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын қолдауда маңызды рөл атқарады, – деді ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті БҚО аумақтық инспекциясының басшысы Марат Отаралиев.
2023 жылғы 1 шілдеден бастап Батыс Қазақстан облысында Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің бұйрығына сәйкес «Еттің ветеринариялық-санитариялық сараптамасы» модулі іске қосылды. Бұл модуль ветеринариялық дәрігерлер бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан «ВетЛаб» жүйесіне қосымша элемент ретінде енгізілді. 2025 жылғы 3 қарашадан бастап Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің бұйрығына сәйкес республика аумағында қоғамдық тамақтану және тұтыну нысандарын «Еттің ветеринариялық-санитариялық сараптамасы» модуліне қосу бойынша пилоттық жоба іске қосылды (сауда үйлері, супер және минимаркеттер, ет дүкендері, білім беру және жабық мекемелер, қоғамдық тамақтану объектілері, өңдеу цехтары және т. б.).
Аталған жоба «ВетЛаб» жүйесіне ілеспе құжатты (ветеринариялық анықтаманы) енгізу қажет.
«Vet Monitoring» модулі бұл жануардың өмірлік цик-лін шаруашылықтан бастап сөреге дейінгі кезеңіндегі үр-дістерді бір ақпараттық жүйе аясында қадағалауды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ ондай ақпаратта көрсету үшін QR-кодты пайдаланады. «Vet Monitoring» модулінде ұсынылған процестер ашықтықты қамтамасыз етеді, рәсімдер санын едәуір қысқартады, ветеринариялық тексеру мен сараптама жүргізілмейтін мал союдың алдын алады. Сондай-ақ мал басының толық әрі нақты есебін жүргізіп, оларды цифрлық бақылауға мүмкіндік береді.
Қазіргі кезде өңірде төрт ет өңдеу кәсіпорны, 19 сою пункті және 13 мал сою алаңы жұмыс жасайды. Барлығы 36 мал сою нысаны «Еттің ветеринариялық-санитариялық сараптамасы» модулі негізінде жұмыс жүргізуде. Жоба аясында бүгінгі күнге дейін модуль арқылы 263 420 бас ауыл шаруашылығы жануары (ірі қара – 56 260, қой мен ешкі – 181 095, жылқы – 8585, шошқа – 17 480 бас) сойылды. 263 420 дана ветеринариялық-санитариялық сараптама актісі беріліп, 29 006 дана №2 нысандағы ветеринариялық анықтама рәсімделді. Сонымен қатар ішкі сауда нысандарына, сауда үйлерінде, супер және шағын маркеттерде, ет дүкендерінде, білім беру және жабық мекемелерде, қоғамдық тамақтану нысандарында, өңдеу цехтарында ет өнімдерін өткізу қадағаланды.
Қоғамдық тамақтану және тұтыну нысанының жауапты қызметкері визуалды және құжаттық бақылаудан кейін модульде ветеринариялық анықтаманы қабылдап, етті сатуға жібереді. Осылайша ветеринариялық анықтама расталады. Сөреге QR-коды бар парақ орналастырылады, оны сканерлеу арқылы жануар туралы толық ақпарат алуға болады.
Гүлбаршын Әжігереева,
«Орал өңірі»